Құлдыққа түскен Фатиманың хикаясы

15 қаңтар 17:34 1556 рет қаралды
Сурет: "Астана қорғау" ҮЕҰ (Фатима - оң жақта)

Атырауда бір әйел 23 жастағы Өзбекстан азаматшасын жылдан астам уақыт құлдықта ұстаған. Ол электрошокерді қолданып, оны ұрып-соққан. Бұл туралы қыздың анасы ҚР-дағы Өзбекстан елшілігі мен «Астана қорғау» үкіметтік емес ұйымына жүгінген кезде белгілі болды.

Фатима (есімі өзгертілді) 2019 жылы Ташкенттен Атырауға табыс табуға келген. Осы жерде өзін құлдықта ұстаған Мәдинамен (есімі өзгертілді) танысады. Ол уақытша тіркеймін деп төлқұжатын алып, кері қайтармайды. Құжатсыз қалған қызды базарда сатушы боп жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Үйіне қайтар кезде ақшаңды түгел беремін деп, жалақысын да төлемеген.

Екі айдан кейін Мәдина Фатиманы базардан үйіне алып кетіп, үй қызметшісі етіп қойған. Ақшасын тағы да төлемеген.

«Астана қорғау» жеке қорында хабарлағандай, бір жылдан астам жұмыс істеген Фатима 2020 жылдың тамызында қашуды ұйғарады. Бірақ Мәдина бұл туралы біліп қалып, бейшара қызды аяусыз ұрып, бірнеше рет электрошокер қолданған. Алайда араға біраз уақыт салып, қыз тағы да қашуға бел байлайды. Қожайын әйел үйде жоқ кезде үйден қашып шығып, көшеде таныс әйел оны таксиге отырғызып, полицияға жүгінуге кеңес береді. Фатима солай жасаған.

Осымен хикая тәмамдалған секілді, бірақ олай болмады.

Осы тұста Мәдинаның қызы Клара (есімі өзгертілді) «пайда болып», полиция қызметкерлерімен бірге анасының үйіндегі сейфтен Фатиманың паспорты мен жеке заттарын алып: «менің баламның күтушісі бол, алдамаймын, жақсы ақша төлеймін», деп қарсы ұсыныс жасайды. Қыз қайтадан келіседі. Бірақ Клара алдап, жалақысын төлемейді.

Фатима Клараның баласының телефоны арқылы анасымен хабарласып, анасы ҚР-дағы Өзбекстан елшілігіне жүгінеді. Фатиманы Атырауға арнайы келген Өзбекстан елшілігі мен «Астана қорғау» қорының қызметкерлері алып кетеді.

- Қазір осы оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 126-бабы (Бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаменті. Полицейлердің бірінші жүгінген кезде Мәдинаны ұстамағаны бекер болды.

Фархат ӘБІЛОВ





Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру