Қазақстанда "Ұлттық рухани жаңғыруға" 119 миллиард теңге жұмсалады

21 қазан 16:10 598 рет қаралды

Қазақстанда "Ұлттық рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға 119 миллиард теңге жұмсалмақ. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы 2021-2025 жылдарға арналған. Жоба міндеттерінің ішінде зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер қарастырылған.

"Жобаның бюджеті 119 миллиард теңге. Бұл жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырылады. Идеология - бұл белгілі бір сала, оны алға жылжыту мемлекет үшін қолайлы. Шын мәнінде, бұл адамдардың санасына инвестиция салу, оның қайтарымы қоғам өмірінің барлық салаларында: экономикада, әлеуметтік салада, мәдениетте, білім беруде және т.б. көрінеді. Сондықтан бұл соманың басым бөлігі, республикалық бюджеттен 110 миллиард және 9 миллиард жергілікті бюджеттен бөлінетін болады.
Әр теңгені мамандар егжей-тегжейлі есептеп, әр жоба мұқият қаржылық сараптамадан өтті. Сонымен қатар, бұл жобаларды жүзеге асыру барысы тұрақты бақылауда болады", - деді Балаева ОКҚ брифингінде

Жоба бағыттарының бірі "Ел рухы" деп аталады. Ол мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ отандық мәдени өнімдерді шетелде дамыту жұмыстары бойынша шаралар кешенін біріктіреді.

Балаеваның айтуынша, ол бойынша 250 жаңа нысан салынып, 1200 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Жоба аясында кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 25 пайызға дейін өседі. "Қазақ анимация" шығармашылық бірлестігі тағы да 40 анимациялық фильм шығарады.

"Ауыл және шалғай елді мекен тұрғындарының 92,5 пайызы мәдениет саласының қызметтерімен қамтылатын болады. Жалпы, мәдениет нысандарын аралауды екі есеге, ал халықтың мәдениет саласындағы қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 75 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр", - деді министр.

Тағы бір бағыт жастарды қолдауға арналған. Осы бағдарлама аясында 800 мың жас отбасы тұрғын үймен, бір миллионға дейінгі жастар әлеуметтік қызметтерімен қамтылады.

"Тұрғын үй бағдарламалары бойынша жас отбасылар үшін қарыздар үлесін 25 пайызға дейін арттыру, 1,5 миллион жастарды бұқаралық спортпен және экологиялық жобалармен қамту. NEET категориясы деп аталатын жастарды қолдау шараларына ерекше назар аударамыз, онда біз нақты міндет қойып, жұмыспен қамтылмаған жастардың санын 5 пайызға дейін азайтамыз. 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80 пайызға дейін артады", - деді Аида Балаева.


Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру