​Атырау облысының әкімі Таубаев пен Басаровқа қатысты сотта куәгер болады

16 сәуір 15:51 3145 рет қаралды

«АЖ»-ға белгілі болғандай, Таубаев пен Басаровқа қатысты тергеу барысында Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВТЕН жауап алынды.

Тергеушінің сұрақтарына жауап бере отырып, ол ТШО-ның «Игілік» бағдарламасы бойынша нысанның құрылыс барысын Атырау облысының әкімдігі бақылайтынын және құрылыс аяқталғаннан кейін объектіні пайдалануға қабылдау актісіне облыстық құрылыс басқармасының басшысы қол қоятынын растады.

Сонымен қатар, облыс әкімі бұрынғы өзінің қарамағындағы қызметкерлеріне қатысты қазіргі сот процесіне куәгер ретінде шақырылады.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдың 22 мамырында М.Досмұхамбетов ҚР Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Нұрлан Таубаевты өзінің бірінші орынбасары етіп  тағайындады, ал сол жылдың 26 маусымында Тимур Басаровты облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметіне тағайындады.

Өткен жылдың қыркүйек айында облыс әкімі егер Таубаевтың кінәсі сотта дәлелденсе және оған айыптау үкімі шықса, қызметтен кететінін «АЖ»-ға мәлімдеген еді.

- Заң бәрімізге ортақ. Егер тергеу жұмыстары аяқталып, сот оны кінәлі деп таныса, мен заңға бағынып, отставкаға кетуге дайынмын. Отставкамды қабылдай ма, қабылдамай ма – оны президент шешеді.

Айта кету керек, сотталушы Басаров пен Таубаев сотта өз кінәсін мойындаған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр 10 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровты 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстады. 3 желтоқсанда іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберілді. Ол ҚР ҚК 366-бабының 4-бөлігі («Қылмыстық топтың аса ірі мөлшерде пара алуы») бойынша тергелді. 

Фархат ӘБІЛОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру