Министр Аймағамбетов білім саласында тағы бір өзгеріс болатынын айтты

17 қараша 2020 18:12 6860 рет қаралды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кітапханашылардың мәртебесін арттыру, еңбекақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, кітапханашылар педагогикалық кадрлар санатына енуі мүмкін.

"Кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастама көтердік", - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Сонымен қатар Аймағамбетов кітапхана ісіне қатысты да пікір білдірді. Айтуынша, кітапхана заманға сай жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы керек. Оқушы онда кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игеруі қажет.

"Бүгінгі таңда көптеген мектеп кітапханаларының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді", - деді министр.

Сондай-ақ, жастардың ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескеріп, алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыру жоспары бар екенін жеткізді.

"Көркем әдебиеттің электронды нұсқаларын интернет және мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді ету қажет. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Олардың авторларымен бірігіп жұмыс істемекпіз. Сондай-ақ, біз геймификация элементтерін қолдануды жоспарлап отырмыз", - деді Аймағамбетов.

Айтуынша, бұл міндеттерді шешу тек мектептердің ғана емес, сонымен қатар ата-аналардың да уақытын және күш-жігерін талап етеді. Сондықтан бұл жұмысты олар қолдайды деп үміттенемін, деп толықтырды ол.

Бүгінде білім және ғылым саласына қарасты 7 096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6 461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана бар. Білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289.

Сондай-ақ, көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірлеген. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алу бойынша шаралар қабылданады.



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру