Құлсарыда жол белгілері қайда кеткен?

20 сәуір 14:59 2815 рет қаралды

50 мыңнан астам халқы бар Құлсары қаласындағы жол сызықтарының ескіргені немесе болмауы жүргізушілермен қатар жаяу жүргіншілерге де үлкен қауіп туғызып тұр. Әкімдіктің телеграмм чатында осы мәселе көп көтерілгенімен бұған әзірге мән беріп жатырған ешкім жоқ.

Қаланың сырт жақ көшелерімен жүріп өткенбіз, бірінде жолақ сызықтар бар, екіншісінде мүлдем қарастырылмаған. Кейбір жол жиегінде жаяу жүргінші өтуіне мүмкіндік болатынын білдіретін қалқанша темір белгі ғана қалқиып тұр.  Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін қажетті жолақ сызықтар (зебра) мүлдем жоқ. Ал орталық базар басында көлік қоятын алаңшалар болғанымен көліктерін жол жиегіне бейберкетсіз қалдырып, базар аралап кететіндер көп. Бұл тар көшеде көліктердің ерсілі-қарсылы жүруіне кедергі келтіруде. Бұл жерде бағдаршам мен жаяу жүргінші белгілері бар. Қалада жедел басқару орталығы және ақылды камера жұмыс жасап тұр. Аудандық полиция бөлімшесі соңғы жылдары жаяу жүргіншіге қатысты ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелмегенін айтты. 

- Қаланың көп қабатты үйлері шоғырланған ықшамаудандағы жолдарда белгі бар, жолақ жоқ. Әжіғалиев, Балкенжиев көшелерінде жаяу жүргінші үшін белгі жоқ. Бірақ апта сайын болатын жәрмеңке күні көліктер осы көшеден көп жүреді, - дейді жергілікті тұрғындар. - Жалпы қалада толыққанды түрде жолға қажетті белгілерді қою ұйымдастырылмаған. Ал қала болса жылдан-жылға үлкейіп, көліктер де көбейіп келеді.

Қала орталығындағы Махамбет даңғылы сорақы күйде. Көшеде жол сызықтары мүлдем жоқ. Бұл жерден халық көп жүреді. Жол белгісі көшенің бір жақ бөлігінде бар да, қарама-қарсы жағына орнатылмаған. Адамдар жан-жағына жалтақтап, жүгіріп өтеді. Жүргізушілер жаяу жүргіншілердің өтуіне мүмкіндік беріп, аялдайды, ал кейбір көліктер жылдамдығын ірікпестен өтіп кетеді.

- Қалада тозығы жеткен белілерді ауыстыру және жасанды жол кедергілерін онату жұмыстары жүргізіледі. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспециясы бөлімімен қалаішілік жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне жол жолағын  сызу жұмыстарын жүргізу ойластырылуда. Қазір бюджеттік өтінім әзірленуде, - дейді Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Қадыржан АДИНОВ.

Бұл биыл іске аса ма – әзірге белгісіз.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру