Қыстақтағы жаңа жыл

2 қаңтар 12:04 2372 рет қаралды

Жаңа жыл қарсаңында «АЖ» әдеттегідей малшылардың қыстағына ат басын тірейді. Осы жолы Индер ауданы Көктоғай ауылына жол түсті. Міне, алғашқы қыстаққа да келіп жеттік. Қожайын бізді жылы қарсы алып, үйіне шақырды.

Ақсары келіншек пештің үстін әктеп алып, қиды қып-қызыл шоқтың үстіне үстемелей салуда. Тұтас жарды алып тұрған пеш маңында ыссылықтың лебі еседі. Жылы орынға жайғасып, өз-өзімізге келгеннен кейін шаруа отбасымен таныса бастадық. Бұл келгеніміз Сағындық НҰҒЫМАНОВТЫҢ қыстағы болып шықты. Оның жолдасы Әсел демде дастарханын жайып, түнгі еттен қалған «жылытпасын», одан кейін қызыл күрең шайын әкелді. Қыр қазағы осы. Танымаса да төрінен бір шығарып, дастарханын жаяды.

- Әкем Мұхит өмір бойы мал баққан адам. Содан зейнетке шықты, орнын жоқтатпай шаруашылыққа өзім және Амантай  інім екеуміз бірлесіп ие болдық, - деп бастады қожайын шаруа жайын әңгімелей. - Көзімізді ашқаннан малды ауылда өскендіктен қиындығы мен қызығы бізге жақсы таныс. Малға малсақ адам керек, темірдей төзім қажет. Төрт түліктің ішінде қойдың бейнеті жетеді, бір кісі күні бойы иелік етіп көзден таса қылмай өріске бірге барып бірге келеді. Сол себептен бе көп шаруалар қойдың басын азайтып, жылқы мен сиырды көптеп өсіруге ден қойып кетті. Биыл қой бәсі өсті әрі сата қоюға да ыңғайлы. Сол себептен ажырамай отырмыз. Соңғы екі жылдағы қуаңшылықтан жайылыс та азайды, жусан, сораң ғана қылтияды. Жер тозғасын, мал бір жерге тұрақтамайды. Арық-тұрақты бөлектеп, шөптейміз, жемдейміз.

Үйдегі жолдасы Әселге де тыным жоқ.

- Күні бойы қи жағамыз, пеш үстіне шайнегімізді қойып, тамағымызды пісіріп аламыз. Таңертең ерте алакөбелеңнен тұрғаннан жатарға дейін тыным болмайды. Сиырды сауып, сүтін тартып, құдықтан су тасып, тамақ пісіріп, арасында аулаға шығып, бірге мал қарасамыз. Осы кезге дейін еңбек демалысы дегенді білмеппін. Бірақ біз осы тынымсыз тірлікке етіміз үйреніп кетті. Арасында қыстақтан шығып, ауылға, қалаға барсақ, кері кеткенше асығамыз. Қазір шаруашылықты кейбіреулер ауылда отырып басқаратын болды. Көмекші ер адамдар отыр көбінде. Біз өзіміз бағамыз. Мектеп жасындағы үш ұлымыз бар, Махамбет ауылында енемнің қолында. Балаларға алаңдамаймыз, - дейді Әсел күлімсірей.

Қыстақтағы тірлік көз алдымызда өтіп жатты. Шөптеу, сиыр сауу, аула-қораны тазалау. Күн ызғарына қарамай қалың киінген шаруалар күнделікті шаруа қамында. Сағындық мал суару үшін Бағырлай каналына беттеді. Қолындағы істік темірмен қалың мұзды оя бастады. «Мынаны қашан ойып болады» деген ой жылтың етті. Сағындық та соны сезгендей:

- Астауша етіп ұзынша оямын да екі жерден тесемін. Су астаушаға толып қалады. Осылай күн сайын сиыр мен қойды суарамыз.

Тағы бір қыстаққа келдік. «Шегәлі» қыстағы басында «Құлмұхан» ШҚ қоныс тепкен. Шаруашылық басшысы Бекболат АЙМАНАКУМОВ қыстың жайлы өтіп жатқанын тілге тиек етті.

- Негізі малшының баласымыз, әкем жасы 80-ге келсе де шаруашылық жайымен танысып отырады. Бір ағам өз алдына жеке мал бақса, ал мен үлкен ағам Жанболатпен бірлесе шаруа қожалығын құрдық. Біз ірі қараны ет бағытында асылдандыру ісімен үш жылдан бері айналысып келеміз. Сиыр жылы жайлы болады деп үміттенеміз, - дейді ол.

Қыстақтағы жаңа жылды қарсы алу шағын  отбасы жағдайында өтеді. Балалары мен туыстары келіп, бір жасап қалады. Сиыр жылы молшылық, тоқшылық жылы болғай деген шаруалардың тілегі орындала берсін.

Жаңа жыл құтты болсын!     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру