Атырауда 150 келі қортпа 20 келі уылдырық берді

20 сәуір 03:04 2098 рет қаралды

Естеріңізде болса, наурыз айының соңында Жайық өзенінің «Кіші Дамба» учаскесінде «Амангелді» ӨК балық аулау бригадасы Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауыты қызметкерлерінің қатысуымен салмағы 150 келі болатын қортпа балығын аулады.

Шабақтарды зауытта жасанды жолмен өсіру үшін одан тірі күйінде табиғи жолмен уылдырық алынды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінде хабарлағандай, ұрықтандырылған уылдырық инкубацияға арналған аппараттарға орналастырылды. Әрі қарай олар бассейндерде жетіліп, балық өсіру тоғандарына көшіріледі.

Балық өсірушілер орташа салмағы 3-5 грамм болатын шамамен 600 мың дана қортпа шабағын алуды жоспарлап отыр. Маусым-тамыз айларында ол табиғи ортаға жіберіледі.

Аналық қортпаның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Қолға ұстау әрекетінің нәтижесіне байланысты ол аналық табынды қалыптастыру үшін пайдаланылады, ал жасанды ортада ұстау мүмкін болмаған жағдайда Каспий теңізіне кері жіберіледі.

Биыл балық өсіру маусымы басталғаннан бері Жайық-Атырау бекіре зауыты балықты жасанды жолмен өсіру көлемін көбейту үшін бекіре тұқымдас балықтың 18 дарағын аулады. Сонымен қатар, биыл құнды балық түрлерінің 110,5 млн дана шабағын, оның ішінде 7 млн дана бекіре шабақтарын табиғи мекенге шығару жоспарланған.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру