Ауыл шаруашылығы субсидиялары: бір қолымен берсе, екінші қолымен кері алады

1 қараша 2021 16:29 918 рет қаралды

Атырау облысы прокуратурасының ауыл шаруашылық субсидиясын беру негізділігін тексеруі облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВҚА ғана емес, ауылшаруашылығы өндірушілеріне де кері әсерін тигізді. Енді олардан берілген қаржыны қайтаруды талап етіп отыр.

Бұл жағдаймен келіспеген шаруалар Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Проблемалық мәселе Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында қаралды.

– Прокуратура тексерісінен кейін бізге тыныштық жоқ. Біз оларды негізді және заңды түрде алғанымызды дәлелдесек те, жарты жылдан астам уақыттан бері телефон соғып, мемлекеттен бөлінген субсидияны қайтаруды талап етуде. Әр соққан сайын бізден жаңадан дәлел сұрап, ақшаны қайтару үшін негіздемелер ойлап табады. Алдымен маған жылыжайымды заңсыз жалға беріп жатырсың деді. Біз өз әрекетіміздің заңдылығын дәлелдедік. Содан кейін мәлім еткен жобалық қуатты жаппай отырмыз деген талап қойды, біз де олай еместігін дәлелдедік. Енді субсидиялар берілгенде жобалық-сметалық құжаттама дұрыс жасалмаған деп, қайтару керектігімді айтты. Бірақ ауыл шаруашылығы бөлімі бүкіл құжатты қабылдады ғой. Неге мен өндіріске салынған ақшаны біраз уақыттан кейін қайтаруым керек? Субсидия алған сайын басымызды ауыртамыз. Неге дейсіз бе? Мұндай ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бірінші рет қатысып отырған жоқпыз. Атыраудан тоқыма фабрикасын салып, екі жыл бойы осы субсидия бойынша соттасып жүрдік. Бұған дейін Құлсарыда құс фабрикасы ашылды - үнемі тексерулер болатын. Екі жағдайда да біз сотта жеңіске жеттік. Бірақ жағдай қайталана береді. Оның үстіне бізді емес, ауыл шаруашылығы басқармасын тексереді. Біз өз мүддемізді қорғау үшін заңгерлік фирма жалдап, өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінуге мәжбүр болдық, - дейді «Атырау Сауда» ЖШС бас директоры Әлімжан БАЛЖІГІТОВ.

Әлімжан БАЛЖІГІТОВ

Жылыой ауданында «Атырау Сауда» ЖШС аумағы 2 гектар жылыжай салды. Онда бүгінде 30 адам еңбек етеді, шаруашылық көкөністің төрт түрін өсіріп, өз ауданында сатуда. Жергілікті мамандар тәжірибелі голландиялық агрономдар мен технологтардан білім алды. Нысан толықтай заманауи жабдықтармен жабдықталған, бұл жерде тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Кәсіпорын мемлекет көмегін алу үшін барлық қажетті құжаттарды тапсырған. Комиссия құжаттарды қабылдап, тексеріп, 2019 жылы кәсіпорынға субсидия ретінде 108,4 миллион теңге бөлінді. Енді ақшаны қайтаруды талап етіп отыр.

«КОМИССИЯ ҚҰЖАТТАРДЫ МАҚҰЛДАДЫ, БІЗГЕ ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫП ОТЫР?»

«Сагиева» шаруа қожалығы Атырау облысына танымал, Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Бесікті ауылында көкөніс өсірумен айналысады. 2019 жылы шаруашылық қызметкерлері әрқайсысы 2 тонна өнімге есептелген 4 көкөніс қоймасын салды. 135 млн теңгеге қоймаларға тоңазытқыш қондырғылар сатып алды.

– Біз құжаттарды жинап, мемлекеттен тиесілі 33,5 миллион теңгені алдық. Комиссияның қарауына жіберілген құжаттар тізімінде «Құрылыс Консалтинг» ЖШС дайындаған сараптамалық қорытындымен қоса, қажеттінің бәрі қамтылған. Қазір бізге сараптама қорытындысы дұрыс жасалмаған, сондықтан субсидияны қайтару керек деп жатыр. Бірақ біз келіспейміз. Комиссия барлық құжатты қабылдап, қарап, мақұлдады, бізге қандай талап болуы мүмкін? Егер бірдеңе заңға сәйкес болмаса, сол кезеңде бас тартар еді. Шаруашылығымыз облыстағы ірі шаруашылықтардың бірі, үлгі алатын кәсіпорын деуге болады. Агроөнеркәсіп кешенінің жетістігін көрсету үшін бізге министрліктерден түрлі комиссияларды әкеледі, – дейді шаруа қожалығының өкілі Бауыржан САДЫҚОВ.

Бауыржан САДЫҚОВ

ПРОКУРАТУРА: «МҰНДА БИЗНЕСМЕНДЕР КІНӘЛІ ЕМЕС»

Атырау облыстық прокуратурасының аға прокуроры Әділет НҰРБАЕВТЫҢ айтуынша, екі жағдайда да ауыл шаруашылығы өндірушілері бірдей заң бұзушылыққа жол берген. Олар қаржының қалай жұмсалғанын егжей-тегжейлі көрсетілген жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынуы тиіс болған.

- Алайда бұл жерде бизнесмендердің кінәсі бар деп есептемейміз. Қаржыны бермес бұрын мемлекеттік мекеме бұл құжаттардың бар-жоғын қамтамасыз етуі керек еді. Еліміздің өзге өңірлерінде де байқалған бұл мәселені шешу үшін ҚР бизнес-омбудсмені Рустам Жүрсінов Бас прокуратураға жүгінді. Шағым қорытындысы бойынша қаражаттың мақсатты жұмсалғанын растайтын барлық құжат ұсынылғаннан кейін кәсіпкерлерге қатысты мәселе жабылады деп шешілді, - деді А.Нұрбаев.

Амангелді САЛАМАТ (сол жақта)

Отырысқа қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді САЛАМАТ субсидия шаруаларға барлық заң талаптары сақталып, берілгенін алға тартады. Прокуратураның наразылығынан кейін комиссия құрылып, екі шаруа қожалығының құжаттарын тексерді. Ешқандай заң бұзушылық анықталмады.

– Біздің тарапымыздан төлем барлық талаптарға сай жүргізілді, сараптамалық қорытындының немесе жобалық-сметалық құжаттаманың заңдылығын тексеру біздің құзырымызға жатпайды. Бұл сараптама ұйымы мен кәсіпкердің өзінің жауапкерлігінде. Сондай-ақ, бүгінде басқармада бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалайтын кадр тапшылығы мәселесі бар екенін мойындау керек. Жалпы инвестициялық субсидиялар туралы мәліметке келсек, биыл облыста олардың көлемі 1 миллиард 818 миллион теңгені құрады. Алайда бүгінге дейін оның 185 миллионы ғана игерілген. Бұл жағдайға бірқатар нысандарды пайдалануға беру мерзімінің келесі жылға шегерілуі, кейбір субсидиялау бағдарламаларының тоқтатылуы себеп болып отыр, - деді А.Саламат. – Тағы бір маңызды жайт – субсидиялау ережелері үнемі толықтырылып, өзгертіліп отырады. Кейбір нәрселерді екі түрлі түсінуге болады. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне нақтылауды өтініп талай рет хат жолдадық, әлі жауап алған жоқпыз.

«БІЗГЕ АЙҚЫН ТЕТІК КЕРЕК»

Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғауға уәкілетті сектор меңгерушісі Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВТЫҢ пікірінше, субсидияларды тексеру кезінде көбіне азғана формальды бұзушылықтар теріс рөл атқарады деуге болады. Оны дұрыстап, қаражатты қайтаруға жеткізбеу керек. Қазір де жобалық-сметалық құжаттама сараптамасын жасау керек. Өйткені қаражат игерілді, кәсіпкерлердің әрекетінде пайдакүнемдік ниет жоқ. Ол өз тарапынан субсидиялау ережелеріндегі сәйкессіздіктерге қатысты бүкіл сұрақтарды Кәсіпкерлер палатасына жолдауды ұсынды.

Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ

– Отырыс барысында көрсетілген екі факті бойынша шешімнің жарияланғанына қуаныштымын. Дегенмен, жағдайдың қайталанбауына кім кепіл? Статистикаға сәйкес, 2019 жылы сот органдарына субсидияларды қайтару мәселесін шешуге байланысты екі арыз, 2021 жылы 94 миллион теңгеден астам сомаға 8 талап-арыз түскен. Бізге кейін бизнеске зиянын тигізбейтін мемлекеттік субсидияларды берудің нақты тетігі қажет, - деп атап өтті С.Жолдыбаев.

Отырыс қорытындысы бойынша Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасына ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік субсидиялар беру тетігіндегі кемшіліктерді жойып, оларды одан әрі проблемалық мәселелердің республикалық тізіліміне енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу ұсынылды. Ал қос кәсіпкердің алдағы тағдырын келісім комиссиясы шешеді. Ауыл шаруашылығы өндірушілері оның отырысына дейін прокуратураның ескертулерін ескере отырып, құжаттарын түзетіп, бөлінген қаражаттың жұмсалу заңдылығын растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру