ҰБТ: қолыңызды тартыңыз!

21 ақпан 2013 00:00 5754 рет қаралды

Дариға Назарбаеваның мектеп түлектеріне ҰБТ немесе кешенді тестілеудің біреуін таңдауға құқық беру туралы ұсынысына қарамастан, биыл Ұлттық бірыңғай тест жүргізу форматында ешқандай өзгерістер болмайды. Бұл туралы 14 ақпанда Атырауда Құрманғазы мәдениет үйінде өткен мұғалімдерге арналған арнайы семинарда Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали ӘБДИЕВ хабарлады.

АЛТЫН ОРТА ҚАЛАЙ ІЗДЕСТІРІЛУДЕ?

2013 жылы Қазақстанның кейбір облыстарында ҰБТ-ны екі кезеңге бөлу бойынша сынақтық жоба жүзеге асырылады. Компьютерлік тестілеуді енгізе отырып, толықтай бөлу 2015 жылы енгізіледі деп жоспарлануда. Яғни, енді екі тестілеу болады: бірі  мектепте, екіншісі жоғары оқу орнына түсерде тапсырылады.

ҰБТ-2013 сынағында сұрақтар саны мен уақыт мөлшері бұрынғыша өзгеріссіз қалады: 125 сұрақ және 3,5 сағат. Сұрақтардың құрамында өзгерістер бар – математика пәні бойынша тестілерге логикалық тапсырмалар  көбірек енгізілген, химия, физика және математика пәндерінің сұрақтарында карта, диаграммалар мен сызбаларды қолдана отырып шешетін есептер пайда болды. Баршаға белгілі, тест сұрақтары үнемі өзгеріп отырады. Қали Әбдиев олар қалай апробациядан өтетіні жөнінде былай деді:

- Сынақтық тестілеу барысында біз сұрақтарды 100 түлекке таратамыз. Егер сұраққа барлығы бірдей жауап берсе, ол сұрақ өте оңай деген сөз. Сондай-ақ, белгілі бір сұраққа түлектердің барлығы жауап бере алмаса, ол сұрақ алынып тасталады. Оқушылардың жауапқа жұмсайтын уақыттары да есепке алынады.

Барлық түлектер мектеп қабырғасында сынақтық тестілеуден бірнеше рет өтеді. Мұндай тәжірибе сұрақтардың жалпы мазмұнын білу үшін ғана емес, ҰБТ өткізу технологиясын, жауап парақшаларын қалай толтыруды үйрену үшін де керек. Бұл өте маңызды сәт. Көптеген апелляцияларда сканер дұрыс жауапты теріс деп таныған осы техникалық қателіктер шағымдалады. Ескі сканерлерді қолдануда мұндай жағдайлар жиі кездесті. Өткен жылдан бастап жаңа техника қолданыла бастады.

ҰБТ бүкіл ел бойынша 154 пунктте өткізілетін болады. Біздің облысымызда осындай 8 орын бар: Атырауда (АМУ ғимаратында) және Исатайдан басқа (исатайлықтар Атырауда тапсырады) барлық аудандарда ұйымдастырылады.

 

ӘУЕЖАЙДАҒЫ ТЕКСЕРУ ІСПЕТТІ

- Өткен жылғы Қазақ агро-техникалық университетінде болған оқиғалар (кіру кезінде оқушыны шешіндіруге мәжбүрле-ген – З. И.) орын алмас үшін барлық пункттерде әуежайдағыдай аркалы детекторлар қондыру шешілді. «Қолмен» тексеруге жол берілмейді, талапкерлерге қол тигізуге мүлдем болмайды! – деп баса айтты Әбдиев.

Өту балдары бұрынғысынша қалды – грантқа ие болу құқығын алу үшін талапкер 50 балдан кем емес ұпай жинау керек. Ал ұлттық оқу орындарына (Еуразиялық ұлттық университет, Қазақ ұлттық өнер академиясы және т.б.) түсу үшін 70 балдан кем болмауы керек. «Жалпы медицина» мамандығына түсу үшін талапкерлерге кемінде 55 балл қажет.

Ұялы байланыс белгілерін тұншықтырғыштар жөнінде сұраққа жауап бере отырып, Қ. Әбдиев бұл мәселені зерделеуге санитарлық қадағалау мамандары тартылғанын және олар бұл аппараттардың зиянсыз екенін растағанын айтып өтті. Тағы бір сұрақ: бесінші пән – қазақ мектептерін бітіргендер үшін орыс тілі, орыс мектептерін бітіргендер үшін қазақ тілі ҰБТ бағдарламасында болса да, балл есептегенде қосылмайтындығы турасында орталық басшысы былай деді:

- Бұл тармақ өзгеріссіз қалады. Бесінші пән бойынша нәтижелер мектеп бітіру аттестатына баға енгізерде есептеледі. Алайда олар ҰБТ балдарын есептегенде қосылмайды. Өйткені бұл оралман талапкерлердің құқығына нұқсан келтіру болады, біз әзірге олардан қазақ немесе орыс тілдерінен терең білімді талап ете алмаймыз.

Гранттардың саны үнемі өсіп отырады, мысалы, биыл олардың саны 1000-ға артты. Көбейту бүгінгі күні елімізге қажетті мамандықтар есебінен жүзеге асырылуда. Бірінші орын техникалық және технологиялық мамандықтар (12432 грант), екінші орында – мұғалімдер (6794), үшіншіде - медициналық қызметкер, одан кейін ауылшаруашылық саласындағы кәсіптер (2000) және т.б.

ҰБТ-ға қатысу туралы өтінімдер 10 наурыздан 25 сәуірге дейін жүргізіледі. Биыл біздің облысымызда мектепті 5034 түлек бітіреді.

Зульфия Искалиева


Тақырып бойынша жаңалықтар



Бұл жаңалыққа комментарий жазуға тыйым салынған.