Экология министрі ТШО мен АМӨЗ-ді сынға алды

19 ақпан 14:29 2555 рет қаралды

Бүгін, 19 ақпанда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ жұмыс сапарымен Атырауға келді. Ол бірқатар кәсіпорын басшыларымен және экология белсенділерімен кездесті. Негізгі тақырып - жаңа Экология кодексі және өңіріміздегі қоршаған ортаны қорғау.

- Біздің міндетіміз – тұрғындарды Кодекстің жаңа нормалары туралы, олардың қоршаған орта жағдайына қалай оң әсер етуі керектігі туралы ақпараттандыру, - деді министр. Содан кейін жаңа заң актісінің негізгі бағыттарын министрдің орынбасары Ахметжан ПІРІМҚҰЛОВ жариялады. Атап айтқанда, оның айтуынша, 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау шараларын түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100% көлемде қаржыландырады.

- Атырау - ауаның ластану деңгейі ең жоғары 10 қаланың бірі. Осы жағдайды Экология кодексінің аясында шешу үшін «ластаушы төлем жасайды және түзетеді» қағидатын енгізу, қолжетімді үздік технологияларға көшу, қоршаған ортаға әсерді бағалауға анағұрлым қатаң тәсілдер, өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру секілді бағыттар жүзеге асырылады, - деді А.Пірімқұлов.

Ол ірі кәсіпорындар экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес 10 жыл ішінде қолжетімді үздік технологияларды енгізетінін мәлімдеді. Осы мерзім ішінде олар қоршаған ортаға эмиссия төлемдерінен босатылады. Егер олар қолжетімді үздік технологияларға көшпесе, онда эмиссия төлемдерінің мөлшерлемесі өседі: 2025 жылдан бастап олар 2 есеге, 2028 жылдан бастап - 4 есеге және 2031 жылдан бастап - 8 есеге дейін өседі.

«Атамекен - Эко» қоғамдық қорының жетекшісі Арман ХАЙРУЛЛИН Экология кодексінің 175-бабындағы маңызды жайтты атап өтті: кәсіпорындар анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы экология департаментінің ұйғарымдарын қатаң сақтауы керек, әйтпесе мерзімі біткен сәттен бастап өсімпұл есептеледі.

Жайық-Каспий Орхусс орталығының жетекшісі Шынар ІЗТЕЛЕУОВА Кодексті әзірлеуде қоғамның рөлі маңызды болғанын атап өтті:

- Әрі қарай да нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге қоғам өкілдерін белсенді түрде тарту қажет, - деді ол.

Сондай-ақ, кездесуде жаңа Экологиялық кодекс бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін асырғаны үшін әкімшілік айыппұл 10 есеге өскені, қалдықтарды жинау немесе өртеу кезінде экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін айыппұлдың 5 есеге көбейгені айтылды.

Министр кездесуге қатысқан ТШО, АМӨЗ және басқа кәсіпорын басшыларын өңірді көгалдандыру бойынша жеткіліксіз күш жұмсап жатқанын сынға алды:

- Мемлекет басшысы бес жылда екі миллиард ағаш отырғызуды тапсырды. Ал сіздер өткен жылы бір гектар жерге жасыл желек отырғыздық деп, мұны «ауқымды жұмыс» деп есептейсіздер. Бірақ бұл өте аз.

Ол мысал ретінде ірі кәсіпорындардың бірі 274 гектар аумаққа ағаш отырғызған Маңғыстау облысын атады.

Айнұр САПАРОВА

Атырау облысы бойынша экология департаменті жолдаған суреттер





Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру