Еуроодақ Мәскеуге салған санкция мерзімін ұзартты

11 желтоқсан 2020 15:34 2606 рет қаралды

Еуроодаққа мүше мемлекет басшылары 10 желтоқсанда Украина шығысындағы қақтығысқа байланысты Ресейге салған экономикалық санкция мерзімін тағы ұзартты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Франция президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Ангела Меркель бейсенбі күні саммитке қатысушыларды "норман төрттігі" келіссөз аясында Донбастағы жағдайды реттеу мәселесі қалай жылжып жатқаны жайлы хабардар еткен. "Норман төрттігі" келіссөзіне Мәскеу, Киевпен бірге Париж бен Берлин де қатысады. Дипломаттардың бірі Азат Еуропа/Азаттық радиосына Макрон мен Меркель диалогтан нәтиже шықпай жатқанын айтып, әріптестеріне санкция мерзімін ұзартуға кеңес берді деп хабарлаған.

Франция, Германия, Украина және Ресей басшылары "норман төрттігі" форматы аясында соңғы рет 2019 жылы желтоқсан айында Парижде кездескен. Оның алдында кездесу 2016 жылы қазанда өткен.

Ресейдің негізінен қаржы, энергетика және қорғаныс секторына қарсы бағытталған санкцияны Еуроодақ ең алғаш рет 2014 жылы енгізген. Шектеу шаралары Мәскеудің Қырымды аннексиялап алуына және Донбастағы сепаратистерді қолдауына байланысты салынған. Содан бері Еуроодақ санкцияларының мерзімін әр жарты жыл сайын ұзартып келеді. Санкциялар тізімі үнемі толықтырылып, нақтыланып отырады.

Ресей Украинаның шығысындағы жанжалға қатысы барын жоққа шығарады, ал Қырымды өзіне қосып алуын Мәскеу "тарихи әділеттілікті қалпына келтіру" деп атайды.

Украина шығысындағы қақтығыс кезінде 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру