​Трамп Вашингтонда төтенше жағдай жариялады

12 қаңтар 11:03 577 рет қаралды

АҚШ президенті Дональд Трамп Джозеф Байденнің инаугурациясы қарсаңындағы қауіпсіздік шараларына байланысты төтенше жағдай жариялап, Вашингтонға федералды көмек жіберді, деп хабарлайды qazaqtimes.com.

Бұл шешім федералды билікке жеделдетілген түрде қалаға көмек ретінде қаражат бөлуге мүмкіндік береді. Әдетте, мемлекет басшылары табиғи апаттардың салдарын жоюға көмектесу үшін осындай төтенше жағдай енгізеді. Бұған дейін Американың 44-ші президенті Барак Обама Трамп инаугурациясының алдында мұндай құжатқа қол қоймаған. 

11 қаңтарда АҚШ астанасында Байденнің инаугурациясына байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтуді мерзімінен алты күн бұрын бастау туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты Ақ үй мен Конгресс маңында орналасқан әкімшілік кешендер, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы уақытша тоқтайды. 7 қаңтар АҚШ Конгресі сайлаушылардың дауысын есептеп, 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. 

Сайлауда демократтар партиясының өкілі Джо Байден жеңіске жеткен еді. Алайда бұған дейінгі президент Дональд Трамптың жақтастары жаппай наразылық акциясын бастап, олардың бір тобы Конгресс ғимаратына басып кірді. Түн жарымына қарай АҚШ Конгресін және Сенатын күзететін полиция Трамптың жақтастарын Капитолий аумағынан тықсырып шығарды. Сенат ғимаратын АҚШ ұлттық ұланының жасағы күзетуде. Вашингтонда коменданттық сағат енгізілді. 

Кейін Instagram, Facebook, Twitter және Youtube Дональд Трамптың аккаунтын блокқа қойды. Наразылық акциясынан соң АҚШ Конгресі дауыстарды сертификаттауды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеген еді. Бұл тәртіпсіздіктерге наразылық ретінде АҚШ әкімшілігінің бірқатар шенеуніктері отставкаға кетті. Олардың арасында транспорт және білім саласының министрлері бар.



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру