АМӨЗ апат жөнінде хабарламағаны үшін де жазаланады

19 қараша 2020 12:40 2224 рет қаралды

Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым ТІЛЕГЕНОВ брифингте Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жуырда орын алған апат салдарын тексеру нәтижелері туралы айтты.

Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері сарқынды сулардың құрамында жобалық құжаттамада белгіленген эмиссия нормативтерінің асып кеткендігін анықтаған. Атап айтқанда, сульфаттың мөлшері 2,5 есе, аммоний азоты 5 есе, жалпы темір 1,5 есе, қалқымалы заттар 628 есе асқан.

- АМӨЗ мұны биологиялық тазарту қондырғысындағы ақаумен байланыстырады – шөгінді жинақтағышта түзілген биологиялық шламды айдайтын айналым сорғысы істен шыққан. Нәтижесінде бұл жинақтағыштағы биологиялық шламдардың көбеюіне әкелген. Осыдан кейін сарқынды сулар құм сүзгіге жіберілген, бірақ сол кезде ол жөндеуде тұрыпты. Сондықтан сарқындылар тазартылмаған күйі нормативті-тазартылған сарқынды сулар каналына шығарылған.

Осылайша, зауыт ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 325-бабын («Өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу талаптарын бұзу»), 328-бабын («Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi») және 331-бабын («Атмосфераға шығарындыларды тазалауға және сарқынды суларды ағызуға арналған жабдықты пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ оны пайдаланбау») бұзды, - деді Тілегенов.

Қазір «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты 325-бап бойынша әкімшілік іс қозғалды, онда 555 600 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Тілегенов атап өткендей, АМӨЗ апат туралы уәкілетті органға хабарламаған – ҚР Экологиялық кодексінің 130-бабы 2-тармағының 6-тармақшасын («ҚР экологиялық заңнамасын бұзу фактiлерi туралы қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi уәкiлеттi органға үш жұмыс күні ішінде хабарлау») бұзған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің қалған екі бабы бойынша тексеру материалдары полиция департаментіне жолданды.

Айнұр САПАРОВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру