Атырау облысында бәрі - көлікке арналған газ да қымбат

12 қараша 2021 16:39 1369 рет қаралды

Атырау облысында соңғы екі айда көліктерге арналған сұйытылған газдың бағасы 100 пайызға өсті. Қыркүйек айында литрі 60-65 теңге болса, осы аптада 110-120 теңгеге дейін көтерілді. Бағаның мұнымен тоқтауы екіталай.

...Осы көктемде мұнайлы астанада көліктер үшін газ өте қат болып кетті. Жүргізушілер газ құю бекеттеріне ұзын-сонар кезекте тұрды, ал олардың пысықай қожайындары бағаны бірден 15 теңгеге – 50 теңгеден 65 теңгеге дейін көтерді. Бүгінде мұндай тапшылық байқалмайды, бірақ неліктен екені белгісіз, баға әлі де өсуде. Атыраудағы барлық 86 газ құю бекеттерінде баға шамамен бірдей.

– Газ күн сайын дерлік қымбаттап жатыр. Кеше 85 теңгеге құйдым, ал бүгін 110 теңге болыпты. Бұл мәселе неге реттелмейді? Әкімдік қызметкерлерінің «қарап жатырмыз, барлығы бақылауда» деген сияқты сырғытпа жауаптарын тыңдаудан шаршадық. Ал көршілес Маңғыстау облысында литрі 75 теңгеден сатылуда! – дейді жүргізушілердің бірі ашуланып.

Қазіргі уақытта көліктерге арналған көтерме газдың 70 пайызы электронды сауда алаңдарында сатылады. Келесі жылы 100 пайыз болса, баға одан да жоғары көтерілуі мүмкін.

– 2022 жылдың сәуіріне дейін көтерме сауда толығымен электронды сауда алаңдарына көшіріледі. Бұл жағдайда баға салыстырмалы түрде төменнен жоғарыға дейін және керісінше құбылуы мүмкін, - дейді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ерлан НАЗАРОВ.

Сарапшылар бағаның көтерілетініне, бұл үшін бірдеңе істеу керектігіне сенімді. Petrocouncil директорлар кеңесінің төрағасы Асылбек ЖӘКИЕВ:

– Бұл мәселені қоғам белсенділерімен және «ҚазТрансГаз» компаниясымен бірлесіп шешу керек. Неліктен баға осылай болып отыр? Газдың 98 пайызы Теңіз кенішінен келеді. ТШО енді Атырау облысын 100 пайыз газбен қамтамасыз ете алмайтын шығар. Себебі, қазір ТШО мен «ҚазМұнайГаз» келіссөздер жүргізіп жатыр және Теңіз газының басым бөлігін KPI және KLPE жобаларына жіберу жоспарлануда.

Жауапты тұлғалардың ешқайсысы Маңғыстау мен Атырау облыстары арасындағы баға айырмашылығына түсініктеме бере алмады. Бәрі де электронды сауданың құбылмалылығына сілтейді.

Энергетика министрлігі 2021 жылы ішкі нарықта сұйытылған мұнай газына деген сұраныс шамамен 1,6 миллион тоннаны құрайтынын, ал 2019 жылы 1,3 миллион тонна тұтынылғанын хабарлады. Бұл 2019 жылдан бері газға көшкен көліктер санының екі еседен астам өскенін көрсетеді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, қараша айындағы көтерме сауданың орташа алынған бағасы тоннасына 151 мың теңгені құрады. Республика бойынша орташа бөлшек сауда бағасы 99 теңге/литр және аймаққа байланысты 70-120 теңге/литр аралығында ауытқиды. Сонда ең қымбат газ Атырау облысында екен.

Фархат АБИЛОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру