Жабдық бар - дәрігер жеткіліксіз

11 маусым 15:24 2858 рет қаралды

- Сіздерде жүкті әйелдердің жағдайы өте қиын болғанда және COVID-19 жұқтырған жағдайда еш жерде хабарлау схемасы жоқ екен. Ал мұндай жағдайда іс-қимыл алгоритмі минутқа дейін жасалуы керек. Жауапты адамдардың телефон нөмірлері көрсетілген схема көрінетін жерге ілінуі керек. Өйткені қарапайым учаскелік дәрігер денсаулық сақтау басқармасы басшысының немесе оның орынбасарының ғана емес, тіпті, өз емханасындағы директордың нөмірін де білмеуі мүмкін, - деп атап өтті Қызылорда перинаталды орталығы директорының орынбасары Гүлнар ЖҰМАШЕВА облыстық ауруханада өткен дәрігерлер жиналысында.

Естеріңізге салсақ, облысымызға Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы келді. «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» басқармасының төрағасы, Денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатры Риза БОРАНБАЕВАНЫҢ айтуынша, негізгі мақсат - жергілікті дәрігерлерге әдістемелік, кеңестік және тәжірибелік көмек көрсету. Үш күн ішінде келген мамандар ауыр сырқатты бар науқастарға кеңес беріп, семинар өткізіп, аурухана мен емханалардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру бойынша кеңес берді.

- Атырау облысында сәбилер өлімінің азаю динамикасы байқалады. Бірақ медицина мекемелерінің ұйымдастыру жұмысында проблемалар қалып отыр. Бұдан басқа, өңірде әлі де кадр жетіспейді, педиатр, неонатолог, ревматолог, анестезиолог жеткіліксіз, - деді Р.Боранбаева.

Оның айтуынша, жағымды жайттар да бар. Бұл, ең алдымен, балалар облыстық ауруханасының жаңа заманауи жабдықпен жарақталуы, қала емханаларының да, ауыл ауруханаларының да дәрі-дәрмекпен толық қамтылуы.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл ҚҰДАМАНОВАНЫҢ айтуынша, шынымен де өңірде педиатрия және босандыру саласында кадр тапшылығы сезілуде. Сәбидің өлім-жітімі әлі де елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр.

- Кадрдың жетіспеуіне байланысты денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп іс-шаралар жоспарын құруды көздеп отырмыз. Бұдан басқа, балалар мен жүкті әйелдерге қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін бізге аурухана мен емханаларды ең заманауи медициналық жабдықтармен жарақтау қажет. Кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі бойынша денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет есебінен жоғары және орта деңгейдегі медицина қызметкерлерін үш деңгейлі оқытуды жоспарлады. Осындай кезеңмен жүргізілген шаралардың арқасында өңірдегі сәби өлім-жітімін азайта аламыз деп ойлаймын, - деп сөзін түйіндеді А.Құдаманова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру