Маскүнемдер жиналатын қауіпті жер

20 қараша 13:06 1007 рет қаралды

Нұрсая ықшамауданының тұрғындары жол жиегіндегі көпқабатты үйлердің жанымен өткен сайын цокольды қабаттардың адам шошырлық жағдайын көріп, «әкімдік қайда қарап отыр» деп айтпағаны аз шығар. Үйлердің төменгі қабатындағы ұрланған есіктің үңірейген орны мен сынған терезе, сыра мен қоқыс қалдықтары тұрғындарға бірнеше жылдан бері таныс.

Айта кетейік, 2010 жылы пайдалануға берілген бұл үйлердің орынжайлары әуелде мердігер құрылыс компанияларының меншігі болды. Кейін мердігерлер банкрот деп танылған соң цокольды қабаттар иесіз қалып, қалалық ТКШ бөлімінің балансына берілді.  

№7, №8 үйдің цокольды орынжайы маскүнемдер ішімдік ішіп, суықта жылынатын жеріне айналған, әр жерде темекі тұқылының қалдықтары, босаған сыра құтылары шашылып жатыр. Кейбір бөлмелерде кәріз тұрбалары сынып, астыңғы қабаты суға толған.

№58, 59, 61 үйдің орынжайы тұрмыстық қалдықтар тастайтын орынға ұқсайды. Бұл орынжайды мекен етушілер оның бір бөлігін қоғамдық дәретханаға айналдырған. Ал, ортаға үстел төселіп, сыра мен айранның құтылары, пакеттер шашылып, ескі диван қойылған келесі бөлмесін ас үй етіп пайдаланып отырғанға келіңкірейді.

Қуандық №61 үйдің тұрғыны:

- Бұл жер кезбелердің ортасына айналды. Қараңғы түсе бір адамдар кіріп-шығып жатады, ішінде не істейтінін білмейміз. Балаларымыз үшін алаңдаймыз. Осыны әуелде тұрғындарға берсе, өзіміз терезелерін торлап, дүние-мүлкімізді сақтайтын орынға айналдырар едік.

№46, 55, 57 үйдің цокольды орынжайлары да осындай күйде.

№56 үйдің цокольды орынжайынан күл-қоқыстарды далаға шығарып, терезелеріне темір тор қондырып жатқан жігітті байқадым. Өзін Сәрсен МАҒЗОМОВ деп таныстырған атыраулық бұл азамат бұл үйдегі цокольды орынжайды 10 жылға сенімгерлік басқаруға алған екен.

Сәрсен Мағзомов:

- Бұл жерді жолдасым екеуміз мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балбақша етіп ашпақпыз. Өзіміздің де мүгедек баламыз болған соң, қалаға арнайы балабақшаның қажет екенін жақсы түсінеміз. Осы жобамен тендерге қатысып, осы үйдің орынжайын 10 жылға сенімгерлік басқаруға алдым. Орынжайдың аумағы - 700 шаршы метр. Бір бөлігіне жаттығу залы, келесі бөлігін балабақша етпек жоспарымыз бар. Әзірге терезелерін торлап, ішін қоқыстан тазартып жатырмыз. Әрине, барлығын өз қаражатымызбен жасап жатырмыз.

Еске салсақ, Нұрсая ықшамауданындағы №7, 54, 56, 59, 58 үйлердің және Алмагүл ықшамауданындағы №32 үйдің цоколды қабаттарын сенімгерлік басқаруға беру үшін қала әкімдігі маусымда тендер жариялаған еді. Тендердің қорытындысы жөніндегі «АЖ» сауалына қалалық әкімдік аталған үйлердегі орынжайдың бәрі 10 жылға сатып алу құқығынсыз әлеуметтік және кәсіпкерлік бағыттары бойынша сенімгерлікпен басқаруға өткенін мәлімдеді. Бірақ, жаңа қожайындар асығар емес.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор





Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру