Мұнайдың 100 жылдығы. Ұмытылған Доссор

7 сәуір 03:44 2893 рет қаралды

1999-шы жыл атыраулықтар үшін Қазақстан мұнайының 100 жылдығын кең көлемде атап өтумен есте қалды. Оны сол кезде жаңадан келген облыс әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ ұйымдастырды.

Ол әлі де әр жылдары басқарған аймақ басшылары ішінде көшбасшы қатарынан түспей келеді. Тіпті біздің оқырмандар сол кезде 43 жастағы сүйкімді қараторы жігітке ғашықпын деп «Аптаның көңіл-күйі» айдарына жиі қоңырау шалатын. Сол себептен «AЖ» оны жылдың «Серісі» деп атады. Иә, актер де емес, әншіні емес, саясаткерді.

1999 жылдың 18 ақпанында сол кезде елдің премьер-министрі болған Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВ қысқа уақытқа өзінің туған өлкесіне ат басын тіреп, облыстың жаңа басшысын, сол жерлесіміз Иманғали Тасмағамбетовті таныстырды. Жергілікті атқамінерлер жиналысында премьер-министр аймақтың экономикалық жағдайын өте төмен бағалады: ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу шамамен екі есе кеміген, ал мұнайды өңдеу ісі үштен бірінен астамға азайды. «Ембімұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» және Атырау МӨЗ өз мүмкіндіктерін толық пайдаланбай жұмыс жасады. Оның пікірінше, «мұнайға бәс тігу» қате. Оның бағасының құлдырауы аймақтың барлық осал тұстарын айқындап берді. Іске аса белсенділікпен кіріскен жаңа әкім жағдайды қалыпқа келтіруі керек еді. Ол қол қойған №1 шешім бюджеттік мекемелердің бірінші кезектегі төлемдеріне (жалақы, азық-түлік, балалар жәрдемақысы, дәрі-дәрмек, стипендия) қатысы жоқ шығындарды қаржыландыруға тыйым салу туралы болды. Облыстық қаржы басқармасы 84 млн. теңге аударды - бұл қаражат аудандарда толық 1997 жылға және қалада 4 тоқсанға балалар жәрдемақысы бойынша берешекті өтеуге жетті.  Осылайша, бірте-бірте бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақы мен зейнетақы бойынша қарыздар жабыла бастады.

 

ҚАЛА ТАЗАРДЫ...

Атыраудың көркін көріп, қатты таң қалды. Айта кету керек, ол кезде қала қоқыстың ортасында болды: «Арнаулы автобаза» жұмысына ешкімнің көңілі толмайды, тұрғындар онсыз да толып қалған қоқыс жәшіктерінің маңайына тұрмыстық қалдықтарды тау-төбедей үйіп қоюға мәжбүр болды. Елордадан ҚР Денсаулық сақтау комитетінің СЭС басқармасы бастығының орынбасары бастаған санитар дәрігерлер тобы келді. Сарапшылар қаланың қоқыс шұңқырына айналғанын растады. Нәтижесінде 15 наурызда Атырау аумағында төтенше жағдай жарияланды. Санитариялық-дезинфекциялық жұмыстарға бәрі жұмылдырылды: ПИК, оқу орындары, бірлескен кәсіпорын, төтенше жағдай қызметі, әртүрлі басқармалар, ІІБ. Қала әкімі Д.Тұрғановқа барлық су, кәріз жүйесіндегі ақауларды жою, базар мен қаланың қоқыс алаңдарын ретке келтіру, су толған жертөлелерді құрғату тапсырылды. Осы жұмыстардың орындалуын бақылайтын 23 бекет жұмыс істеді, 153 қоқыс алаңдары жабдықталды, сол үшін 700 контейнерге тапсырыс берілді. 15 күнде қаладан 1800 тонна қоқыс шығарылды.

Ол кезде мен «АЖ»-да жұмыс істедім және әкімдіктің баспасөз қызметі өз міндеттерін қаншалықты жақсы атқарғаны есімде. Журналистер барлық рейд пен тексерулерге қатысып отырды, сонда барлық басшылармен сөйлесу өте ыңғайлы еді.

 

...МЕРЕКЕГЕ ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛДЫ

Қаланы тазалағаннан кейін Тасмағамбетов Қазақстан мұнай өндірісінің 100 жылдығына арналған мерекеге дайындыққа кірісті. Бұған дейін де оның ауқымды мереке өткізу тәжірибесі бар еді - 1988 жылы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы бола отырып, сол кездегі Гурьевте «Теңіз достарды қарсы алады» атты үлкен фестиваль өткізді. Көпірдегі мерекелік шоудан басқа, мені, сол кездегі кішкентай қызды таң қалдырғаны ...  туған өлкемнің көшелерінде жазда масаның жоқтығы. Дайындық аясында мұнайлы астананың негізгі көшелерінің сәулеттік келбетін және көпірді қайта жаңарту туралы шешім қабылданды. Орталық көпірді жөндеуге ТШО 2 миллион доллар бөлді. Орталық көшелердегі 80 тұрғын үйдің қасбеті жөнделді. Екі мұражай жаңа орынға қоныс тепті – бұрынғы перзентхана мен мәдени ағарту училищесінің жөнделген ғимараттарына. Ал екі ортаға Арбат секілді алаң жасап, жауып тастады. Драма театры күрделі жөндеуден өтті. Маслопромда бір себептермен 80 жылдары алып тастаған айналма жол қайтадан пайда болды. Бұған қаражат жергілікті бюджеттен де, ТШО, ОКИОК және өзіміздің мұнайшылар секілді демеушілерден де бөлінді. 1999 жылы 24 мамырда орталық көпір қайта жаңарту үшін жабылды. Бұл, әрине, едәуір қолайсыздық тудырды. Әкімдік қоғамдық көліктердің жаңа бағыты мен қозғалу кестесін бекітті. Көліктер қала сыртындағы «автомобиль» көпірімен өтті, ал жаяу жүргіншілер екі ортаға «Атырау» шипажайы - Университет» паромы арқылы қатынады. Біз де газет шығаратын пленкаларды баспаханаға паром арқылы беріп жіберіп жүрдік, арғы беттен жүргізуші күтіп алатын, оған алдын ала пейджер арқылы хабарлама жібереміз. Есімде, бір күні оператор дұрыс түсінбей, «Пленканы баспаханаға апарыңыз» деген смс орнына біздің жүргізуші «Ленкаға баспахананы апарыңыз» деген өтініш алған еді.

 

ПЕЙДЖЕРДІ ҚОЛДАНДЫҚ, АЛ ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДЫ  БІЛМЕЙМІЗ

Мерекеге дайындық кезінде біздің өңір туралы бірден 4 фильм түсірілді, жобаның продюсері Сергей АЗИМОВ болды. Театрландырылған көрініс дайындығын режиссер Станислав МИХЛИН басқарды. Ол кезде ұялы байланыс туралы білетініміз шамалы, ал аппараттың өзі қымбат тұратын. Сонымен, бос уақыты бола бермейтін Станилсав Абдуллаевич маған сұхбатты тек түнге қарай, онда да стадионда немесе көпірдің үстінде жүргенде бере алатынын ескертті. Қысқасы, қоңырау шалсаң – табасың деді. Оның телефон нөмірін табу оңай болған жоқ, ал тілдесу одан қиынға соқты. Белгіленген уақытқа таяу редакция телефонына тыным бермей, тетіктерін айналдыра бердім, бірақ тұтқаның арғы жағында кері байланыс болмады. Ақырында, білетіндерден біреу нөмірді сегіздік арқылы теру керек деп кеңес берді.

 

МЕРЕКЕНІҢ ЖАРЫҒЫ МЕН КӨЛЕҢКЕСІ

Мұнайдың 100 жылдығына арналған «АЖ» репортажы осылай аталды. Кешіріңіз, гиперсілтеме бере алмаймыз, өйткені ол кезде бізде веб-сайт болмаған. Мереке әр жерде ұйымдастырылып, бірнеше күнге созылды, біздің тілшілер бәріне қатысуға тырысты, кейбір алаңдарда тіпті өмірге қауіп төнген кездер болды. Қызыққа тоймаған көпшілік  жолдағының бәрін жайпап әкетіп жатты. Театрландырылған қойылым (айталық, Олимпиаданың ашылуының кішірейтілген көшірмесі) өткен Мұнайшы стадионындағы адамдардың кептелісінде бір балақай зардап шекті, қалғандары аяқ киім, сөмке, көзілдіріктерін жоғалтып, түймелері тамырымен жұлынып қалды. Ресми емес мәлімет бойынша, сол күні кеште стадионға 18 мың адам сыйып кеткен. Бәрі біткен кезде полиция бір демалып, ерекше шектен шыққан жағдай болмағанын атап өтті. Бірақ, белгілі болғандай, сол кептелістен 7 адам ауруханаға түскен. «Қатаң түрде рұқсатпен кіру» тәртібі іке аспады; керісінше, трибунада «қояндар»  отырды да, ал Нұрлан ҚАППАРОВ немесе Асанәлі ӘШІМОВ сынды VIP-тұлғалар  стадионға кіре алмады. Сол кезде ол жерде Қазақстан тарихы туралы жарқын суреттелген оқиғалар бейнеленді, қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздары ән шырқады. Бағдарламаның ішіндегі ең қызығы – Жайықтағы лазерлік пиротехникалық шоу болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырауға Қазақстан мұнайының мерейтойын атап өту сапарына арналған бағдарламаның шешуші бағыты -  инвесторлармен, яғни елдегі түрлі жобаларға қатысатын шетелдік мұнай компанияларының басшыларымен кездесу болды. Сонымен қатар, ол жаңартылған көпірдегі символикалық лентаны қиып, Сарайшықта ұлы дала билеріне арналған мемориалды ашты.

 

КАДР СЫРТЫНДА

Осы мерекеде бөтен болып қалған жергілікті тұрғындардың сезімдері «АЖ» газетінің сол кездегі тілшісі Меруерт АХОНОВАНЫҢ репортажында көрініс тапты.

- Мұнайшылардың мерекесі деген жай сөз. Нағыз мұнайшылар қазір үлкен қиындықты бастан өткеріп жатыр, оны ешкім ойламайды. Олар тозығы жеткен үйлерде тұрады, бірнеше ай бойы зейнетақыны күтеді, балалары жұмыссыз», - деп ренжиді Қазақстан мұнайы бастау алған Доссор ауылынан келген Құмар. - Біздің үкімет бес-алты мұнайшыны ғана қамқорлығына алды, құрмет пен марапаттар да соларға берілді. Қалғанын мұнай магнаттары өзара бөлісіп алды. Осыдан кейін бұл мерекені  мұнайшыларға арналған деп қалай айтуға болады?

Мерекелік салтанат әлдеқашан өтіп кетті, орталық көпір қайта жөндеуді қажет етеді және Құмар ағаның сөзі әлі де өзекті болып отыр.  Доссор ауылында 100-ден астам апаттық үй бар, ал кейбіреулері өткен ғасырдың басында ағылшындар салған үйлерде әлі тұрады. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру