Атыраулықтар «коронаға» қарсы вакцина туралы не ойлайды

29 қаңтар 12:28 2787 рет қаралды

Көп ұзамай Атырауда COVID-19 вирусына қарсы вакцина егу басталады. Оның не үшін қажет екенін көпшілігі сұрамайды, тек оны әзірлеуге тым аз уақыт жұмсалды деп, вакцинаның сапасына ғана күмәнданады.

- Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасының мың дозалық алғашқы партиясы бірер күнде облысқа келеді. Вакцина салдырмас бұрын міндетті түрде учаскелік дәрігерге қаралу керек. 18 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан адамдарға тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы нақты мәліметтер болмағасын вакцина салынбайды. Қарсы көрсетілімдер - коронавирустың өткір және симптомсыз белгілері, жүктілік, пациенттер уақытша немесе тұрақты медициналық көмек алатын кейбір аурулар. Жұқпалы аурулары бар, оның ішінде COVID-19-бен ауырған науқастармен байланыста болғандарға вакцина алуға болмайды. Коронавирус инфекциясын жұқтырып алып, емделіп, сауығып шыққандар алты айдан кейін ғана вакцина салдыра алады, - дейді Атырау облысы бас санитар дәрігерінің орынбасары Гүлназ ИРБАТЫРОВА.

Вакцина әуелі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дәрігерлері мен қызметкерлеріне, екінші кезекте мұғалімдерге, мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне, полицейлерге салынады. Мұның ерікті түрде салынатынын ескеру керек.

Атырау көшелерінде жүргізген сауалнамамыз бойынша тұрғындардың пікірі мынадай.

- Вакцина ектіру қажет деп есептеймін. Бұл ешқандай қауіпті емес, бала кезімізден түрлі қауіпті ауруларға қарсы екпелер салдырдық қой. Вакцинаның арқасында оба, тырысқақ және тағы басқа қорқынышты ауруларды жеңдік. Ал бізге қандай сападағы вакцина жеткізілетіні басқа мәселе. Әр өндіруші өз препаратын ұсынып, мақтауын жеткізеді. Өйткені вакцинаны әзірлеу көп қаражатты қажет етеді, соны ақтау керек қой. Егер Қазақстан өзінің сапалы вакцинасын ұсынса, мен отандық препаратты ектіруге әзірмін, - дейді Ғалымжан ТӨЛЕШЕВ.

- Вакцина панацея емес, бірақ инфекцияның таралуын тежеуге мүмкіндік берсе, онда адамдар егілу керек, - дейді Наталья сеніммен.

Асығыс кетіп бара жатқан жас жігіт өзін таныстырып үлгермеді. Жүріп бара жатып ол, егер емханадан қоңырау шалып, шақырса, вакцина салдыруға келісетінін айтты. Қала тұрғыны Жанар, керісінше, Ресей вакцинасының сапасына сенімді болмағандықтан, бас тартатынын жеткізді. Оның пікірінше, Қазақстанға әлемдік өндірушілерден келетін вакциналарды күткен дұрыс. Жас ана Гауһар жалпы «қолдайды», бірақ коронавирусқа қарсы вакцинаның тиімділігіне әзір сенбейді.

- Егер коронавирус тұмау сияқты мутацияға ұшыраса, онда вакцина салдыру бекер. Себебі тұмауға қарсы екпеден 2 күн өткен соң қатты ауырған адамдарды білемін. Өз басым созылмалы ауруым болғандықтан, вакцина салдырмаймын, - дейді Елена.

- Біз өзіміз үшін және денсаулығымыз үшін салдырамыз, вакцинация тек Қазақстанда емес, басқа елдерде де жүргізіледі. Яғни, бұл әлемдік тәжірибе, - деп есептейді Дана БЕКБОЛАТҚЫЗЫ мен Арайлым ТАУКЕЛОВА.

- Біраз уақыттан кейін - алты айдан, бір жылдан соң вакцина егуден кейін қандай зардаптары болуы мүмкін екені әлі белгісіз, - дейді Нина. Дегенмен ол біздің денсаулық сақтау жүйемізге сенеді, ресейлік мамандарға да үлкен құрметпен қарайды. Әсіресе, олар жазда, пандемия үдеген кезде бізге, Атырауға көмек көрсеткеннен кейін. Сондықтан ол қазір бізді осы вакцинамен жоқ қылады деген пікірге таң қалады. Әрине, аз уақыттың ішінде вакцинаның кемшілігі бар болуы мүмкін деген қауіп бар. Бірақ адамдар өліп жатыр, қарап отырмау керек қой. Шілдеде күйеуі коронавируспен ауырып тұрған екен. Әйел сол кезде Атырауда қандай ауыр жағдай болғанын: лық толы стационарлар, мамандардың, дәрі-дәрмектің, оттегінің жетіспей жатқанын қорқынышпен еске алады. Таныстары арқылы әрең деп күйеуін ауруханаға жатқызыпты. Күйеуі адамдардың қалай қиналып өлгенін өз көзімен көрген. Сондықтан адамдар қорғалуы керек, өйткені жылдар бойы қорқынышпен өмір сүру мүмкін емес. Нина жыл сайын тұмауға қарсы екпе алып тұрады екен, оның пайдасын да көрген. Коронавирусқа қарсы вакцина да пайдалы болатынына сенеді.

Қала тұрғыны Павел СКЛЯРЕНКО екпе салдырмақ, одан бұрын толық тексеруден өтіп, қарсы көрсетілімдердің жоқтығына көз жеткізбекші. Ал Нұрсұлтан есімді жас жігіт вакцинаның сапасына күмәні болғандықтан, екпе салдырмайтынын айтты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру