Әмір Исмағұлов: «Үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді...»

24 мамыр 2013 00:44 3058 рет қаралды

Американдық Американдық "Панорама" газетінде (Лос-Анджелес) жарық көрген мақаланың скриншоты.
Қазақстандық кәсіпкер әрі қоғам қайраткері Әмір Исмағұловтың Бостонда тұрып жатқанына екі аптадан асты. Отанындағы жұмысы мен отбасын тастап, ол өзінің жерлесі, бірге оқитын досы Диас Қадырбаевпен бірге қамауда отырған ұлын – студент Азамат Тәжаяқовты қолдау үшін келген болатын. Екеуін де Бостондағы марафонда болған жарылыстарды ұйымдастырды деп күдіктелген ағайынды Царнаевтар ісін тергеуге кедергі келтіруге әрекеттенді деп айыптап отыр. Әмір Исмағұлов ұлы Азамат Тәжаяқовтың террористке көмектесу ойында да болмағанына сенімді. 

Өткен жексенбіде «Панорама» тілшісі Әмір Исмағұловпен кездескен еді.

- Әмір, сіздің ұлыңызда неге басқа фамилия?

- Менің әкеме деген құрмет ретінде, жанұямыздағы тұңғышымыздың фамилиясын атасы Тәжаяқтың есімімен қойдық. Қазақтың салты осындай. Азаматтан бөлек менің екі ұл, бір қызым бар - Абылайхан, Альмерек және Альмира, олардың фамилиясы Исмағұловтар. Сол секілді, Азаматтың бірінші ұлының фамилиясы Әміров болады.

Ақыры біз салт-дәстүр мәселесін қозғаған екенбіз, қазақ жанұяларында балалар тәрбиесі тек әке мен анаға деген сыйластыққа ғана құрылмайды. Үлкендерді қастерлеп, айналасындағы барлық адамдарға сыйластықпен және шынайы жылы қарым-қатынаста болуға шақыратын халықтық әдет-ғұрыптарды бойларына сіңіруге үйретеді. Азамат та солай тәрбиеленген. Ол ашық та сәл ұяңдау жігіт. Қазір Кембриджде оқып жатқан кіші ұлым Абылайхан оны «анасының баласы» деп атайтыны бекер емес.

- Азамат АҚШ-қа қалай келді?

- Бұл жерде негізінен менің еңбегім немесе кінәм бе, тіпті қалай дейтінімді білмеймін. Бала кішкентай күнінен Американы жақсы көрді және сонда болсам деп армандайтын. Астанадағы халықаралық мектепті сәтті аяқтағанда, мен құжаттарды Дартмуттағы Массачусетс университетіне тапсыруына кеңес бердім. Шынымды айтсам, мен оны Массачусетстегі технологиялық институтпен шатастырып алдым, ол мұнай өңдеу саласындағы инженер болады деп ойладым. Оны қабылдады. Жаңсақтық оқиға анықталғанда, біз Дартмутта базалық білім алған соң, ол Техастағы Остинге қажетті мамандықты меңгеруге барады деп шештік.

- Ал неге мұнай өңдеу саласын таңдадыңыз?

- Қазақстанда менің мұнай кен орным бар. Мұнай өндіріп, сатамын. Ұлдарымның менің ісіме мұрагер болуларын қаладым. Олардың өздерінің де бұған үлкен қызығушылықтары байқалады. Сондықтан ұлым американдық университетке қабылданғанын білгенде өзін шексіз бақытты сезінді. 

- Ұлыңыз туралы айтып беріңізші, ол қалай өсті, немен айналысты?

- Азамат  - өте зиялы жігіт. Салмақты, кеңпейіл. Өмірінде ешкімді ешуақытта ренжіткен емес. Мектепте өте жақсы оқыды. Қазақстанда да, мұнда да футболды керемет ойнады. Мұнда ол туралы курстастары да, ұстаздары да жақсы қырынан айтады. Бір жасар кіші қарындасын өте жақсы көреді. Оны «Скайп» арқылы көріп, қалай өсіп жатқанын білу үшін күн сайын үйге қоңырау шалатын.

- Сіз әрине, Бостондағы жарылыстар туралы естігенде қатты уайымдадыңыз ғой…

- Иә, мен оған қоңырпау шалып, бәрі дұрыс па, марафонда болған жоқ па едің деп сұрадым. Ол бәрі жақсы, мен Дартмуттан ешқайда шыққан жоқпын деп жауап берді. Ал бұл Бостоннан 70 шақырым жерде орналасқан. Ол кезде мен ұлымды бұл сұмдық оқиғаға қандай да бір қатысы бар деп айыптар деген үш ұйықтасам түсіме де кірмеген еді. 

Азамат бұл жарылыстардан жапа шеккен және қаза болған адамдардың қайғысына ортақтасып, кәдімгідей жаны ауырып отыр. Мен онымен түрмеде алғашқы кездескенімде, ол менен өз атынан қаза болғандардың мемориалына гүл қоюымды өтінді.

Мен айтқанын орындадым.  

- Сізге Азаматты қамауға алғанын кім хабарлады?

- Әрине, ол өзі. Ол менен ешуақытта ештеңені жасырған жоқ. 20 сәуірде түнгі сағат бірде мені: «Папа, біз ФТБ-ға орнымызда екенімізді хабарладық. Себебі достарымыздың бірі бізді агенттер іздеп жатыр деп қоңырау шалды» деген оның қоңырауы оятты.

- Басқаша айтқанда, олар ешқайда жасырынған жоқ және ФТБ-ны өздері шақырған ғой? 

- Иә, дәл солай. Бостонда бұл уақытта күндізгі сағат үш болатын. Ал бізде түнгі сағат бір еді. «Скайптың» көмегімен біз онымен бірге үш сағат ФТБ-ны күттік. Келесі күні хабарласып, жауап алып, жіберіп қойды деп қуантты. Мен басқа ештеңе күткен жоқпын. Себебі, Азамат заңға қайшы әрекет жасаған жоқ, ол жақта бәрін анықтайтынына сенімді болдым. Бірақ, бірнеше сағаттардан кейін қайта қоңырау шалып, «Енді көші-қон мәселесі бойынша қайта ұстап жатыр» деп хабарлады. 

- Азаматқа қатысты болып жатқан жағдайларды қалай қабылдадыңыз?

- Адам сенгісіз сұмдық оқиға ретінде. Тек мен, менің туған-туыстарым, достарым мен таныстарым ғана емес, менің қоғамдық және өндірістік қызметім туралы білетін Қазақстандағы барша жан осылай қабылдады. Мен Қазақстанның президенттік халықтық-демократиялық партиясының мәслихаттағы (қалалық кеңестегі) фракциясының жетекшісімін. Партия мен президент көпұлтты елде дін еріктілігіне тәрбиелеу үшін бәрін жасайды. Жыл сайын бізде дінаралық конференциялар өтіп тұрады. Онда иудейлер, православиеліктер, мұсылмандар мен басқа дін өкілдері ортақ мәселелерді талқылайды, түрлі радикалдармен күреседі. 27 сәуірде бізде Алматыда Бостон трагедиясының құрбандарына арналған дүниежүзілік ең алғашқы марафон өтті. Ал мұнда ұлым исламшылдарды жасыруға қатысы бар жандай қамауға алынды. Менің жасым 46-да, ешқашан темекі тартып көрген адам емеспін, ал осы жерде қолыма шылым алуға тура келді...

Азамат, әрине, дінді құрметтейді, бірақ тіпті Құранның бір ауыз сөзін де білмейді, қайдағы террорист? Теледидар немесе баспасөз арқылы үн қосуды өз борышымыз деп санайтын сыныптастары мен достарының ешқайсысы да бұған сенбеді және ешқашан сенбейді де. 

- Неліктен олар «terrorista №1» деген нөмірлік белгісі бар көлікпен жүрген?

- Жастықтың желігі ғой, бар болғаны сол. Бұл белгіні курстас құрбысы сыйлаған екен, ал ол ресми түрде алынған нәрсе. Осыған қатысты штат билігіндегі құзырлы өкілдерден: жалпы осындай арандатушы белгілерді неліктен береді екен деп сұрағым келеді.

-Сізде американдық виза алуға қатысты проблема болған жоқ па?

- Ешқандай. 22 сәуірде құжаттарымды тапсырдым, ал24-де виза қолыма тиді. АҚШ елшілігінде отырғандар да адамдар ғой, әке қайғысын түсініп, ұлыма қолдау көрсетіп, оған көмектескім келгенін түсінеді деп ойлаймын.

- Тергеу жорамалы бойынша, Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов достары әрі бірге оқитын замандастары Джохар Царнаевты жағымсыз жағдайдан құтқару үшін маңызды айғақтарды жоюға әрекет жасады деп айыпталуда. Егер сот осы айыппен келіссе, ұлыңызға бес жылға дейін түрме жазасы кесілуі мүмкін. Екеуіңіз де жағдайдың осылай өрбуі мүмкін екендігін ойлап көрдіңіздер ме?

- Мен Азаматпен түрмеде екі мәрте жүздесіп, сөйлестім. Ол осындай айыпты естігенде төбесінен жай түскендей болғанын айтты. Ұлым маған өтірік айтпайды, ол: «Папа, менің еш қатысым жоқ, не үшін отырғанымды, не үшін соттағысы келетінін тіптен түсінбеймін, бұл қисынсыз қателік» дегеніне мен сенемін. Оқу кезінде маған өз достары туралы жиі әңгімелейтін, оларды есімдерімен атайтын. Ал Джохар деген атты ешқашан естіген емеспін. Ұлыммен кездесу кезінде де ол Царнаевпен тек жүзтаныс қана екенін, оның анда-санда Азаматпен бір пәтерде тұратын Диас Қадырбаевқа ғана келіп кететінін, Джохарға көмектесейін деген тіпті олардың ойларында да болмағанын айтты. Әйтпесе, олар ең алдымен оның ноутбугын өртеп немесе жойып жіберулері керек еді ғой. Өйткені, ең басты әрі әшкерелеуші ақпарат соның ішінде.

Қысқасы, тек екеуміз ғана емес, бүкіл отбасымызбен сот егжей-тегжейін анықтап, кінәсіз адамды отырғызбайды деп сенеміз.

- Ал сіз Азаматқа қалай көмектеспексіз?

- Біріншіден, моралдық тұрғыда, түрмеде онымен кездесіп, оған қолдау көрсете отырып. Екіншіден, біздің елшілік ұлымның кінәсіз екендігіне сенетін және Америка жағдайында оған тиімді қорғау ұйымдастыруды білетін жақсы адвокатты табуға көмектесті. Ал үшіншіден, мен көшеде, радио мен телевидение арқылы баршасына және әр адамға ұлым туралы, өзім туралы және өз отбасым туралы шынайы, еш бүкпесіз айтып беруге дайынмын. Осындай отбасында қылмыскердің тәрбиеленуі мүмкін еместігіне адамдар сенеді деп үміттенемін. Тағы бір айтарым, мен күн сайын марафонда қаза тапқандардың мемориалына барып тұрамын. Қазақтың ырымы бойынша, олардың жаны осы жерде қырық күн бойына ұшып жүреді. Олардан сот пен тергеу ісіне қатысы барлардың бәріне шындықты: ұлымның іспен түгілі, ойында да лаңкеске көмектесейін деген ниет болмағанын жеткізуге жәрдем берсін деп өтінемін. Басқа қолымнан не келеді?

- Бостонда қанша уақыт болмақсыз?

- Ұлымды осы бәледен құтқаруға, оған қатысты жіберілген сұмдық қателікті көрсетуге қанша уақыт керек болса, сонша боламын. Оның үстіне, кешікпей ең кіші ұлым оқу жылын аяқтайды, сосын осы жерге бүкіл отбасым – жұбайым Тұрсынай мен екі кенжем жиналады. Бәлкім, Лондоннан Абылайхан да келіп қалар. Мүмкін, мен сізге аңғал болып көрінермін, бірақ Бостон халқы біздің қандай екенімізді байқап, осындай отбасының қылмыскерді тәрбиелеп өсіруі мүмкін еместігін түсінер.

- Ендеше, сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан Эдуард Говорушко, Бостон

(Келіп түскен материалды аударған - «АЖ» редакциясы)


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.