Балық шаруашылығы: Шабақ импортынан қалай құтыламыз

29 желтоқсан 2020 12:28 3278 рет қаралды

Бүрлі шабақтарға деген импорт тәуелділігіне нүкте қою үшін Қазақстанда балық питомниктері ашылады. Бұл жайлы Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

« Бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін балық өсіру шаруашылықтарын сапалы шабақтармен қамтамасыз ету аса маңызды. Бүгінгі таңда елімізде 15 (4 мемлекеттік және 11 жеке) балық питомнигі бар. Олар тұқы тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын 12%-ға және бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын 66%-ға қамтамасыз етеді. Ал алабалық, ақ сақа және басқа да құнды балық түрлерінің шабақтары шетелден импортталады. Бұл ретте 10 жыл ішінде шабақтарға деген қажеттілік 2,5 млрд дананы құрайтынын атап өту керек», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Осыған байланысты шабақ өсіру саласында импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілмек. Атап айтқанда біріншіден, 4 балық өсіру аймағы үшін селекциялық генетикалық орталықтарды құру мәселесі пысықталады (2022 ж. – 2, 2024 ж. - 3). Екіншіден, 2022 жылы алабалық және ақ сақа балықтары үшін 2 жаңа питомник салу көзделген.

Бұдан басқа, 4 мемлекеттік балық питомнигінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін енгізу жоспарлануда. Бұл іс-шаралар модернизациялауға, қуаттылықты ұлғайтуға және балық өсіру материалдарының түрлерін диверсификациялауға бағытталған өсімін молайту кешендерін дамыту мақсатында іске асады.



Тақырып бойынша жаңалықтар



Array
Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру