№5 үйдің тұрғындары жапсарма салуға наразы

15 қаңтар 11:38 1179 рет қаралды

Былтырдан бері Ж.Досмұхамбетов көшесіндегі 5 қабатты 5 үйдің тұрғындары бірінші қабаттағы пәтер иесінің ғимаратқа жапсарма салуына наразылық білдіруде.

Үй алдына жиналған тұрғындардың айтуынша, көршілері дүкен ашқысы келеді екен. Ол үшін терезені бұзып, сол жерден есік шығарып, жапсарма салмақшы. Үй қаланың ортасында, дүкендері көп, өтпелі көшеде орналасқан. Олардың жапсарма салуына үй тұрғындарының көпшілігі қарсы болып отыр.

Үйдің панельдік ғимараты 1971 жылы, яғни, 50 жыл бұрын салынған. Бұл жерде жапсарма салынған бірнеше коммерциялық нысан бар. Бірақ олар өз жұмысын бірнеше ондаған жыл бұрын бастап, иелері жаңа ҚНмЕ енгізілгенге дейін құрылыс салуға рұқсат алған. Желтоқсанның басында жұмыстың басталғанына алаңдаған №5 үйдің тұрғындары әкімдік өкілдерін шақырып, аулада митинг ұйымдастырды. Сәл кейінірек олар қала басшылығынан мынадай жауап алды:

Жалғама салуға арналған жер учаскесі 2017 жылдың қаңтарында рәсімделді, ал 2019 жылы іргелес жер учаскесі бар пәтерді жаңа меншік иелері сатып алды. Қазан айында олар қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгініп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) алды. Әрі қарай, 2020 жылдың қаңтарында, 2 рет бас тартылғаннан кейін (эстетикалық тұрғыда сай еместігіне және шағын сәулет формасы болмауына байланысты) эскиздік жобасы мақұлданды. Осыдан кейін құрылыс салушы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, оған оң сараптама алып, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан (МСҚББ) құрылысты бастау үшін талон алуы тиіс.

МСҚББ КҮМӘНДІ

Бірінші жиналыстан кейін құрылысшылар нысан алаңынан кетіп қалды. Алайда, жақында өткен сайлаудан кейін қайта пайда болды (қандай кездейсоқтық екен?). Біз фототілшімен барған кезде тұрғындар түсірілім жасауы мүмкін екенін ескерткен соң құрылысшылар көлікке отырды да, кетіп қалды.

- Үйіміз ескі, терезе жақтауын бұзып, есікті орнатқан кезде жарықшақтар пайда болуы мүмкін. Кондоминиум объектісіне қызмет көрсетуге арналған жер учаскесі осы үйдегі барлық пәтер иелеріне ортақ жеке меншік құқығы негізінде тиесілі. Сондықтан, меншік иелерінің келісімінсіз кондоминиумға тиесілі жер учаскесіне құрылыс салу немесе оны басқа мақсатта пайдалану заңсыз болады, - дейді үй тұрғыны Ирина ЛЮБИНА. – Біздің наразылығымызға қарамастан осы пәтер иелері қалалық әкімдіктен жапсырма салуға неліктен рұқсат алғанын түсінбейміз. Тұрғындардың ешқайсысы есік шығару үшін терезе бұзуға келісім берген жоқ. Ал пәтер иесі ұсынып отырған рұқсат заңсыз, өйткені біз оған қол қойған жоқпыз, керісінше қалалық прокуратураға, қалалық әкімдікке, қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне наразылық хатын жолдадық. Біздің қолымыз қойылған парақты пәтер иесінің қалай алғаны белгісіз.

Осы жиналысқа қатысқан «Бәйтерек» ПИК-інің өкілі Майра ДҮСІПОВА пәтер иелері ПИК-ке құрылыс салуға рұқсат сұрамағанын және өзінің қолында тұрғындардың келісімін растайтын ешқандай құжат жоқ екенін растады.

Бұған дейін МСҚББ тұрғындарға мораторийге байланысты шағын бизнеске тексеру жүргізуге құқығы жоқ екенін айтқан. Бірақ профилактикалық тексеру жүргізген.

«ҚР ҚНжЕ 3.02-101-2012 ж. 4.5 тармағының 4.5.6-тармақшасына сәйкес, ірі панельді үйлердегі көтергіш қабырғаларға ойық салып, қайта жобалауға болмайды. Ірі панельді көтергіш қабырғалары бар көп пәтерлі үйдегі пәтерлерді көтермейтін құрылымдарды - кіріктірілген ағаш шкафтарды, қалқандарды салу арқылы ғана қайта жобалауға болады», - делінген МСҚББ жауабында.

Оның үстіне, МСҚББ «Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен келісілген осы эскиз жобасын ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне қарау үшін жолдаған. Қабылданған шаралар туралы басқарма қосымша хабарлауға уәде берді. Ал құрылысшылар күтіп отырған жоқ...

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ   



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру