Әділет министрлігі мен Ұлттық банк Англиядағы Стати ісінде жеңіске жетті

12 наурыз 2021 09:39 1646 рет қаралды

Әділет министрлігі мен Қазақстан Ұлттық банкі Англияда Стати ісінде жеңіске жетті, деп хабарлады өзінің ресми сайтында ҚР Әділет министрлігі.

2021 жылы 11 наурызда Англияның Жоғары соты Стати тарапының Қазақстан Республикасы мен Қазақстан Ұлттық банкіне 3,7 миллион АҚШ долларынан астам сот шығындарын төлеуге міндеттейтін сот бұйрығының күшін жоюға қатысты өтінішін қабылдамау туралы шешім шығарды. Англия мен Уэльстің Жоғары сотының Шығындар басқармасының шығындар жөніндегі судьясы Роулимен Статидің өтініші 2021 жылдың 15 ақпанында сот отырысында тыңдалды.

"Шығындар туралы қаулы Стати барлық сатыда сәтсіздікке ұшыраған және Статидің Қазақстанға қарсы алынған төрелік шешімді орындауға қатысты жалғасып жатқан әрекеттерімен байланысты Англияның Жоғары сотындағы талқылауларды аяқтайды", - делінген хабарламада.

Бүгінгі шешімде былай делінген: "Стати тараптары Жоғары соттың юрисдикциясына қарсы шығуға тырысты, бірақ бұл талпынысында сәтсіз болды және бұл 2018 жылдың 4 желтоқсанында қабылданған қаулыға әкелді. Стати Жоғары сот талқылауында да сәтсіздікке ұшырады және талапкерлердің (Қазақстан мен Ұлттық банк) шығыстарын төлеуге міндетті болды..."

"Ағылшын талқылауларында жеңілгеннен кейін Стати шығындарды төлеуге міндетті болды, бірақ қаулыны орындаған жоқ. Сонымен бірге Стати Қазақстанмен және Ұлттық банкпен байланысқа шықпағандықтан, Республика және Ұлттық Банк өз шығыстарын түбегейлі бағалаудың процесін бастағаны туралы олардың заңгерлері King & Spalding-ке 2020 жылы желтоқсанда хабарлады. Алайда Стати оған да жауап бермеді. Жауап беруге берілетін 21 күн өткеннен кейін, 2021 жылы 6 қаңтарда шығыстарды өтеу туралы бұйрық шығарылды. Енді олар шығындарды өтеу туралы сот бұйрығының күшін жоюға талпынысында да сәтсіздікке ұшырады.

King&Spalding партнері Эгише Джазоян өзінің куәгерлік жауабында шығыстар бойынша заңгерлерге нұсқау беру үшін екі апта және толық файлды беру үшін тағы екі апта қажет болғанын сипаттайды: "Менің фирмамның барлық электрондық деректер жиынтығының/файлдың көшірмесін қажетті .pst форматта беруді ұйымдастыруға екі аптаға жуық уақыты кетті ( ... ), ол [шығыстар бойынша заңгерлерге] 2021 жылдың 4 ақпанында берілді. Кішігірім кідірістің себебі менің фирмамдағы деректердің құпиялылығын қорғау саясаты мен процедураларына байланысты осы түрдегі деректерді жинау және бөлісу туралы менің фирмамдағы Жазбалар мен ақпаратты басқару жөніндегі Директордан белгілі бір ішкі келісімді алу қажеттілігімен байланысты болды.

Өз шешімінде судья Роули куәгерлік жауаптың осы бөлігін қайталап, "бұл сенімді сияқты емес" деп тапты. Одан әрі ол былай дейді: "Outlook-те электрондық пошталарға арналған әдеттегі форматта деректер файлын жасау үшін тағы екі апта қажет болғандығы таңқалдырады. Мұны "кішкене кідіріс" деп сипаттау эвфемизм болып табылады, ал кідірістің себебі - ішкі басқару проблемасы бір уақытта таңқаларлық және сенімсіз. Бұндай шығындарға қатысты сырттай шешім қабылданған жағдай әрдайым мүмкін болғандықтан, [King & Spalding]-ке қатысты кейбір сын-ескертпелер қолданылуы мүмкін, себебі кез келген қажет ішкі келісімді алуға басымдық беріледі деп ойлауға болады.” Әрі қарай ол: "Менің ойымша, Стати жеткілікті жылдамдықпен әрекет етпеді...”, - деп тапты. Заңды тестті қолдану судья Роулиді мынадай қорытындыларға әкелді: "даулы мәселелерді шешу мерзімін сақтамау ережелерді елеулі бұзу болып табылатынына күмән жоқ..." және "бұндай бұзушылыққа қисынды түсінік жоқ".

Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев бұл шешімді құптады.

"Біз ағылшын соты шығарған сот шығындарын өтеумен байланысты шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдап, басқа юрисдикцияларда Статидің төрелік шешімді мәжбүрлеп орындау процестеріне қарсы тұруды жалғастырамыз. Жетекші сарапшылар фактілерді талдап, төрелік шешім алаяқтық жолмен алынды, ал Статидің оны орындауға қатысты шаралары заңсыз және этикалық емес деген қорытындыға келді", - деді Марат Бекетаев.

Сонымен бірге ведомствоның сайтында іске қатысты алдыңғы оқиғалардың қысқаша мазмұны жазылған.




Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру