Елімізде көп балалы отбасыларды қолдауға қанша қаражат жұмсалды

11 қараша 2020 12:07 1725 рет қаралды

Биылғы жылдың 10 айы ішінде Қазақстанда 386,8 мың көп балалы отбасы жәрдемақы алды. Төленген жәрдемақылардың жалпы сомасы 191,6 млрд теңгені құраған. Мемлекеттің осылайша қолдау көрсетуі "батыр аналарымыз" үшін маңызды әрі елеулі көмек болып отыр деп жазады zakon.kz.

Мемлекеттік жәрдемақы 23 жасқа дейінгі 4 немесе одан да көп баласы бар отбасыларға қарастырылған. Мұндай жәрдемақыға табыс деңгейіне қарамастан барлық көп балалы отбасылар үміттене алады. Бұл - елдегі бала туу көрсеткішін арттыруға және отбасындағы балалар тәрбиесіне қолғабыс етуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының бірі.

Жәрдемақы алушылар қатарында Қарағанды облысы, Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Рауана Құтбаеваның жанұясы бар. Ол жолдасымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр - 4 қыз және 2 ұл. "Батыр ананың" айтуынша, көп балалы отбасыларға табысына қарамастан берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілген сәттен бастап оның жанұясындағы қаржылық жағдай едәуір жақсара түскен. Себебі, бұған дейін олар барлық балалары үшін 10 мың теңге ғана алып келген болатын.

Әрине, бұл біз үшін үлкен қолдау және елеулі көмек болып отыр. Өмір сүру жеңілдей түсті. Әдетте, ақша балаларға арналған тағамға, киімге және олардың дамуына жұмсалады. Десе де, біз қаражаттан қысылып отырған жоқпыз, бәрі жеткілікті, - деп атап өтті көп балалы ана.

Рауана соңғы жылдары отбасына мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғанын, мелмекеттің ерекше қамқорлығын сезініп жатқандығын алға тартты. Бүгінде ол жолдасымен бірге балаларын елінің беткеұстар патриот азаматтары ретінде тәрбиелеуге барын салуда.

Оның алты баласының бесеуі - мектеп оқушылары. Үлкен қызы алтыншы сыныпта оқиды, ал кіші ұлы небәрі 1,5 жаста.

Балаларымның әрқайсысы ерекше және өзіндік таланты мен қабілеті бар. Біреуі сурет салады, біреуі домбырада ойнайды, спортпен шұғылданады және қолөнермен айналысады. Олардың барлығы бізді өздерінің жетістіктерімен бірдей қуантады. Балалар бізге әрдайым үй жұмыстарына көмектесуге тырысады, сабақ оқуда бір-біріне көмектеседі. «Балаларымызды ұйымшылдыққа, ауызбіршілікке баулып келеміз. Бір-біріне жанашыр болса, туған жеріне яғни отанына деген жанашырлық қасиеті пайда болады, - дейді Рауана Құтбаева.

Төлем мөлшері балалар санына байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, 4 баласы бар отбасыларға жәрдемақы мөлшері - 44 532 теңге болса, 5 баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 55 672 теңгені құрап отыр. Ал 6 баласы барлар - 66 811 теңге, 7 баласы барлар - 77 951 теңге, 8 және одан көп балалары бар отбасылар – әр балаға 4 АЕК-ге тең мөлшерде жәдемақыға ие болалды. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап 1 АЕК 2778 теңге болып белгіленген.



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру