«“Алтын” болмағаны өкінішті-ақ, бірақ жеңіс әлі алда»

13 қыркүйек 16:44 846 рет қаралды

Токиодағы Паралимпиада ойындарында біздің дзюдошыларымыз үш күміс алқа алып, табысты өнер көрсетті. «АЖ» отандық спортқа даңқ сыйлаған жүлдегерлермен және оларды турнирге дайындаған бапкермен тілдескен еді.

Теміржан Дәулет: «Бастысы – шыдам мен еңбек»

- Еліміздің спорттағы намысын қорғап, Токиода өнер көрсеткенде қобалжу болды. Паралимпиада өмірімді өзгертті. Айналамдағылардың бәрі қолпаштап жатыр, құттықтаулар толастар емес. Өзім сияқты мүгедек жандар қалай дайындалдыңыз, бұл жетістікке қалай жеттіңіз деп сұрап жатыр.

Бізде Атырауда мүгедектігінен ұялып, қол сілтеп, үйден шықпай қалған жандар көп. Ал мен кез-келген мүгедектікпен толыққанды өмір сүруге болатынын және елеулі спорттық нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәлелдедім. Бастысы – еңбек пен шыдамдылық қажет.

Токиоға ұшар алдында біз мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауында болдық. Сонда оның айтқан сөзі маған жақсы қолдау болды: «Теміржан, үлкен жарыс екенін ойыңнан шығарып таста, уайымдама, кайфпен күресіп келші!» деді. Солай болып шықты.


Зарина Байбатина: «Тіземдегі жарақат кедергі болды»

- Біз Паралимпиадаға барар алдында Алматыда жиналып, қызу дайындықпен жаттықтық. Алтын аламын деп үміттендім. Бірақ тіземдегі жарақатыма байланысты әзербайжандық спортшыдан финалда ұтылып қалдым. Өкінішті, әрине, бірақ олимпиада чемпионы боламын деген әлі де үмітім бар. Төрт жыл тез өтіп кетеді, осы уақыт бойына жаттығатын боламын.


Әнуар Сариев: «Мақсатым – олимпиада чемпионы болу»

- Біз Паралимпиаданың ашылуына қатыса алмадық. Бір себептермен кешігіп қалдық. Бұл өз басыма қолайлы болды. Себебі, байқағаным, маған бір елге барғанда бейімделуге уақыт арнамастан бірден күресіп кету керек.

Солай болды. Токиоға ұшып келген соң, бір түнеп барып салмақ өлшей сала күресіп кеттім. Ал төрт жыл бұрын Рио-де Жанейрода өткен Паралимпиадада басқаша болды. Басқа елдің ауасы жақпайды маған, ауырып қалдым. Сондықтан да сол кезде жүлдесіз қалдым деп ойлаймын. Қатты уайымдап, келесі Олимпиадада чемпион боламын деп өзіме сөз бердім. Сондықтан қазіргі күміс жүлдеме көңілім толмай жүр. Енді төрт жылдан кейін Парижде олимпиада чемпионы боламын деп үміттенемін. Бірақ алдымен емделіп алу керек, өйткені Жапонияда бірнеше жарақат алдым.

 

ҚР парадзюдо бойынша олимпиада құрамасының жаттықтырушысы Жандос Қиянов: «Мұндай құрмет ешқашан болған емес»

- 2016 жылы Рио-де Жанейродағы Паралимпиададан соң Токиодағы Паралимпиадаға қатысу үшін лицензия алуға бойынша жүйелі жоспарлы дайындық басталды.

Оқу-жаттығу ойындарына былтыр қазанда кірістік. Олар Шымкент, Түркістан, Алматы облыстарында және Грузия мен Түркия елдерінде өтті.  

Пандемияға байланысты биыл Токиода маска шешуге тыйым салды. Жарыс көрерменсіз өтті. Тек қатысушылар және рұқсат етілген адамдар ғана болды. Жалпы, жарыс таңғажайып ұйымдастырылған. Жапон халқы не нәрсені де бүге-шүгесіне дейін ойластыратын халық қой. Мәселен, Олимпиада қалашығында тәулік бойына асханада әр елдің ұлттық тағамдары қарастырылды. Өкініштісі, карантин салдарынан Токиоға шығып, қаланы аралауға мүмкіндік болмады.

- Бұл жолы паралимпиадашыларға елімізде ерекше қошемет көрсеткендей сезіндім. Сізде қандай әсер болды?

- Мен мұндай марапатты бірінші рет көріп тұрмын. Таңғалдырды. Жалпы арнайы қаулыға сәйкес, жүлдегерлерге пәтерлер: чемпиондарға 3  бөлмелі, күміс жүлдегерлерге 2 бөлмелі, қола жүлдегерлерге – 1 бөлмелі пәтер беріледі. Ал көлік - әкімдіктің сыйлығы.

-Сіздің ойыңызша спортшыларымыздың бұл жетістігіне не түрткі болды?

- Бұл ұжымдық жұмыстың нәтижесі. Онда ҚР Парадзюдо федерациясы мен аға жаттықтырушылар Жайдар Сайлаубаев пен Наран Ешибаевтың үлесі зор. Әрине, спортшылардың өздері де жарады, жаттығуда бекер тер төкпеді. Әсіресе, Әнуар Сариевтің алған жүлдесіне риза болдым. Өйткені мен оны 12 жасынан бері, парадзюдоға алғаш келген кезінен бастап жаттықтырдым. Ал біздің спортшылар үшін басты марапаттар әлі алда деп сенемін.

Айнұр САПАРОВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру