Арнада мұнай қалдықтары қалқып жүр

6 қараша 2020 09:30 2907 рет қаралды

5 қараша күні «АЖ» тілшілері мұнай өнімдерінің қалдығы құйылған Атырау мұнай  өңдеу зауытының ағынды су арнасының маңына барды. 

Ол жерде ешқандай қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатқан жоқ, арнадағы судың бетінде майлы заттар қалқып жүр, мұнай өнімдерінің өткір иісі байқалады.  Арнаға аққан қалдықтар «Сасықсай» булану алаңына құйылып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, осы ағынды су арнасынан ара-тұра вакуум машиналары келіп, суды тартып кетеді. 

Кейінірек АМӨЗ баспасөз қызметі мынадай жауап ұсынды:
- 2020 жылғы 1 қарашада технологиялық ақауға байланысты нормативтік-тазартылған ағынды сулардың арнасына түскен бүкіл биошламның 2020 жылдың 2 қарашасында вакуумдық техникамен сорылып, зауыттың тазарту ғимаратына әкелінді. Су бетіндегі дақтар мен майлы заттар - шын мәнінде, биологиялық массалар, олардың қоршаған ортаға зиянды әсері жоқ. Қазір биологиялық тазарту қондырғылары нормативтік көрсеткіштері бар технологиялық режимге келтірілді.

Естеріңізде болса, 1 қарашада бұл жерде мұнай өнімдерінің қалдықтарын ағызу фактісі тіркелген болатын. Жауап ретінде зауыттың баспасөз қызметі биологиялық шламның нормативтік-тазартылған ағынды сулар арнасына жіберілуіне биологиялық тазалау қондырғыларының істен шығуы себеп болғанын және кейін қондырғы жұмысы қалыпқа келгенін хабарлады. 

Қазір облыстық экология департаментінің мамандары арнаға ағызылған мұнай қалдығының қоршаған ортаға қандай зиян келтіргенін анықтауда.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру