«Балаларымыз күлуге ұялмасын»

25 сәуір 2013 00:00 4454 рет қаралды

Өткен аптада Атырауғамедицина ғылымдары-ның докторы, профессор,С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дыңбалалар стоматологиясы кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Тілеумұқанқызы ЕРМҰҚАНОВА(суретте)келді. Атырау топырағында дүниеге келген ол Алматы постдипломдық (дипломнан кейінгі) оқыту стоматологиялық институтының (АПОСИ) біздің облысымыздағы балалар стоматологтарына дәрістер курсын өткізу туралы ұсынысын бірден қабыл алды.

Біз онымен ата­-аналардың неге балаларын тегін тіс дәрігерлеріне алып барғысы келмейтіндіктері туралы, қазір кең тараған балаларға түрлі түсті пломбылар салу пайдалы ма, сүт тістерді ерте суыртудың зияндылықтары жөнінде әңгімелестік, алайда біздің алғашқы сұрағымыз оның 2003-2005 жылдары Азғыр полигоны тұрғындарының денсаулығын зерттеген дәрігерлер тобы құрамында болған жұмысы туралы болды.

­ - Гүлжан Тілеумұқанқызы, зерттеулер нәтижелері қандай болды және бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын тапты ма?

­ - Профессор Болат ХАБИЖАНОВ басқарған топтың үш жылдық жұмысы ішінде мен құрамдағы жалғыз тіс дәрігері болдым. Егер балалар ауыз қуысының зарарсыз ісік ауруының жалпы орташа көрсеткіші 8%-­ды құрайтын болса, Азғырда бұл көрсеткіш жоғары ­ 13,1%. Тіс жегінің таралуы одан да жоғары - 96%. Біз тіс жегінің, бет­-жақ ісік ауруларының, ауыздың сілекей қабатының түрлі ауытқушылықтарының пайда болуына қоршаған ортаның жағымсыз факторларының әсері туралы өте қызықты деректер таптық. Алайда бұдан кейін жобаға стоматолог-дәрігер қатысқан жоқ. Содан бері бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Сондықтан да мен бұл проблеманы жазда Сеулде өтетін Балалар стоматологтарының халықаралық қауымдастығы конгресінде талқылауға саламын деп шешіп отырмын. Материалдар тезистер түрінде конгресс бағдарламасына ұсынылды және бұған қауымдастықтың әр түрлі елдердегі мүшелері қызығушылық танытты, өйткені ядролық полигондардың тақырыбы тек Қазақстанда ғана өзекті емес қой. Алайда мен конгресске тікелей қатысып, ауызша баяндама жасағым келеді, бұл мәселеге тек ғылыми ғана емес, тәжірибелік тұрғыдан да кеңірек көңіл аудартуға мұрындық болады деп ойлаймын: мәселен, әлемде халықтың, әсіресе, Азғыр секілді басқа да өңір тұрғындарының денсаулықтарын зерттеу мен емдеу бойынша жобаларға гранттар бөлуге дайын қорлар көп.

 

«ТІС ТАЗАЛАУ - ­ ҮЛКЕН ҒЫЛЫМ»

­- Біздің дәрігерлерге өткізген курстарыңызда не туралы айттыңыз?

­ - Стоматология ­ бұл медицинаның қарқынды дамып келе жатқан саласы, сондықтан да маманға бір орында қалып қоюға болмайды. Қазақстандық тіс дәрігерлері үшін инновациялық технологиялар жаңалық емес. Алайда соңғы екі жылда осы жұмыс әдістерімен қатар Қазақстан үшін тағы бір өзекті мәселе -­ балалардың стоматологиялық денсаулықтары деңгейлері проблемасы көтеріліп жүр. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін стоматологиялық емхана-лардың көп бөлігі жабылды, жекешелендірілді және үшінші тұлғаларға берілді. Халықтың қолжетімді стоматологиялық көмек алу мүмкіндіктері күрт азайды. Балалардың бақытына қарай, мемлекет оларға бұл мүмкіндікті сақтап қалды: олар туғаннан кәмелет жасқа толғанша кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек ала алады. Алайда бұл көмекті тек дәрігерге қаралсаң ғана ала аласың. Өзіміз үнемі тексеру жасап, ауруды тауып, ем жүргізетіндей тәжірибе бізде жоқ. Ал бұл жұмыс мемлекеттік деңгейде жүргізіліп, үлкен қаражаттар бөлінуі керек. Мысал келтіре кетсем, 2011 жылы стомотолог ғалымдар Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының басшыларына ғылыми жоба ұйымдастырып, осы өңірлерде етек жайған стоматологиялық проблемаларды жергілікті жерлерде зерделеуді ұсынған болатын. Бұған тек Маңғыстау облысы қолдау білдіріп, үшжылдық жобаны жүзеге асыруға, аз болса да, 5 млн теңге қаражат бөлді. Өткен жылы біздің өкілдеріміз алғашқы рет сол жерлерде халық денсаулығына зерттеулер жүргізді және біз бүгін нақты мәліметтерге иеміз. Басқа жұмыстармен қатар, біздің алдымызда стоматологиялық аурулар мен қоршаған орта жағдайлары арасында байланыс бар ма екенін анықтау міндеті тұр. Ауаның, судың, топырақ қабатының жағдайын командамыз құрамындағы гигиенашы-дәрігер анықтайды. Енді биыл Ақтауға тәжірибелік көмек көрсету үшін барамыз.

­- Көршілес облыстарымыздың проблемалары ортақ шығар?

­ - Мәселелердің ішіндегі мәселесі ­ бұл тіс жегінің кең таралуы, онымен халықтың 90%-­ы ауырады. Маңғыстау облысындағы жұмыс тәжірибеміз бізге балалардағы тіс ауруларының алдын алу және көмек көрсету моделін жасауға мүмкіндік береді. Жоба аяқталғаннан кейін біз төрт батыс облыстарының балалар стоматологтарына арналған өңірлік конференция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Айтпақшы, бұл бастама атыраулық мамандар арасында үлкен қолдауға ие болды. Барлық келеңсіздіктердің тамыры ­ балаларды 100% қамти алмайтындығымыздан екенін барлығы түсінеді.

­ - Балабақша, мектепке барар алдында міндетті түрде барлық дәрігерлерден өту керек емес пе? Балалар мекемелерінің өзінде де кәсіби тексерулер тұрақты өткізіліп тұрады...

­ - Мәселе осы тек тексеріп, анықтап қана қоятында болып тұр ғой. Алайда ата-­аналар балаларын тіс дәрігерлеріне алып бармайды! Бір тесік пе, сүт тіс қой, ертең босқа түсіп қалады деп ойлайды. Ал шын мәнінде осы уақытша тіс деп атайтын 20 сүт тіс басқа ағзалардан дербес өмір сүрмейді. Олардың жағдайлары тұрақты тістерге әсер етеді. Ал адамдар мұны түсінбейді. Бізде санитарлық насихаттау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Кеңес уақытында балаларды тіс тазалауға үйрететін. Бұл ­ - үлкен ғылым. Мен бұл туралы сіздердің дәрігерлеріңізге айтқанмын, бұған олар да күледі. Бізде, сондай­ақ, бір жасқа дейінгі балалардың тіс гигиенасы туралы айту қалыптаспаған. Таңданатын еш нәрсесі жоқ, біз балаларымызды жуындырамыз, терісіне, шашына, тырнақтарына күтім жасаймыз, бірақ тістеріне қарамаймыз? Тіс пайда болған кезден­ақ оған күтім керек.

 

СҮТ ТІСТЕРІҢІЗДІ ҚОРҒАҢЫЗДАР!

­- Егер мүмкіндік болса, ата-аналар балаларын жеке емханаларға көрсеткілері келеді, өйткені біздің түсінігімізде тегін стоматологияға бару қатты ауырту, айқай және жылау сияқты жағымсыздықтармен астарласқан. Бұдан мемлекеттік емханалардағы дәрігерлер ауыртпайтын екпелерді тек күрделі жағдайларда ғана қолданады деген ой қалыптасады және мұны кейбір мамандар да растап отыр. Бұл жағдайды қалай түсіндірер едіңіз?

- Дәрігерлердің мұндай көзқарастары дұрыс емес. Кез келген медициналық манипуляция ауыртылмай жүзеге асырылуы тиіс – бұл заманауи стоматологияның негізі. Бүгінгі күні сәбилерге арналған адреналинсіз жергілікті анестетиктер, 5 жастан жоғары балалар препараттары және т.б. жеткілікті. Айтпақшы, сіздердің емханаларыңыз (Азаттық даңғылындағы балалар стоматологиясы) біздің алматылық базаға қарағанда жергілікті анестетиктермен жақсы қамтылған. Дәстүрлі ледокаин мен заманауи анестетиктер, балаларға арналған жіңішке де қысқа инесі бар карпульді шприцтер (дәл мөлшерлеуді қамтамасыз ету үшін) бар.

- Келесі бір ерекшелік, көбіне, жеке дәрігерлерге қатысты – олар балалардың азу тістеріне жарықтық пломбыларды салуды ұнатады. Ал соңғы кездері түрлі түсті – қызыл, қызғылт және т.б. пломбылар ұсынуда және бұл қарапайым пломбыдан көп қымбат тұрады.  Алайда, медициналық әдебиеттерге жүгінсек, оларды қолдану балалар стоматологиясында өзін ақтай алмаған.

- Мен өз әріптестерімді жазғырғым келіп тұрған жоқ, алайда олардың барлығы сүт тістер тұрақты тістерге қарағанда басқаша емделетінін біле бермейді. Оларды міндетті түрде тұмшалау керек немесе басқаша айтқанда арнайы препараттармен «бітеп» тастау керек. Бұл тіс жегінің алдын алу тәсілдерінің бірі болып табылады.

Түрлі түсті пломбылау материалының құрамында міндетті түрде бояғыштар болады. Әрине, өндіруші бұл бояғышты табиғиға жақындатуға тырысады. Алайда бұған қол жеткізілгеніне кім кепілдік бере алады? Бастысы пломбы таңдағанда оның түсіне емес, пломбылау материалының белгілі бір жасқа және тісіне сәйкес келетіндігіне көңіл аудару керек.

- Мынадай бір жағдай: сүт тісті жұлдыруға тура келді. Осы тісті жұлдыру уақытында тұрақты тіс қалыптасып үлгермесе, ол мүлдем шықпай қалады деген әңгіме рас па?

- Сүт тістерді ерте жұлдыру көп қиындықтар тудырады. Кафедрада біздер осы мәселені жиі көтереміз және басқа пікірлер болуы мүмкін емес: уақытша тістерге күтім жасау керек, оларды физиологиялық ауысу кездеріне дейін сақтау керек. Екінші – көбіне ересек адамдарға тісін жұлғаннан кейін, жақ деформациясының алдын алу үшін протез немесе имплант салуды ұсынады. Балаларға мұндай процедуралар жасауға болмайды. Ойлап қараңыздар, балалардың тістері 10 жасында жаңалануы керек, ал оның тісін 5 жасында жұлып тастаған. Мұндай жағдайда ең күрделі асқынулардың бірі пайда болады: бос жерде жақ сүйектің өсуі баяулайды, деформация туындайды, қалған тістер бос жерді толтыруға тырысып, жаңа тіске шығатын орын болмай қалады. Бүгінгі күні қисық тісті, тұрақты тістер шығатын орны жоқ, жақтары дұрыс қалыптаспаған балалар өте көп. Сүт тістерін ерте жұлдыру салдарынан болған тіс сүйектерінің ауытқушылықтарын түзетуге уақыттары мен ақшаларын жоятын ортодонттардың жаңа клиенттері өсіп келе жатыр.

 

«КҮМІСТІҢ» ЕСКІРГЕНІНЕ КӨП БОЛДЫ     

- Балалардың алдыңғы тісін пломбылау өте ыңғайсыз болғандықтан, оларды күміс ерітіндісімен қаптайды. Көзге жағымсыз көрінеді. Осы «күмісті» ауыстыратын не бар?

-Бұл жаңа басталып келе жатқан тісжегілік үдерісті емдеудің ескірген әдісі, ол кеңестік мерзімде көп қолданылды. Алдыңғы тістерді пломбылау қиын, сондықтан да оны құрамында күмісі бар сұйықтықпен өңдейді. Қазіргі уақытта тіс жегі өте агрессивті болып келеді, кейбір балалардың тістері 8-10 айларында бұзыла бастайды. Егер тістің тесігі өте терең болса, оны пломбылауға тырысу керек. Егер алдыңғы тістердің бірнешеуі қатарынан тіс жегімен зақымданса, оларды рем-терапия деп аталатын әдіспен нығайту ұсынылады: тісті арнайы минералды ерітінділермен қанықтырады, ол тістің эмалін қалпына келтіреді, нәтижесінде тіс мықты бола түседі.

Мен ата-аналарға балаларының тістері ауырмаса да, тіс дәрігеріне үнемі тексертіп тұруына кеңес беремін. Кейбір жағдайларда тіс жегі жасырын дамиды, яғни тіс ауырмайды. Емдеуді ерте жүргізсеңіз, тиімдірек болады. Содан соң ауыз қуысы гигиенасын сақтау керек. Сонда ғана балаларымыз көптеген проблемалардан құтылып, әдемі күлкілерін сақтап қалады. Балаларымыз күлуге ұялмасын. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор




Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.