Забурында салынатын лагерь қайда?

25 қараша 12:40 1020 рет қаралды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрылыс басқармасының орынбасары Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ «АЖ» сауалына жауап бере отырып, құны 808 миллион теңгеден асатын жүзбелі субұрқақ құрылысына жұмсалған қаржының сметасын қайта қарауға уәде берді.

– Бұл мәселені мен қарастырған жоқпын. Мүмкін болса, соманы қайта есептеп, қосымша хабарлаймыз. Бұл ақпаратты ресми түрде жариялауға дайынбыз, – деді Н.Құсайынов.

ТОҚТАТЫЛҒАН НЫСАНДАР ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Біз одан тоқтап қалған нысандар – фармацевтикалық зауыт, монша кешені мен киноконцерт залының тағдырын сұраған едік. Белгілі болғандай, қазір облыс орталығында орналасқан бұл нысандардың жаңа жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұдан басқа, аудандарда да тоқтап қалған жобалар бар. Мысалы, Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылындағы және Махамбет ауданы Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйлері. Кезінде бұл нысандарды салған мердігерлердің үстінен сот ісі қозғалды. Сот шешімдері бар. Нысандардың жай-күйін ескере отырып, жобалық-сметалық құжаттамалар қайта қаралып, ақшасы оларды салу құны бойынша қайта есептеледі. Бұл нысандардың құрылысы қайта жалғасады.

ЗАБУРЫНДАҒЫ ЛАГЕРЬ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

«АЖ»-ны қызықтырған тағы бір мәселе – Исатай ауданы Забурын ауылында Каспий теңізінің жағалау аймағындағы балалар лагерінің құрылысы. Н.Құсайыновтың айтуынша, оның бұл лагерьге қатысты мәліметі жоқ екен. Басқарма үшін мектеп, балабақша және жолдардың тапшылығы жедел шешуді қажет ететін басым мәселелер екен.

Сонау 2018 жылы сол кездегі облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ 2018 жылдың ақпан айында жасаған есебінде Каспий теңізінің жағалауынан 500 орындық балалар оқу-сауықтыру лагерін салу жоспарда бар екенін мәлімдеген еді. Ал бұдан құрылыс басқармасының бейхабар болғаны қызық.

Жоба 72 млрд теңгеге бағаланды. «AЖ»-ға балалар лагерінің жобасын қазіргі облыс әкімі Досмұхамбетовтің командасы «мақсатқа сай емес» деген тұжырыммен алып тастағаны белгілі болды.

Бұдан басқа, ол жерде ауданы 300 гектар болатын демалыс аймағын (қонақ үй, ашық және жабық бассейндер, балалардың ойын және спорт алаңдары, саябақ) салмақ болған. Кейінірек БАҚ-тарда әкімдікке сілтеме жасалған болашақ жоба туралы толығырақ ақпарат пайда болды: лагерь аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді және олардың бірінде балалар орталығы, кинозал, жаттығу залының ғимараттары, кітапхана және шығармашылыққа арналған түрлі үйірмелер орналасады.

Спорт аймағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, теннис корты, үстел теннисі, бадминтон және воркаут алаңдары, өрмелеу қабырғасы, көше тренажерлары бар алаң, жағажай, тереңдігі өзгермелі ашық бассейн, арқан паркі, ролледром және скейтдром болады. Таңертең велосипед теуіп, жүгіруді ұнататындар үшін екі жолақты велосипедке және жүгіруге арналған жолдар бар. Лагерьді көгалдандыру жұмыстары тұзды топырақта өсетін ағаштар мен бұталарды арнайы күбілерге отырғызу арқылы жүзеге асырылуы керек еді. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар осы сән-салтанаттың бәріне демеушілік жасауды өз мойнына алған болатын.

Бұған дейін 2017 жылы Исатай ауданының сол кездегі әкімі Марат Мурзиев облыс әкіміне лагерь салу туралы бастамамен шыққанын мәлімдеді.

Бұл жобаға қаржы бөлініп, бас жоспары жасалғанын айта аламын. Лагерь республикалық маңызы бар мәртебеге ие болады, - М.Мурзиев.

Әлі күнге дейін нысан жоқ болса, жер қойнауын пайдаланушылар бөлген қаржы қайда кетті деген сұрақ туындайды?

Айнұр САПАРОВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру