Бір жерде су тамбайды, бір жерде атқылап жатыр

8 маусым 12:37 2953 рет қаралды

Атырау облысының көптеген елді мекенінде су жетіспей жатқанда Жылыой ауданындағы өздігінен атқылап жатқан ұңғымадан секундына 25 литр су шығады.

- Оңтүстік Ембі бассейнінің бұл сулары Ақтөбе облысының Мұғалжар тауынан бастау алады. Бұл жерде Жаңасу, Бали, Тұғарақшан және Сары Бұлақ сияқты кен орындары барланған. Осы төрт кен орнының қоры, 1982-1985 жылғы зерттеулерге сәйкес, тәулігіне 172 мың текше метрді құрайды: Жаңасу бойынша 119 мың, Тұғарақшан бойынша 43 мың, Бали бойынша 8640, Сары Бұлақ бойынша 1550. Бұл кен орындарының сулы қабаты тереңде - жер астында шамамен 300-700 метрде жатыр. Жылыой ауданында, менің мәліметім бойынша, осындай 170-ке жуық ұңғыма бар, олардың кейбірі өткен ғасырдың 50-жылдары, басқалары кейін бұрғыланған.

Осы уақыт бойына су текке кетіп жатыр, - дейді «Атыраугидрогеология» ЖШС директоры Нұргүл САБУРОВА. - Жылыой әкімдігінің мәліметі бойынша, кейбір ұңғыманы - шамамен 50-60-ын жергілікті шаруа қожалықтары пайдаланады. Бірақ Су кодексіне сәйкес, бұл ұңғымаларды кран режиміне ауыстыру қажет. Яғни, қажет болса, кранды ашып, суды пайдаланып, содан кейін жабу керек. Қазіргі уақытта облыстың су ресурстарының стратегиялық қоры ешқандай пайда әкелмей, жай ағып жатыр. Басқа облыстарда, мысалы, сулы қабаты терең орналаспаған және атмосфералық жауын-шашынмен қоректенетін кен орындары бар. Мұндай әлсіз қорғалған қабат осал боп келеді. Егер жер бетіне зиянды заттар төгілсе немесе оларды атмосфералық жауын-шашын әкелсе, онда су да ластанады.

Біздің кен орындарының артықшылығы - олар су өткізбейтін қалың топырақ қабаттарымен қорғалған. Мұның кемшілігі де бар – су өткізбейтін қабаттар аққан судың кері келуіне жол бермейді, яғни, су қоры қайта толмайды. Кезінде бұл ұңғымалар түрлі мақсатта бұрғыланды: жайылымдарды суландыру үшін, мұнайшылар технологиялық су ретінде пайдалану үшін. Кейбір ұңғыма 70 жылдан астам уақыттан бері су атқылап келеді; су қорының азаюымен қатар жер де бүлінеді - минералданған су кепкенде тұз қалады.

- Атырауға суды Көкжидеден де тартуға болады, бұл Ақтөбе облысында орналасқан. Ол жердің суы тұщы. Бұл жақсы. Бірақ су таратқыштың ұзындығы 450 км шамасында, ал бұл жақсы емес, - деп сөзін жалғастырды Н.Сабурова. - Біздің су кеніміз жақынырақ, бірақ судың минералдануы литріне 2-ден 4 грамға дейін тұзды құрайды, яғни, оны тұщыландыру қажет болады. Қай нұсқа экономикалық тұрғыдан тиімді екенін анықтау үшін есептеулер, техникалық негіздемелер жүргізу қажет.

Аз минералданған жерасты сулары бүгінде техникалық және ауылшаруашылық сумен қамту үшін ғана емес, шаруашылық-ауыз сумен қамту үшін де қызығушылық тудыруы мүмкін. Өйткені елімізде тұзды суды Санитариялық ереже мен нормалар талабына дейін жеткізетін мембраналық тұщытқыш қондырғылардың отандық өндірушілері табысты еңбек етуде.

Сұхбаттасушымның айтуынша, жақын арада жергілікті су көздерін пайдалана алмасақ та, оларды қалай еткенде де балаларымыз үшін сақтау керек. Оның үстіне, тәжірибеміз де бар: Жер қойнауын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша 2002-2010 жылдар аралығында осы бассейнде 40-қа жуық осындай ұңғыма консервацияланған. Технологиялар бір орында тұрмайды, бәлкім, бірнеше жылдан кейін суды тұщытудың одан да үнемді тәсілі табылуы мүмкін. 

Ал әзірге Жылыой ауданында ғана емес, жалпы жағдай мәз емес. 1969 жылғы мәлімет бойынша, Қызылқоға ауданының Миялы кен орнындағы қор тәулігіне 2700 текше метрге тең болды, 2010 жылғы мәлімет бойынша – бар болғаны 345 текше метр. Таралу аймағы да 10 шаршы метрден 2,5 шаршы метрге дейін едәуір азайды. Қазір Қызылқоға ауданының тұрғындары су тапшылығын сезінуде. Онда су сағатпен берілетін болған, бұдан басқа, жерасты бөлігінің суы тұзды болып кеткен.

Бұл табиғи су көздерінің шексіз емесін тағы да растап отыр. Қолда барда қадірін білейік.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру