Ресеймен тағы да Жайық тағдыры талқыланады. Ал қағаз жүзінде бәрі жақсы

19 қазан 01:07 785 рет қаралды

Ресей мен Қазақстан өкілдері қарашада тағы да Жайық тағдырын талқылайды. Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВТІҢ «АЖ» тілшісіне берген сұхбатынан белгілі болды.

Әңгіме қарашаға жоспарланған ҚР мен РФ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы туралы болып отыр. Естеріңізге салсақ, былтыр 22 қазанда Новосибирскде өткен трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының кезекті отырысында Жайық өзені бассейнінде зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықтың бірыңғай «жол картасы» мақұлданды. Ал бұған дейін 2021-2024 жылдары Жайықты қалпына келтірудің бірлескен бағдарламасы бекітілді. Жалпы, құжат көп...

«АЖ» сауалына жауап бере отырып, Бекмұхаметов Жайықтың қазіргі жағдайы туралы пікір білдірді.

- Жайық мәселесі қазір өте өзекті және бүкіл өңір тұрғындарын алаңдатады. Өзеннің 80%-ы Ресей Федерациясының аумағында, сондықтан төменгі ағысында Қазақстан іргелес жақтан берілетін су көлеміне тәуелді болады. Жайықтың көпжылдық су көлемі - 9,46 млрд текше метр. Өзен арнасы жылдық су көлемінің 70 пайызы ағатын көктемгі су тасқыны кезінде ғана толығады. Жайық өзені бойындағы су тапшы болған жылдар циклы 2006 жылдан бері қайталанып келеді, ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша бұл цикл 2023 жылға дейін жалғасады. 2019 жылы судың жылдық көлемі 3,5 млрд текше метр болды, бұл кәдімгі көлемге (9,46 млрд текше метр) сүйенсек, үш есе төмен, бұл тарихи минимум, - дейді Бекмұхаметов.

Еске салайық, 1996 жылы Қазақстан мен Ресей Жайық өзені бассейніндегі су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы хаттамалық шешімді бекітті.

- Хаттамада Ресейден жіберілетін су көлемі нақты көрсетілген. Хаттамаға сәйкес, бүгінде су көлемі жылдың сулы болуына байланысты босатылады, - дейді Бекмұхаметов.

Әрі қарай біздің сұрақтар қойылды:

- Жақында Ириклинск су қоймасында су таусылып жатыр деген ақпарат тарады. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Өздерінде аз болғандықтан, олар жинайды, бізге де жетпейді. Яғни су көлемі азаяды.

- Жайық көз алдымызда тайызданып барады. Қала маңындағы Алмалы ауылының маңында өзенді оңай кешіп өтуге болады.

- Қазгидромет маманы Жайықтың бұл учаскесі Каспий теңізі деңгейіндегі концентрациялық-желбөгет тербелістерінің (желшегерме-желкөтерме тербелістері) әсер ету аймағында орналасқанын  атап өтті. Шоғырлану кезеңінде солтүстік-батыс желімен ұзақ тербеліс кезінде су деңгейі төмендейді, нәтижесінде тайыз суларда аралдар мен қайраң түзілуі мүмкін. Алайда қазір байқалатын процестер оңтүстік-батыстан жел соққанда су деңгейі көтеріліп, түзілген аралдар мен қайраңдардың су астында қалатынын көрсетеді.

 

«ШРК ҚАЛЫПТЫ»

- Сайтымызда бір оқырманымыз пікір қалдырған. Толықтай айтып өтейін: «Ресейліктермен кездесуден басқа, өз тарапымыздан су пайдаланушыларға тексеру жүргізіп, қажет емес каналдарды жойып, суды талан-тараж етіп алуды және тиімсіз пайдалануды тоқтату қажет. Бұл РФ-ға кінә артып қана қоймай, екі елдің бірлескен күші болуы керек. Гектар мен егістік алқаптарын суармай, нүктелі суаруға көшетін уақыт жетті. Канал арнасына үлкен қимасы бар пластикалық құбырлар салып, су шығынын азайту керек». Сіздің пікіріңіз?

- Бүгінде Атырау облысында Жайық суын пайдаланатын кәсіпорындар саны - 189. Оның ішінде ірі кәсіпорындар -«АЖЭО» АҚ, АМӨЗ, бекіре зауыты және «Атырау су арнасы». Жайықтан өндірістік мақсатта жылына барлығы 288 миллион текше метрден астам су алынады. Бұл заңды негізде жасалып жатқанын баса айтқым келеді. Жол картасына сәйкес, Жайық бойында ағын үшін заңсыз құбырларды тексеру бойынша рейдтік комиссия мұндай фактілерді анықтамады. Жалғыз ғана - аумақтың қоқысқа толғанын және ірі ауқымды қалдықтарды анықтады. Осы фактілер бойынша шаралар алынды, әкімдіктің тапсырмасымен тазалық жұмыстары жүргізілді. Біз өрескел бұзушылықтарды анықтаған жоқпыз.

Иә, пікір жазушымен келісемін, тамшылатып суару немесе нүктелі суаруға баяғыда көшу керек еді. Бұл көп мөлшерде суға сұранысты азайтады. Нүктелі суаруға көшу қажет, бұл облыс әкімдігінің жоспарында бар.

- Сіздің мамандар Жайықтан су сынамаларын үнемі алып отырады. Нәтижелері қандай?

- Біз «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының қызметкерлерімен бірге Жайық сағасында, Жем, Сағыз, Ноғайты өзендерінде сынамалар аламыз. Ол жерлерде ШРК нормадан төмен.

Айнұр САПАРОВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру