​Автовокзал «Атырау 2-ге» көшірілмек

26 наурыз 18:41 2495 рет қаралды

Жақында ҚТЖ басшылығы атынан жергілікті магистральды желілер бөлімшесінің директоры жанында тұрған автовокзал есебінен темір жол вокзалының алаңын кеңейту жоспарланғанын хабарлады. Себебі қазір вокзал 3000-ға жуық адамға қызмет көрсетеді екен.

- Теміржол вокзалының ғимараты 1972 жылы салынған және 500 адамға есептелген, ал бүгінде вокзал күніне шамамен 3 мың адамға қызмет көрсетеді. Кеңейту қажет, сондықтан біз автовокзал ғимаратын теміржол вокзалына қосуды жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша біздің ғимараттың екінші қабаты арқылы екі ортаға құрылыс салынады. Жұмыстар автовокзал ҚТЖ компаниясының балансына қабылданғаннан кейін басталады, әзірге бұл мәселелер шешімін күтіп тұр, - дейді бөлімше директоры Елеубай САПАРОВ.

Автовокзалды сенімді басқаруға алған кәсіпкер Вадим СИНКЕВИЧ бұл жоспарға үзілді-кесілді қарсы.

- 2018 жылы біз қалалық әкімдік және NCOC компаниясымен автостанция ғимаратын кейіннен ұзартуға болатын 5 жылға сенімгерлік басқаруға беру туралы үш жақты шартқа қол қойдық. Сондықтан кем дегенде 23-ші жылға дейін ешкім менің ғимаратымды ала алмайды. Жер мемлекетке тиесілі, ғимараттың өзін NCOC салды. Ал мен өз ісіме 30 млн теңгеден астам қаржы жұмсадым, жөндеу жұмыстарын жүргіздім, бірнеше жаңа маршрут ашып, билет бағасын арзандаттым, жеңілдік қарастырдым. Бұл ауданнан келгендерге өте ыңғайлы жер - жақын жерде «Дина» базары орналасқан. Мен біздің ғимараттың теміржол вокзалына қосылуына қарсылық білдіріп қана қоймай, сотқа беремін, - дейді В.Синкевич.

NCOC компаниясында біздің сауалымызға «Автобекет» ғимараты астындағы жер учаскесі NCOC компаниясының уақытша өтеулі жер пайдалануында екендігі және қазір компанияда ғимаратты одан әрі пайдалану бойынша сұрақ жоқ деп жауап берді. «Пайдалану үшжақты келісімшарт бойынша жалғасуда. NCOC теміржол вокзалын автовокзалмен біріктіру туралы шешімге қатысты ақпарат алған жоқ және қай тараптан болса да тиісті сұраныс түскен жоқ», - делінген жауапта.

«АЖ» бұл тақырыпты бірнеше рет қозғады.  Біздің жарияланымдарға сәйкес автовокзал ғимаратын 2009 жылы «Аджип ККО» (қазіргі NCOC) компаниясы өз қызметкерлері үшін салды, бірақ кейін жоспары өзгеріп, ғимарат облыс орталығының қажеттілігі үшін сенімгерлік басқаруға берілді.

2014 жылы ғимарат Мемлекеттік тізілімде тіркелмеген деп, оны түбегейлі жауып тастады. Сол кезде тасымалдаушыларға Атырау-2 ықшамауданындағы «Аламан» жаңа автовокзалына көшуді ұсынды. Бірақ кейін мәселе шешіліп, «Автобекет» кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілді.

Міне, оқиға тағы қайталанып отыр, енді оның «тұздығы» басқаша. Бұл жерде басты назар мүдделер қақтығысы емес, Атырау тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы болуында. Бірақ олардан ешкім сұрамайды-ау. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру