ТШО қандай әлеуметтік жобаларды қолдайды?

8 қаңтар 17:08 1805 рет қаралды

Пандемия кезінде, халық кәсіби мамандардың көмегіне зәру болған кезде, Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы ТШО-ның қолдауымен үлкен жұмыс атқарды: әлеуметтік желіде тұрғындарға коронавирус инфекциясына қатысты сұрақтар бойынша онлайн кеңес беруді ұйымдастырды. Олар емделушілер үшін ең өзекті тақырыптар жөнінде жазып, бейнежазбалар түсірді, онлайн трансляция өткізді, сұрақтарға жауап берді. 

Осы жұмыстар барысында көптеген адамдар үшін пандемия және оның салдары депрессиялық жағдайға түсудің себебі болғаны анықталды. Сондықтан,тұрғындармен жұмысқа психотерапевт-психиатр тартылды.  Онлайн - формат мүмкіндігінше көбірек адамды, әсіресе әдеттегі уақытта медициналық көмек алу кезінде қиындыққа тап болатын шалғай ауылдардағы емделушілерді қамтуға мүмкіндік берді. Құлсары қаласының медицина қызметкерлері үшін ең өзекті мәселе - антикоагулянттарды тағайындау және қолдану бойынша семинарлар өткізілді.  


 - Кез-келген аурумен күрес кезінде қорғаныстың бірінші шебінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек өкілдері, яғни жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар мен терапевттер тұрады. Пациенттер оларға дертіне шағымданып келеді, ал аурудың этимологиясы бірден белгілі бола бермейді. Мысалға, адамның басы ауырды делік. Науқастың жағдайы қаншалықты ауыр екенін, ауырсынудың себебі неде және оны қай маманға, яғни нейрохирургқа, невропатологқа немесе онкологқа бағыттау керек екенін учаскелік дәрігер шешеді. Ол үшін алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер дәлелді медицина әдістерін меңгерген нағыз кәсіпқой маман болуы керек. Он жылдан астам уақыттан бері біз ТШО-ның қолдауы арқасында дәрігерлер мен мейірбикелердің кәсіби деңгейін көтерумен қатар, тұрғындар арасында ағарту жұмыстарын жүргізіп келеміз. Иә, науқастардың сауаттылығы аурудың алдын-алуда және емделуде маңызды рөл атқарады.Мәселен, егер науқас өз жағдайының нашарлауына қандай факторлар түрткі болатынын білсе және олардан аулақ болса, онда бұл оның денсаулығына үлкен пайда әкеледі, – дейді Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының (ҚОДҚ) президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Дамиля Нұғманова

Қауымдастық 2018 жылы Жылыой ауданында өз жұмысын бастады. Содан бері аталған өңірде дәрігерлердің жұмысына және науқастарды қабылдауға тиісті жағдай жасалды. Қауымдастық пен ТШО арасындағы ынтымақтастық дәрігерлер мен мейірбикелердің үздіксіз оқуы мен біліктілігін арттыруға жағдай жасауға мүмкіндік берді, емделушілер мен жұртшылықтың денсаулық және  денсаулық сақтау жүйесіне қатысты ақпарат алуына деген мүмкіндік кеңейді.    

Осынау жемісті ынтымақтастық шеңберінде мектеп оқушылары үшін  салауатты әдеттерді қалыптастыру жөнінде мамандандырылған сабақтар өткізілді. Ең маңыздысы - балаларға жағымды мысалды жай ересектер емес, үлкен жетістіктерге қол жеткізген жастар - Назарбаев Университетінің түлектері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары көрсетті. Олар балаларға алдарына дұрыс мақсат қойып, оны жүзеге асыруға бар күш-жігерін салса, әрине, дұрыс өмір салтын ұстанса, туған Құлсарыдан үлкен әлемге жол ашатынын  айтты. Пандемия басталғалы бері бұл жұмыс тоқтаған жоқ, тек онлайн форматқа ауысты. Қиын кезеңде адамдар дәрігердің кеңесіне бұрынғыдан да көп мұқтаж болды. Қауымдастық оларға көмектесу үшін бар күш-жігерін жұмсады. 

 ҚИЫН СӘТТЕРДЕ ЕЛМЕН БІРГЕ 

2020 жыл бәріне де қиын жыл болды. Мұнай-газ саласы бұрын кездестірмеген қиындықтарды бастан кешті. Алайда, осыған қарамастан, «Теңізшевройл» өндірістік қызметті қауіпсіз және үздіксіз жүргізіп  қана қоймай, медициналық қызметкерлер мен тұрғындардың қажеттілігі үшін құны 3,3 млрд теңгеден асатын қажетті жабдықтар мен қорғаныс құралдарын сыйға тартып, қазақстандықтарды қолдауын жалғастырды. Компания бірінші кезекте Атырау қаласында ПТР сынақтарының қуатын арттыру мүмкіндігін қарастырды және Атырау облысының денсаулық сақтау мекемелеріне тәулігіне 800 сынақ өткізе алатын арнайы құрылғы сыйлады. 

ТШО өзінің серіктестері және мердігерлерімен бірге Құлсары қаласында 200 төсек-орындық көп салалы медициналық кешеннің құрылысын қаржыландыруда. Сонымен қатар, «Теңізшевройл» 648 мыңнан астам жеке қорғаныс құралын, 56 оттегі концентраторын, 252 медициналық құрал-жабдық, 20 ӨЖЖ аппаратын, коронавирус инфекциянсын анықтауға арналған екі ПТР жабдығын, медициналық көліктер, пирометрлер, жылуға ден қойғыштар және дезинфекция құралдарын, реанимобильдер мен жедел жәрдем көліктерін сатып алды, студенттерді үйлеріне қайтару үшін және дәрі-дәрмектерді Атырау облысына жеткізу үшін ұшақ рейстерін ұйымдастырды. 

-ТШО-ның бүкіл тарихында әлеуметтік инвестициялар компаниямыздың тұрақты дамуының бөлігі және аймақтағы бизнес этиканың негізі болды, - деп өз ойымен бөлісті  кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев. -Біз бизнестің позитивті дамуы оның өзі орналасқан қоғамдастықпен  этикалық қатынас жасаған кезде ғана мүмкін болатынына сенімдіміз

САН ҚЫРЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК  

Осымен бес жыл қатарынан ТШО ОАЕҚ жүзеге асырып жатқан әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Жарқыра» жобасын қолдап келеді. Қоғамның өзекті мәселелерін азаматтардың тікелей қатысуымен өздері тиімді шешу үшін атсалысатын әлеуметтік кәсіпкерлік әлемнің түрлі елдерінде бұрыннан бар  және сәтті жүзеге асырылып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау - бұл мемлекетке әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесу және белсенді азаматтарға өз идеясын жүзеге асырудың тамаша мүмкіндігі. Осы уақыт аралығында түрлі салада көптеген жобалар жүзеге асырылды. Бұлардың қатарына тұрмысы төмен, мүгедек қыздар мен әйелдерді және жалғызбасты аналарды шаштараз мамандығына оқытуға арналған «әлеуметтік» шаштараз жобасы да, Жылыой ауданындағы «Инсульттан кейінгі өмір» шағын оңалту орталығы да, жасөспірім қыздарға әдептілік, көшбасшылық, көпшілік алдында сөйлеу, уақытты басқару, ағылшын тілі, тамақ дайындау және қолөнер негіздері оқытылатын «Жас ханым» әлеуметтік жобасымен «Қазақ қызы» академиясы да, ұлттық нақыштағы зергерлік шеберлік мектебі де кіреді. 

 

 - Біз ТШО-мен ұзақ жылдар бойы тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз және кәсіпорынмен бірге әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Жарқыра» жобасын жүзеге асырудамыз. Осы жылы біздің 11 қатысушымыз түрлі деңгейдегі марапаттар мен құрметке ие болды. Үшеуі Қазақстан Республикасы Президентінің құрметті медальдарымен марапатталды: Айгүл Уалиева мен Мейрамгүл Есниязова «Халық алғысы», Мухадия Қуангереев - «Еңбек Ері» медальдарына ие болды. 8 адам облыс әкімі М.Досмұхамбетовтің Алғыс хатын алса, Самал Жұмашева «Қазақстанның Алтын кітабына» енді, - дейді ОАЕҚ әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламаларының директоры Айгүл Тағатова


Самал Жұмашеваның дамуында ерекшелік бар балалардың проблемаларына көңіл бөлуіне өз ұлы түрткі болды. 2015 жылы ұлына «сөйлеу қабілеті  дамуының тежелуі және аутисттік бұзылыс» диагнозы қойылды. Содан бері оның өмірі 180 градусқа өзгерді. Баласының денсаулығы үшін күресті бастаған кезде Самал тап болған бірінші мәселе - Атырауда ерекше балаларға арналған білім беру және оңалту орталықтарының болмауы. Ол бұл жағдаймен келісе алмады және келіскісі де келмеді, сондықтан ерікті түрде осынау маңызды мәселемен өзі айналысуға шешім қабылдады. Әрине, жалғыз емес, «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржыландыруымен Орталық Азияның Еуразия Қоры жүзеге асыратын «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының көмегімен бастауға бел буды. «Жарқыра» бағдарламасына қатысу оған өзіне деген сенімділікті арттыруға, аяғына нық тұруға және дұрыс шешім қабылдауға, тәрбиеленушілердің ата-аналары мен орталық қызметкерлері арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға көмектесті. Самал Атырауда алғашқылардың бірі болып тьютордың сүйемелдеуімен №3 және №24 орта мектептерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті сыныптар ашты. 2019 жылы ол өзінің серіктесі Арай Нұғмановамен бірге бірінші рет ерекше балаларға арналған «Зейін Атырау» орталығы жобасымен «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасына қатысты.  

Өкінішке орай, тәжірибе көрсеткендей, осындай отбасыны әкелері тастап кетіп, аналары ерекше көңіл бөлуді қажет ететін баламен жалғыз қалып жатады. Бірақ Самалдың жолдасы Әміржан Есекенов оны қолдап қана қоймай, осы жолда онымен бірге жүріп, серіктесі болды. Осы тұрғыда олар ерекше қажеттіліктері бар бала өсіп келе жатқан басқа отбасыларға керемет үлгі болды. 

«Future sport» абилитация орталығы жобасымен Самал мен Әміржан «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына екінші рет қатысып отыр. Сөйтіп, олардың қатысымен Батыс Қазақстанда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімделген спорт және футбол орталығы пайда болды. Күн сайын мұнда оқушылардың жаңа жеңістері тіркеледі - бұрын ешқашан сөйлемеген балалар сөйлей бастады; дәрігерлердің көңілді жұбатпайтын диагнозына және болжамдарына қарамастан ерекше балалар мектепке баруда. 

ЖАҚСЫ ДА,  ТҮРЛІ ЖОБАЛАР КӨП 


ТШО «Жарқыра» және Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы жобаларынан басқа, әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде тағы да біршама жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Кішкентай ел» әлеуметтік ауылы да бар. ТШО сол ауылға ат спорты бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің қатысуымен атқа міну, емдеу, бейімдеп міну бойынша қызметкерлер үшін бір айлық оқыту семинарын өткізуге көмектесті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жұмыстарға қажетті техникалар - «Беларусь» тракторын, шөп шапқышты, пресс-жинағышты және басқа механизмдер сатып алуға көмектесті, нәтижесінде ұйым өзінің шөп өндірісін бастады. 

«Мүгедек әлемі» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жобасы да мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Ағымдағы жылы жобаның негізгі міндеті Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған алғашқы «ДОС» оқыту орталығын құру болды, бұл олардың білім алуына және тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін еңбек дағдыларын меңгеруіне ықпал етеді. 

ТШО қолдайтын «БолашақК» қоғамдық қоры медициналық оңалту қызметтерін көрсету әлеуетін арттырумен айналысып келеді. «БолашақК» қоғамдық қоры медициналық оңалту (кинезиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж, кинестетикс), педагогикалық және әлеуметтік түзету (дефектология, эрготерапия, логопедия, психология) бойынша кадр даярлау және қайта даярлау білім беру орталығын ашты. Нәтижесінде Атырау облысының тұрғындары үшін мамандарды, науқастардың ата-аналары мен туыстарын заманауи оңалту іс-шараларына оқыту арқылы осындай қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға жол ашылды. 


Қызықты және маңызды бағыттардың бірі адами әлеуетті дамыту, оның шеңберінде ТШО «Q@Z@QSH@ s@IR@!» жобасын іске асыруды жалғастыратын академик З.Қабдолов атындағы жеке қорды қолдайды. Жобаның мақсаты инновациялық технологиялардың көмегімен қазақ тілін үйренуді насихаттау және аудиториямен қамтуды арттыру болып табылады. Абайдың 175 жылдығына орай, ұлы ақынның өлеңдері орыс тіліне аударылды. Сондай-ақ, «Қазақша сайра» (kabdolov.kz) сайтын материалдармен толтырып, қажет контентті шығару бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Оқу материалдары», «Поэзия және музыка», «Қазақ халқының мақал-мәтелдері», «Электронды кітаптар», «Бейне подкасттар», «Деректі фильмдер» парақшасы жаңа материалдармен толықтырылды. 

Сондай-ақ, ТШО «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ҮЕҰ-на болашақ кәсіпқойларды тәрбиелеуге көмектеседі. Жоба психология  және ата-ана тәрбиесінің құзыреттілігін арттыруға, қоғамның болашақ кәсіби мамандарының әлеуетін дамытуға бағытталған. Аталмыш жоба шеңберінде психологтар мен педагогтар оқушылардың жеке тұлғалық құрылымын зерттеді, мектеп түлектеріне мамандық таңдау бойынша түсіндіру кеңестерін өткізді және портфолиосын психологиялық әдістемелермен толықтырды. Жобаға Атырау қаласының 5 және Жылыой ауданының 5 мектебінен 10-18 жас аралығындағы балалар қатысты. Жоба барысында олар өздерін және психоэмоционалды жағдайын түсінуді үйренді. Олардың ата-анасы, өз кезегінде, болашақ мамандарды тәрбиелеу үшін өмірлік стратегияларды әзірлеу дағдыларын үйренді. 

Көп жылдар бойы ТШО кәсіпорын еріктілерін тарту арқылы Атырау облысының балалар үйлерінде, жоғары және орта оқу орындарында білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған білім беру және қайырымдылық іс-шараларын іске асыратын «Ынтымақ» жобасын жүргізіп келеді. «Ынтымақ» қоғамдастығының еріктілері Атырау облысының жастарына ағылшын тілі клубтарын, қонақ дәрістерін және көптеген курстар ұйымдастырды. Жыл сайын «Ынтымақ» еріктілері Жайық өзеніндегі шабақтарды құтқарып, ағаш отырғызады және экологиялық жобаларға белсенді қатысады. «Ынтымақ» жобасының бенефициарлары арасында «Шаңырақ» балалар үйінің, жастар үйінің, бейімдеу орталығының балалары мен жасөспірімдері, Атырау және Құлсары қалаларындағы оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қарттар мен мүгедектер үйлерінде тұратын қарт адамдар бар. 

ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын әрбір жоба бірегей, бірақ олардың бәрі де кәсіпорынның негізгі мақсатына сай: елімізге және Атырау облысына пайда әкелуге негізделген. Ал, әр жобадағы  басты құндылық – адам. 



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру