«Каспий зардап шекпейді»: экология министрлігінің мәлімдемесі сынға ұшырады

14 сәуір 02:30 2191 рет қаралды

Каспийдегі теңіз түбін тереңдету жұмыстарына қатысты қоғам белсенділерінің жақындағы  жарияланымдарына Экология министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті назар аударды. Ведомство өзінің Facebook парақшасында «Каспий зардап шекпейді» атты мақала жариялады. Төменде сол пост-мәлімдемені жариялап отырмыз.

 

«КАСПИЙ ЗАРДАП ШЕКПЕЙДІ»

Жақында әлеуметтік желіде "Министрліктердің табиғатқа жаны ашымайды" атты мақала жарияланды, онда экологтар мұнай өндіру үшін Каспийді тереңдету туралы айтты. Бұл мақалада экоәлеуметтанушылар, North Caspian Operating Company N.V(бұдан әрі – NCOC) мұнай өндіру компаниясымен Каспий түбін тереңдету теңіз флорасы мен фаунасына теріс әсер етіп, тіпті экологиялық апатқа әкеп соқтырады деп пайымдайды. Бірқатар қоғам өкілдерінің мұндай қорқынышы түсінікті, бірақ бәрі бірдей кесімді және біркелкі емес. Бұл мәселеге құзыретті, кәсіби және теңгерімді көзқарас қажет.

2020 жылғы 21 қыркүйекте Атырау облысының әкімдігі экологиялық заңнама талаптарына сәйкес «Қашаған кен орнын жайластыру. Теңіз кешені. Теңіз кеме қатынасы каналдары» жобасына «Қоршаған ортаға әсерді бағалау» жобасы бойынша шектеусіз режимде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырды. Жоба экологиялық қоғамдастықтың тікелей қатысуымен кеңінен талқыланды.

Аталған тыңдаулар «Жайық-Каспий Орхус орталығы» үкіметтік емес ұйымының басшысы Шынар Ізтілеуованың төрағалығымен өтті. Іс-шараға «Атамекен Эко» ҚБ директоры Арман Хайруллинді қоса алғанда, 120-дан астам адам қатысты. Барлық айтылған ұсыныстар ескерілді, жобаға енгізілген ескертулер хаттамаға енгізілді. 

Аталған жоба кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу үшін Атырау облысы бойынша экология департаментіне 2020 жылдың қараша айында түсті.

Өткен жылдың соңында NCOC жобасы бойынша Департаментпен сараптамалық кеңес өткізілді, оның қорытындысы бойынша шешім алу үшін бірқатар ескерту жіберілді. Оларды жойғаннан кейін 2021 жылғы ақпанда Департаментке жоғарыда көрсетілген жоба қайта келіп түсті және 2021 жылғы 25 наурызда қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатпен бір мезгілде мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілді.

2020 жылғы 21 желтоқсанда экология департаменті экологиялық сараптама барысында сарапшылар кеңесін шақырды, оған тәуелсіз сарапшылар кірді, қоғамдық экологиялық ұсынымдар ұсынылды. Осы кеңесте барлық ескерту мен ұсыныс талқыланды, атап айтқанда: балық қорлары, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, топырақты қазып алудың және ауыстырудың баламалы нұсқалары, су қорғау аймақтары және ең бастысы, осы жобаның қауіпсіздік мәселелері.

Барлық ескерту жойылғаннан кейін және қоршаған ортаға әсерді сақтау және азайту бойынша ұсыныстар енгізілгеннен кейін оң қорытынды берілді.

Теңіз каналын салуға бөлінген теңіз учаскесі фондық мониторинг және әсер ету мониторингі бойынша есептілікке сәйкес құстардың ұя салатын және бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын аймақтарынан тыс орналасқанын атап өткен жөн.

Канал салу процесінде балық ресурстарына сөзсіз зиян келтіруіне келетін болсақ, жоспарланған жұмыстарды жүргізу кезінде жобада теңіз экожүйесін сақтау және қоршаған ортаға әсерді азайту үшін экологиялық шаралардың максималды кешені қарастырылғаны құжатталған.

Теңіз каналдары су қорғау аймағынан 17 километр қашықтықта жүргізіледі, ал теңіз каналын орналастыру мен салудың таңдап алынған нұсқасы, сондай-ақ бұрылу бассейндері басқа да қарастырылған баламалы ұсыныстардың арасында ең қауіпсіз және экологиялық қолайлы нұсқа болып табылады.

Жоғарыда аталған жобаны іске асыру қажеттілігі теңіз деңгейінің болжамды ауытқуларына байланысты. Сондықтан төтенше жағдайлар туындаған кезде эвакуациялау жолдарын міндетті түрде қамтамасыз ете отырып, кемелердің аралдарға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жақындату арналарын салу қажет.

«Шаруашылық қызметі нәтижесінде балық ресурстары мен басқа да су жануарларына келтірілетін және келтірілген зиянды, оның ішінде болмай қоймайтын зиянды өтеу мөлшерін есептеу әдістемесі» бойынша есептелген залалды өтеу жөніндегі барлық жауапкершілікті компания өзіне алады.

Бұл «Балық шаруашылығы ҒӨО" ЖШС-нің, сондай-ақ «Қашаған кен орны объектілерін жайластыру. Теңіз кешені. Теңіз кеме қатынасы каналдары". жобасына балық шаруашылығы саласындағы ихтиолог маманның қоса берілген сараптамалық қорытындыларымен расталады.

Техникалық тапсырмаға сәйкес теңіз түбін тереңдету жұмыстары орындалады және түбін тереңдету, топырақ үйінділерін жасау процесінде жоғары лайлылықтың пайда болуын азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданады. Ол үшін «cooking pot» технологиясы бойынша батырылатын диффузорларды қолдану көзделген.

Нәтижесінде, аталған жоба тиісті құзыретті органдармен бірнеше Комитеттің хаттарымен келісілді, олардың ішінде: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары, Жер ресурстарын басқару комитеті, сондай-ақ республиканың экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті. NCOC кәсіпорны өз кезегінде құзыретті органдардың тұрақты бақылауында болатын жобаның келісілген мерзімінде барлық жұмыстарды қауіпсіз жүргізу бойынша қажетті шараларды қабылдауға міндеттеме берді.»

 

«ҚОӘБ-ДАН КЕЙІН ЖАУАПТАН ГӨРІ СҰРАҚ КӨБЕЙДІ»

Галина ЧЕРНОВА. Сурет "АЖ" мұрағатынан

Комитеттің мәлімдемесіне «Глобус» ҚБ басшысы Галина ЧЕРНОВА жауап берді. Экология жанашыры Facebook-те жарияланған  посттың астына өз пікірін қалдырды.

"Экология министрлігі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын бере отырып, мұндай жобаларға белсенді түрде қолдау беріп жатыр (мүмкін тегін емес!), ал біз айналада нені көріп отырмыз?

Экожүйелер белгілі шегірен былғары секілді қысқару жылдамдығымен жойылып барады; Атырау қаласының атмосферасында күкіртсутегі үнемі тіркеледі; біздің көз алдымызда бекіре тұқымдас балықтардың (бір кездері біздің өлкеміздің даңқы мен мақтанышы болған) ғана емес, сонымен қатар қара балықтың да популяциясы азайды... Ал, сонда не қалды? Айнала экологиялық проблема, газдалған қала, су мен балық ресурстарының азаюы... Ал бізге бәрі жақсы, біздің және табиғаттың игілігі үшін онсыз да Солтүстік-Шығыс Каспий тартылып қалғанда теңіз арналарын қазу қалыпты жағдай деп айта береді! Бұл абсурд, тіпті, одан да бетер болмаса.

Өткізілген қоғамдық тыңдаулар бойынша: олар уақыты шектеулі ZOOM-алаңда өткізіліп, сұрақтарға тек 20 минут уақыт бөлінді. Эфирдің бар уақыты осы жобаны жасаушылардан түскен хабарламаға жұмсалды.

ҚОӘБ жобасы жауаптан гөрі көп сұрақ туындатты.

1. Мысалы, арналарды қазған кезде шабақ пен балыққа зиянды әсер ету фактілері неге ҚОӘБ-дан көрінбеді? ҚОӘБ жобасымен алдын-ала танысқан кезде бұл мәліметтер ұсынылған болатын.

2. Бентос, зообентос және зоопланктонның құрып кетуі туралы: компания халықаралық талаптарға сәйкес осы түрлердің кем дегенде 20-50 таксонының әсеріне зерттеу жүргізуі керек еді. Бұл аймақ Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясының ихтиофауна азықтық алқаптары болғандықтан, осы түрлердің ішінен азықтық бірліктер тұрғысынан ең осал және ең көп зиян шегетін топты бөліп алып, осы залалды есептеп және осы деректерді теңіз жұмыстарын жүргізудің орындылығымен салыстыру қажет. Бұл зерттеулер қайда және таксондардың қай түрлері таңдалды – әлі жауап жоқ.

3. Осы жобаның ҚОӘБ жүргізу кезінде экожүйелік тәсіл бұзылған: Солтүстік-Шығыс Каспийдің экожүйесіне тұтастай әсер етудің есебі еш жерде жоқ және бұл жоба теңіздің гидрологиялық режиміне, оның өзін-өзі тазарту және өзін-өзі реттеу, биоалуантүрлілікті қалпына келтіру қабілетіне қалай әсер етеді.

4. NCOC компаниясының мұнай өндірген бүкіл кезеңде, ең азы жобаның белгіленген 2038 жылға дейінгі даму кезеңі ішінде Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі жөніндегі толық болжамды деректер қайда?

5. Теңіз арналары жобасының құны қандай және бұл жұмыстар бүкіл NCOC мұнай өндіру жобасының қымбаттауына қаншалықты себеп болады?

Өздеріңіз білетіндей, жұртшылық әлі күнге дейін қойылған сұрақтарға нақты жауап алған жоқ. Осыдан кейін NCOC компаниясына және негізгі миссиясы бойынша табиғатты қорғауды қамтамасыз етуі немесе табиғи ресурстарды бақылауды қамтамасыз етуі тиіс министрлікке қалай сенуге болады?", - деп қорытындылады сөзін Чернова.

Естеріңізге сала кетсек, NCOC кеме қатынасы каналдарын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдау 2020 жылдың қазан айында өтті. 

Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру