Әкемнің жазбаларынан...

21 сәуір 14:11 2638 рет қаралды

Әкеміз, марқұм Рахметжан Тұржігітұлы Мұқашев Атырау өңірінің еңбек, соғыс ардагерлеріне, олардың ұрпақтарына да белгілі. Баспасөз бетіндегі өлке тарихына, тұлғаларға қатысты мақала –пікірлерлерді қалт жібермей оқып, жазып алатын, көп оқитын, құлағы түрік шежіреші жан еді. Ұлы Отан соғысында саяси ұйымдастырушы, одан кейін кеңес, партия, құқық қорғау мекемелерінде басшылық қызметтер атқара жүріп, қарапайым да, кішіпейіл қалпында ағайын-туыс, дос-жолдастарға қамқорлығын аяған жоқ. Еңбек жолының соңғы он жылында Облыстық кітап саудасы басқармасын он жылдай басқарды. Зейнетке шыққаннан кейін жас кезінде есінде қалған, көзі көрген қариялардан, ауыл ақсақалдарынан, өз құрдастарынан естіп көрген деректерді қағаз бетіне түсірумен айналысты.

Жақында әкемнің сарғайған қолжазбаларын қарап отырып, атам Тұржігіт Мұқашев туралы фото суреттермен қатар, басқа да деректерді тағы бір қарап шықтым.  Әкем жазбаларында атаммен тұстас қызмет атқарған, атамның оқуға жіберіп білім алдырған азаматтардың атын атап, түсін түстеп, тіпті олардың ұрпақтарына дейін жазып кеткен екен. Осы деректердің бірқатарын жариялағанды жөн көрдім, себебі белгілі бір адамдарға қатысты тарихи ақпарат өте маңызды болуы мүмкін.

Тұржігіт Мұқашев 1887 жылы 11 ауылда (Есбол болысы) туған. 1902 жылы 2 кластық қазақ-орыс училищесін бітіріп, екі тілге де жетік маман болып шыққан.

Атырау өлкесінде Кеңес үкіметі облыстық, ояздық орталықтарда жұмысшылар мен шаруалар үкіметін нығайту ауылдық және селолық Кеңестерді нығайту ісімен қатар жүргізілді. 1918 жылдан бастап ауылдарға партия кеңес органдарының жауапты қызметкерлері, жас жұмысшы табының саналы өкілдері көмекке жіберілді. Сөйтіп, 1920 жылы наурыз айында Орал революциялық комитетінің «Қырғыз еңбек интеллигенциясын жұмысқа мобилизациялау» деген қаулысы шыққан болатын. Сол кезде Есболдың волостной управителі Мұқашев Тұржігіт еді. Ол елден бір топ адамдарды Орал қаласына оқуға жіберіп отырған. Олар Оралда 9 айдай оқып әрі іс-тәжірибеден өтіп елге қайтып келген.

«Елге оқып келген кейбір азаматтарды әкем Тұржігіт - іс жүргізуші, хатшы т.б. қызметтерге ұсынып, орналасуға жәрдемдесіп отырған. Солардың ішінде: Медетов Қосан, Жанахметов Молдағали, Қартқожақов Жұмабай, Қорқытов Ибраш, Есалиев Есмағамбет, Байбосынов Жөкебай бар» деп дерек келтіріпті әкеміз. Ол бұдан басқа 15 шақты азаматтар туралы аз кем мәліметтерді жазып кетіпті. Осындай мәліметтерге қарасақ, Тұржігіт атамыз Атырау интеллигенциясының құрылуына өз үлесін қосқанын көреміз.

Гурьев уездік архивіндегі атамның еңбек кітапшасынан әкем Рахметжанның алған деректері бойынша:

Тұржігіт Мұқашев:

1902-1914 жж.- болыстың писарі (хатшысы);

1920-1921 жж. – Есбол волисполкомының (болысының) председателі;

1921-1923 жж. – Гурьев уездік милициясының штаб бастығы;

1923-1932 жж. – Қызылқоға ауданында, кейін Доссорда халық соты;

Гурьев уезі губерниялық сотының осы округ бойынша өкілі қызметтерін атқарған.

Бұл атамның еңбек кітапшасындағы соңғы жазба болатын. Атамыздан 6 ұл, 2 қыз перзенттері қалған. Тұржігіт Мұқашев атамыз 45 жасында 1932 жылы қатерлі ісіктен көз жұмған. Ол мемлекет қорғауындағы республикалық маңызы бар Алтын қауымына жерленген. «Оған арнайы зейнетақы тағайындалып, мен және басқа балалары есейгенше алып тұрдық» деп жазыпты әкем естелігінде.

1987 жылы Тұржігіт атамыздың туғанына 100 жыл толуына орай ас берілді.

 

Оқырмандарға өтініш

Егер де сіздің отбасылық мұрағатта қосымша деректер шығып жатса, хабар берсеңіз деген өтініш білдіреміз. Ал әкеміз Рахметжанның  жазбаларында кімде кімге қажетті мәліметтер кездессе бөлісуге дайынбыз. Байланыс деректерін редакциядан таба аласыз.                 

Жәйлігерей Рахметжанұлы Мұқашев

 



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру