Мектеп «офлайн» және «онлайн» болып бөліне ме?

7 қыркүйек 2021 18:58 1741 рет қаралды

Мектеп оқушыларына ата-аналарының өтініші бойынша онлайн режимінде оқуға рұқсат етілді. Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА 1 қыркүйекте онлайн-брифинг барысында хабарлады.

- БҒМ 2021 жылғы 31 тамыздағы №444 бұйрығына сәйкес, ата-аналардың немесе оқушылардың басқа заңды өкілдерінің өтініші негізінде үйде қашықтан оқытуға рұқсат етіледі. Қашықтан оқығысы келетін мектеп оқушыларының ата-аналары өтініш жазып, мектеп директоры тиісті бұйрық шығарады. Өздеріңіз білетіндей, кеше ғана ата-аналар өтініш бере бастады, - деді Ф.Шангереева.

Қашықтан оқитын балалар саны жақын арада белгілі болады. Еске салсақ, 31 тамызда көптеген мектепте және қалалық білім бөлімі ғимаратының жанында балалардың офлайн режимінде білім алуына қарсы болған ата-аналар жиналған еді.

Мектеп әкімшілігі қашықтан оқитын балаларды оқулықпен және оқу бағдарламасымен қамтамасыз етуге, ақпараттық жүйе мен электронды журналдың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндетті. Білім беру процесін қашықтан ұйымдастыру үшін жалпы білім беретін мектептер «Bilim Land» интернет-платформаларымен келісім жасады және «online mektep» ресурсымен жұмыс жасайды.

Мұндай оқушылар әкімшіліктің қалауына қарай БЖБ-ны үйде немесе мектепте тапсыра алады, бірақ ТЖБ-ны оқу орнында тапсыру міндетті. Егер оқушы қашықтан оқуда үлгермей, ТЖБ мен БЖБ бойынша қанағаттанарлықсыз баға алса, онда ол қалыпты режимде оқуға көшуге міндетті болады.

- Кеше кездесу кезінде менен мектепте балалардың денсаулығы мен өмірі үшін кім жауап беретінін бірнеше рет сұрады. Менің жауабым: барлық оқу орындары ата-аналармен келісімшарт жасайды. Ол жерде көп тармақ бар, олардың ең маңыздысына тоқталайын. Санитариялық ережеге сәйкес санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау - әр мектептің міндеті. Олар сонымен қатар оқу үдерісінде және сабақтан тыс уақытта мектептегі іс-шаралар кезінде мектеп аумағында болған балаларға жауап береді, - деп атап өтті Шангереева.

Естеріңізге салсақ, Атырауда 62 мектеп жұмыс істейді, олардың 31-де сабақ қазақ тілінде, 2-уінде орыс тілінде, ал 29-ы аралас тілде оқытылады. Облыс орталығында 5 лицей, 9 гимназия және 48 орта мектеп бар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру