Шетелдік нөмірі бар ереже бұзушыларды қалай анықтайды

13 қараша 2020 09:30 2237 рет қаралды

Соңғы кездері Атырауда Ресей мен Армения елінен әкелінген автокөліктердің жол ережелерін өрескел бұзу фактілері жиілеп кеткен. Жақында «АЖ» тілшісі қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығында болып, жүгенсіз кеткен жүргізушілерді қалай анықтайтынын көрді.

БӘРІН КӨРЕТІН ЖБО

Бұрын Ресей елінен әкелінген автокөліктер уақытша тіркеуге алынса, енді бұл тіркеу де алынып тасталынған. Сол себепті олар жол ережесін бұзған уақытта анықталмайды және айыппұл төлемейді. Жол ережесін өрескел бұзатындарды ЖБО қызметкерлері бейнекамераның көмегімен іздейді. Оларды ұстау алгоритмі мынадай – шетелдік автокөлік жол ережесін бұзып, бақылау камерасына түсіп қалады. Осыдан кейін ЖБО қызметкері автокөлікті арнайы базаға енгізеді, автокөлік қалада жүрген кезде автоматты түрде хабар беріліп, жақын жерде жүрген жол-патрульдік инспекторы жіберіледі. Содан кейін айыппұл толық төленбейінше автокөлік айып тұрағына қойылады.

БІРЛІКТЕН ЖАЯУЛАТЫП

ЖБО-мен бірлескен рейдіміз «Орталық көпірден «Ақжайық» қонақ үйіне қарай төленбеген 8 айыппұлы бар Mercedes ML 350 автокөлігі кетіп барады» деген автоматты хабарламадан басталды. «Мерседестің» 40 жастағы жүргізушісін тоқтатқан жол-патрульдік инспекторы  Әкімшілік полицияға қоңырау шалып, «Сергек» базасында оның айыппұлы бар-жоғын анықтайды. Осыдан кейін «Мерседес» айып тұрағына жіберілді. Айтпақщы, айып тұрағы қала сыртындағы Бірлік ықшамауданында орналасқан. Жүргізушілер оның алыста екендігіне шағымданады, бірақ полицейлерде «Кім айыппұлды дер кезінде төлемесе, сол адам Бірлікке жол тартады» дейтін сөз бар.

Осы кезде ЖБО аға инспекторы Қуаныш ИСМАҒАМБЕТОВТІҢ компьютерінде «Махамбет даңғылы бойында 4 айыппұлы бар ресейлік нөмірдегі Lada Largus автокөлігі келе жатыр»  деген тағы да хабарлама жанды.

Жол кептелісі кезінде үш Lada Largus қатар тұра қалған. Инспектор өзіне керекті автокөлікті қалт жібермей, 50-ден астам көліктің ішінен ресейлік автокөлікті бақылап отырды. Жақын жерде жүрген жол-патрульдік қызметкерлері оны тоқтатты. Ол полиция қызметкерлерімен ұзақ салғыласып, тіпті автокөліктен туыстары шыға бастады. Бәрін бейнекамерадан бақылап отырмыз. Инспектор Исмағамбетов рация арқылы «Ларгустың» айыппұлдарын тағы бір мәрте айтып, жүргізуші келісіп, автокөлік айып тұрағына жөнелтілді.


АЙЫППҰЛ БОЙЫНША РЕКОРД ЖАСАУШЫЛАР

Қазіргі таңда шетелдік автокөліктердің қатысуымен болатын жол-жүру ережелерін бұзу фактілері көбейіп кетті. Олар өздерін ұстай алмайды деп ойлайды. Қаланың әр бұрышында орналасқан бейнебақылау жүйелері арқылы оларды тез арада анықтай аламыз, - дейді қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВ. – Қазір бізде «Борышкер» жедел профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Іс-шара басталғалы 231 автокөлік айып тұрағына қойылды. Оның 162-сі – ресейлік, 31-і – армениялық нөмір тағып жүрген көліктер. Бәрінің де айыппұлы көп.

Мысалы, 29 қазанда С.Датов көшесінде ұсталған Hyundai Sonata автокөлігінен 625 мың теңгеге 47 айыппұл, 30 қазан күні ұсталған армениялық Toyota Ipsum көлігінен 388 мыңға 28 айыппұл, 4 қараша күні ұсталған ресейлік «Audi А6» автокөлігінен 500 мыңға 36 айыппұл анықталған.


БІР АПТАДА МЫҢНАН АСА ЕРЕЖЕ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Полицейлердің айтуынша, Атырауда жүргізушілердің жол жүру ережесін бұзушылығы артқан. 2-8 қарашада бір апта ішінде ЖПҚ қызметкерлері 1001 ереже бұзушылықты тіркеді. Олардың арасында 13 жүргізуші мас күйде, 7 жүргізуші қарсы жолаққа шығып кеткен, 162 ереже бұзушы сақтандырусыз жүрген, екі жүргізуші жүргізуші куәлігінсіз рөлге отырған. Бұдан басқа, уақытында жасаған ереже бұзушылықтары үшін айыппұл төлемеген 72 жүргізуші ұсталды.

Айтпақшы, айыппұлдың бар-жоғын Нұрсая ықшамауданындағы әкімшілік полиция басқармасынан білуге болады, әйтпесе, Бірліктегі айып тұрағына баруға тура келеді.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру