Қазақстанда 1971 жылдан бастап бекітілген терминдерге мониторинг жасалады

13 қаңтар 10:24 468 рет қаралды

Қазақстанда алдағы үш жылда 1971 жылдан бастап бекітілген терминдерге мониторинг жасалады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Терминология саласы мемлекеттік тілді дамытудың басым бағыттарының бірі болып саналады. Осы ретте ұлттық терминологиялық қорды толықтыру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің терминологиялық қоры айтарлықтай артып, қазір ол 30 мыңға жуық терминді қамтиды. ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 21 сәуірдегі № 367 қаулысына сәйкес Терминология комиссиясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы барлық салаларда қазақ тілінің терминологиялық лексикасы бойынша ұсыныстар әзірлейтін консультациялық-кеңесші орган болып табылады», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, комиссия бекіткен терминдердің жаппай қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдайды. Бірізділікті қамтамасыз ету мақсатында комиссия бекіткен терминдердің жинағы тұрақты түрде барлық мемлекеттік органдарға жұмыста пайдалану үшін жолданады. Сонымен қатар бекітілген терминдер «termincom.kz» ресми сайтында, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» және «Түркістан» республикалық газеттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланады. 

«2020 жылы терминдерді пайдалануға қатысты арнайы мониторинг жүргізудің әдістемесі бекітілді. Оның негізінде 2021-2023 жылдар аралығында 1971 жылдан бастап бекітілген терминдерге мониторинг жасалады. Нәтижесінде бекітілген терминологиялық қор реттеліп, көпшіліктің назарына ұсынылады»,- деді Ералы Тоғжанов. 

Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, салалық терминдердің сапасын қамтамасыз ету үшін орталық атқарушы органдар жанынан терминологиялық жұмыс топтары қызмет етеді. Бұл бағытта 2 жұмысты жетілдіру мақсатында комиссияның құрамына әртүрлі сала мамандарын тарту көзделіп отыр. 

«Терминдерді бекіту ісіне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету мақсатында «termincom.kz» сайтында қаралудағы терминдерге дауыс беру платформасы ашылды. Сайттың қолданушылары комиссия мүшелерінің ұсыныстарымен танысып, өз пікірлерін білдіре алады. Қолданушылардың ұсыныс-пікірлері терминдерді бекіту кезінде назарға алынады. Комиссия отырыстарын барынша ашық өткізу үшін оның келесі отырыстарына БАҚ өкілдерін шақыру жоспарланып отыр», - деді ол.




Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру