Орынбордан жеткен жаңалық: «...Жайық біздікі!»

19 наурыз 15:31 3990 рет қаралды

Орынбор маңындағы Жайық өзеніне құйылма су бөгетін салу туралы жаңалықты Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары жақсы қабылдамады. Әлеуметтік желіде қызу пікірталас жүріп жатыр. Тұрғындар тарапынан мұндай реакцияның болуы түсінікті, өйткені Жайық - трансшекаралық өзеннің қазақстандық бөлігіндегі 2,6 млн адамның негізгі ауыз су көзі.

Www.ural56.ru хабарлағандай, «қалалық су жинағыштың жұмысын жақсарту мақсатында су деңгейін көтеру үшін құйылма су бөгетін салу жоспарланған, жұмыс құны - 300 миллион рубль». Орынбор облысының табиғи ресурстар және экология министрі Александр Самбурскийдің айтуынша, бұл ұсыныс су ресурстары жөніндегі федералды агенттікке жолданған.

 

МӘЖІЛІСМЕНДЕР ТҮСІНБЕЙ ДАЛ

Жақында ғана Атырау облысынан сайланған ҚР Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай ТҰРҒАНОВТАН осы жаңалыққа түсініктеме беруін сұрадық. Айтпақшы, ол ақпан айында премьер-министр Асқар МАМИННІҢ атына депутаттық сауал жолдаған еді. Онда, атап айтқанда, су тапшылығы проблемасын шешу бойынша Қазақстан мен РФ қабылдаған шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылғаны, Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің тізіміне енгізу туралы, Жайық суын тұтынуды азайту мақсатында жер асты суларын ауқымды пайдалану мүмкіндігін қарастыру туралы айтылған.

- БҰҰ-ның трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенциясына сәйкес, елдер бөгет пен су қоймаларын салуды шекаралас мемлекеттермен келісуі керек. Олардың қазір неліктен келіспейтіні түсініксіз. Мен бұл бөгеттің салынуына қарсымын, әрине. Ресей Конвенцияға қол қойғанымен, басқаша болып отыр, - деді депутат «АЖ»-ға телефон арқылы. - Өзімнің депутаттық сауалыма әлі жауап алмадым. Бірақ бұл проблеманы президент деңгейінде көтеру керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану туралы келісім бар, бірақ осы жылдар ішінде ештеңе жасалмады.

 

МИНИСТРЛІК БЕЙХАБАР

Біз ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне редакциялық сауал жолдадық. Вице-министр Ерлан НЫСАНБАЕВ ҚР Үкіметі мен РФ үкіметі арасындағы 2010 жылғы 7 қыркүйектегі «Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы» келісімнің 6-бабына сәйкес, іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлаған Тарап мұндай іс-шараларды іске асыру басталғанға дейін екінші Тарапты бұл туралы хабардар етуі және Қазақстан-Ресей комиссиясына хабарлауы керек.

Ол Ресей тарапының министрлікке Жайық өзеніне құйылма бөгет салу жобасын қарастыру туралы ұсыныспен жүгінбегенін айтты. Сауалымыздан кейін министрлік Жайық бассейндік округінің құйылма бөгет салу шешімі туралы интернеттен білді... Содан соң Ресей Федерациясының Су ресурстары жөніндегі федералды агенттігіне бұл шешім Келісім нормаларын сақтай отырып қабылдануы керек еді деген хат жолдады.

 

ШЕКСІЗ СУ ҚОЙМАСЫ

2018 жылы «Су бастамалары орталығы» ОФ сарапшысы болып жұмыс істеген Мейрам АРЫСТАНОВ «АЖ»-ға берген сұхбатында соңғы 10-15 жыл ішінде Башқұртстан Республикасында жеткілікті ірі - Акъярское, Бузавлыкское, Таналыкское, Маканское су қоймалары құрылды деп мәлімдеді. Су объектілерін кешенді пайдалану және қорғау сызбасының жобасына сәйкес, Малый, Бескекты, Зелаир, Ташла, Большой Акмурун, Малый Седяк, Таналык, Большой Кизил, Аюла, Большой Ускалык гидротехникалық құрылыстарды салу жоспарлануда. Олардың бәрі Үлкен Кизилді қоспағанда, Жайыққа ең маңызды су жеткізуші - Сақмардың саласы.

2016 жылы дайындалған екі ел сарапшыларының кешенді баяндамасына сәйкес, Жайықтағы су ағынының көлемі өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап біртіндеп азая бастады және бұл 2006 жылдан бастап ерекше байқалды.

Сарапшылар бірнеше себептерді атады: өзендердегі су азаятын кезеңдерді жиілететін климаттық факторлар, бассейндегі ағын суларды реттеу, жер жырту мен ормандардың кесілуіне байланысты гидрографиялық жүйенің нашарлауы. Өзендер бассейнінде 12 ірі су қоймасы және күрделі құрылыстары бар 80-ге жуық гидротораптар салынды. Бұдан басқа, бассейннің барлық кішігірім өзендерінде 3100-ге жуық топырақ бөгеттері ретсіз орнатылып, Жайықтың су көлеміне орны толмас зиян келтірді, делінген құжатта.

 

ҚҰЖАТ ТА, КЕҢЕС ТЕ КӨП

Биыл Жайықтағы болжамды су көлемі туралы сұраққа Экология министрлігі «Қазгидромет» РМК ұсынған алдын-ала болжамға сәйкес, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында көктемгі су тасқыны басталатын гидрометеорологиялық ахуалға байланысты (қар жамылғысындағы су қоры, топырақтың күзгі ылғалдылығы, болжамды көлем және т.б.), су мөлшері орташа жылдық мәндерден аз болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта қар жиналу процесі әлі жалғасуда.

Министрлік өзеннің су көлемін арттыру үшін ірі өзен бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу жөніндегі ынтымақтастықты белсенді етудің Бірыңғай жол картасы бекітілгенін хабарлады.

Жыл басынан бері екі тараптың сарапшылары Жайық өзенінің гидрологиялық режимін зерттей бастады, Бірыңғай жол картасы іс-шараларын жүзеге асыру басталды, талдау жүргізу үшін ақпарат жиналды. Наурыздың үшінші онкүндігінде Ресей тарапымен жұмыс кеңесі жоспарланған. Оның барысында Бірыңғай жол картасы бойынша жүргізілген жұмыстар туралы ақпарат алмасу жоспарланып отыр. Содан кейін сарапшылар Жайықтың гидрологиялық ағынын жақсарту бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлейді.

Айтылған сөз көп болғанмен, жасалып жатқан жұмыс аз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА





Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру