​Таубаев пен Басаров: «Кінәні мойындамаймыз»

14 сәуір 15:07 2856 рет қаралды

Бүгін, 14 сәуірде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша негізгі сот талқылауы жалғасты. Сотталушылар «өз кінәсін мойындайды ма?» деген басты сұраққа жауап берді.

Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, Атырау облысы «қызыл аймақта» болғандықтан, сотталушылар сот отырысына тергеу изоляторларынан онлайн түрде қатысады. Алайда алдағы уақытта сот отырысы тек тікелей қатысушылармен бірге сот залында өтуі мүмкін. Сонымен қатар, отырысқа бірінші рет айыптау тарапының пайымы бойынша Таубаев пен Басаров ірі мөлшерде пара беруге бопсалаған жәбірленуші – құрылыс компаниясы директорының орынбасары қатысты.

- Сіз жаңа айыптау актісінің көшірмесін алдыңыз. Сізге тағылған айыппен келісесіз бе? - деп сұрады төрағалық етуші судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА. Таубаев пен Басаров келіспейміз деп жауап берді.

- Жаңа актіде баптар мен айыптау негіздері қалды, тек өтініш берушінің мәртебесі өзгерді. Жәбірленуші, сіз ескі айыптау актісін бе әлде жаңасын талап етесіз бе? - деп сұрады судья.

Жәбірленушінің адвокаты Женни ЖҰМАЛИЕВА ескі айыптауды талап етпейтінін айтты.

Бұл жерде өткен жылдың желтоқсан айында дәл сол сот айыптау актісінің бірінші нұсқасында процессуалдық қателіктер жіберілді деп, прокуратураға кері қайтарғанын атап өткен жөн.

Судья сотталушылардан «өз кінәларыңды мойындайсыңдар ма?» деп сұрады. Екеуі де кінәні мойындамаймыз деп жауап берді.

Сонымен қатар, осы сот отырысында Таубаевтың қорғаушысы ретінде қатысатын оның жұбайы денсаулығына байланысты қатысқан жоқ. Осыған байланысты адвокат Мұратхан АМИТОВ сот процесін кейінге қалдыруға өтініш білдірді.

- Сотталушыларды басқа да кәсіби адвокаттар қорғайды, сондықтан процесті кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Өтінішті қанағаттандырудан бас тартылды, - деді судья.

Содан кейін сот дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгіледі және қатысушылардың өтінішін қарады. Сот процесі келесі аптада жалғасады.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру