Атырау облысының монополияға қарсы жаңа бас қызметкері елордадан келді

16 ақпан 17:46 1929 рет қаралды

Табиғи монополия субъектісі ретінде Атырау ЖЭО әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Атырау қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан ДАРБАЕВ хабарлады.

- Әңгіме ҚР ӘҚБтК-нің 164-бабының 4-тармағы («Табиғи монополия субъектісінің шектеулерді сақтамауы, сол сияқты Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген міндеттерді орындамауы) туралы болып отыр,- деп атап өтті ТМРК басшысы. - Субъектінің тұтынушылармен келісімшарт қатынастарына негізделген міндеттері бар. Келісімшарт қандай тәртіппен жасалуы және құқықтар мен міндеттер қалай реттелетіні туралы белгілі бір регламент бар. АЖЭО бұл міндеттемелерді орындамады. Осындай факт анықталды, әрі қарай терең талдау жүргізілуде.

Бұл бап шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 200 АЕК, орта бизнес үшін - 240 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - 800 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

А.Дарбаев Атырау облысы Табиғи монополияларды реттеу департаментінің ұжымына жаңа басшыны - бұған дейін ТМРК теміржол көлігі және порттар саласын реттеу басқармасының басшысы лауазымын атқарған Әлібек ТӨЛЕПТІ таныстырды.

Әрі қарай Дарбаев бұрын жүгінген тұтынушыларды тыңдады. Сұрақтардың көпшілігі жылу түбіртектеріне, электр желісіндегі іркілістерге қатысты болды.

Мысалы, Авангард тұрғыны Дарья Толстова қаңтардағы жылу төлемақысының желтоқсанға қарағанда неге көп шыққанын сұрады.

АЖЭО президенті Мақсот ӘЛЕНОВ үйдегі ортақ есептеу аспабының көрсеткіштері бір күнде алынбайтынын - бұл үшін әр айдың 20-сы мен 30-ы аралығындағы күндер белгіленгенін айтты.

- Қалада 600-ден астам ортақ есептеу аспабы орнатылған, ал ЖЭО-да олардан көрсеткіштер алатын 3 білікті маман ғана бар. Олар дәл сол күні көрсеткіштер алуға физикалық тұрғыда үлгермейді. Сіздің пәтеріңіз бойынша көрсеткіш 4 күндік айырмашылықпен алынған, ол көрсеткіштерге әсер еткен, - деді Әленов.

Тұрғындардың пікірін тыңдаған Асан Дарбаев халыққа ақпарат жеткізу жұмыстарыңыз нашар деп ескертті жергілікті монополистерге.

- Түсіндіру жұмыстарын күшейту керек, тұрғындарға сіздердің дерекқорыңыз және есептеу құралдарының көрсеткіштері қолжетімді болу керек. Бізге жүгінетін, мән-жайды анықтап алатын адамдар бар, бірақ көпшілігі бұл туралы білмейді, түсінбейді. Әлеуметтік желіде түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Ал енді сендіріп көріңіздер. Егер тиімді жұмыс жасалса, қажетсіз хат-хабар, түсініспеушілік, дұрыс емес деп санайтын жағдайлар болмас еді. Бәрінде де осындай пікір қалыптасады. Адамдарға есептеулеріңіз дұрыс екеніне сендіріп көріңіз, сендіре алмайсыздар. Біз цифрлық заманда өмір сүріп жатырмыз, ақпаратты жеткізу өте оңай, ашық болыңыздар, - деп түйіндеді ол. Содан соң жаңа басшыға тұтынушылардың барлық арыздарын бақылауға алуды тапсырды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру