​Атырауда ер адам әйелді балтамен ұрып, өзі асылып қалды

22 сәуір 10:43 616 рет қаралды

Атырауда 36 жастағы ер адам әйелді өлімші етіп сабап, содан кейін оның балаларының көзінше өзі асылып қалды. Бұған дейін әйел бірнеше рет полицияға жүгінген, себебі ол оны ұрып-соғып, зорлаған, бірақ сонда да қылмыскер бостандықта жүрді.

«НеМолчиKz» қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, бұл оқиға осыдан бір ай бұрын басталған. Атырау қаласының тұрғынымен танысқан ер адам бірден бірге тұруды ұсынған. Мұндай ұсынысқа дайын болмаған әйел ол ұсыныстан бас тартты, себебі оның 4, 11 және 13 жастағы үш қызы бар. Алайда, «жігітсымақ» ұсынысын қабылдауды талап етіп, 6 сәуірде әйел тағы бас тартқанда оны сабап тастады. Ол кезде әйел полицияға жүгінбеді, бірақ одан аулақ болуға тырысып, жасырына бастады. Сонда да әлгі ер адам тауып алып, артынан қалмай қойды.

Таңсәрінің айтуынша, 12 сәуірде ол әйелді тауып алып, көлікке күштеп мінгізіп, жалдамалы пәтерге апарған. Сол жерде зорлап, кейін оны таксимен үйіне әкеліп тастайды. Содан ол үлкен әпкесі арқылы полицияға хабарлап, күні бойы үйден шығуға қорқып, полиция қызметкерлерін күтті.

- Учаскелік полиция қызметкері кешкі сағат 10-да келді, онда да жәбірленушінің әпкесі мен өзі қайта-қайта телефон шалғаннан кейін. Бірақ ол сол оқиға болған жердегі полиция учаскесіне барып шағымдану керек деп, арызды қабылдамады, – дейді Дина Таңсәрі. - 14 сәуірде әйел үш баласымен бірге сол учаскеге барды, бірақ әлгі ер адам оны аңдып, соңына түседі. Әйел жақын маңдағы дүкенге кіріп, әпкесіне телефон шалады. Олар 102-ге хабарлап, учаскелік полиция қызметкері келді. Ол әйелді қыздарымен үйіне жеткізіп, арызын қабылдап, кетіп қалады.

15 сәуірде әйелді аңдыған еркек пәтеріне баса көктеп кіріп келіп, оны полиция алып кетеді. Ал кешке ол бір амалын тауып, полиция учаскесінен қашып кеткен. Келесі күні Атырау мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ол қоғамдық орында ішімдік ішкені және ауызша қорлағаны үшін екі тәулікке қамауға алынды.

– Біз оған полицияға барып, «Тұрғын жайға қол сұғылмаушылықты бұзу» деген 149-бап бойынша өтініш жазуды ұсындық, ол солай жасады, бірақ көп ұзамай оған 1414 нөмірінен іс қараусыз қалдырылып, жабылды деген хабар келді. Небәрі 20 минуттан кейін! – деп таңданады Таңсәрі. - Үлкен апасы Алматыдан келген, ол өз тарапынан EGOV порталы арқылы Атырау қаласының прокуратурасында өтінішті тіркеп, қорғау нұсқамасын жазып беруді сұрады, оған учаскелік инспектор қорғау нұсқамасы тек туыстық қатынастағы тұлғаларға қатысты беріледі деп жауап берді. Бір айдан астам уақыт бойы ер адам бұл әйелдің соңынан қалмай, аңдып жүрді. Ол жұмысқа, тіпті дүкенге баруға да шыға алмады.

Ал 20 сәуірде ер адам әйелдің пәтеріне балкон арқылы кіріп, әйнекті сындырып, жәбірленушінің басына ауыр затпен ұрып (қыздардың айтуынша қолында балта болған), өзі дәретханаға кіріп, асылып қалды.

- Науқас өте ауыр халде, дәрігерлер ашық бас сүйек-ми жарақатын алған, бас сүйегі сынған, бас миы соғылған дейді. Ол әлі есін жиған жоқ, оны аман алып қалу үшін дәрігерлер бар күшін салып жатыр, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

– Аталған фактіге қатыты ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ, полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр, - деп хабарлады «АЖ»-ға ПД баспасөз қызметінің басшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТ.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВАНЫҢ айтуынша, олар кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша үйіне барған.

- Қорғаншылық және қамқоршылық органының маманы тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларға тексеру жүргізді. Мектептің педагог-психологы олардың психологиялық жағдайын анықтау үшін балалармен әңгімелесті, – деді Ф.Шангереева. - Болашақта балалар қамқоршылық және қорғаншылық органы мен мектептің тұрақты бақылауында болады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі. 

Фархат ӘБІЛОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру