Ескерусіз қалған ескерткіштер

23 қазан 2020 09:31 2991 рет қаралды

Атырау ғимараттарына берілген тарихи және сәулет ескерткіш мәртебесінен негізінен ешқандай пайда жоқ. Оларды қалпына келтіруге және күтіп-ұстауға ақша бөлінбейді. Сондықтан олар уақыт өте келе тозып, қирай бастайды. Көркемдігін сақтап көз қуанышымызға айналудың орнына, біртіндеп құрып, көңіліңді түсіреді. 

Жақында редакцияға біздің тұрақты оқырманымыз Марат ИСПУСИНОВ хабарласқан. Ол жас натуралистер станциясының ескі ғимаратына орынсыз жөндеу жүргізіліп жатыр деп алаңдайды екен.  

- Бұл біздің қаламыздың тарихы емес пе, ал біз оны арзан сайдингпен қаптаймыз. Осы мәселені көтеріңізші, өтінемін. Әйтпесе, біз қаланың тарихынан айырылып қаламыз, - деп шағымданды ол.

Белгілі болғандай, бұл ғимарат тарих және сәулет ескерткіштерінің тізіміне әлі енгізілмеген, бірақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есебінде тұр.

- Бізде жергілікті маңызы бар 313 және республикалық маңызы бар 4 ескерткіш бар. Соңғыcының тізімі кеңес заманынан бері өзгертілмеген. Бұл тізімде Сарайшық археология ескерткіші, Индер ауданындағы киелі нысан - Махамбет Өтемісовтің жерленген жері, Жылыой ауданындағы Жұбан кесенесі және Жилгородоктағы, өкінішке орай, қазір ештеңесі қалмаған сәулет ансамблі, - дейді Атырау облысының тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Махамбет ҚИПИЕВ.

Оның айтуынша, жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізімі біртіндеп толықтырылып келеді. Алдын ала есепке алу тізімі жасалып, оған жаңа нысандар енгізіледі. Болашақта олар ескерткіш ретінде таныла ма, жоқ па, сараптама шешеді.

- Бұл тез атқарылатын шаруа емес. Сараптама ақылы, оны жүзеге асыру үшін қаражат бөлінгенін күту керек. Сараптаманы арнайы лицензиясы мен аккредитациясы бар тәуелсіз заңды және жеке тұлғалар жүргізуге құқылы. Одан бөлек, нысанды қосуды уәкілетті органмен келісу керек, содан кейін облыс әкімдігінің қаулысын күту қажет, - дейді Қипиев

Ескерткіштер тізіміне енгізу қанша уақытқа созылса да, атыраулықтарды бұл не үшін жасалып жатыр, ғимарат қайта жаңартылып,  ұрпақ үшін сақтауға кепілдік бере ме деген сұрақ толғандырады.  


- Өкінішке орай, жоқ. Қалпына келтіру - бұл қаржыландыруға келіп  тірелетін өте күрделі мәселе. Заңға сәйкес қайта қалпына келтіру жұмыстарын үш жерден қаржыландыруға болады: бюджеттен – жергілікті немесе республикалық, инвестиция арқылы, яғни демеушілердің көмегімен және ескерткіштің иесі немесе пайдаланушылары есебінен. Қалпына келтіру жұмыстарына едәуір қаражат керек, бұл сома әдеттегі жөндеу жұмыстарының құнынан кемінде екі есе қымбат болады. Мысалы, қала тұрғындарына Жарбосынов көшесіндегі №16 үй мекенжайындағы «1-ші Совдеп үйі» деген атаумен таныс ғимарат бар. Революцияға дейін ол жерде бал мен сыра сатылды. Ғимарат өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері иесіз тұр. Қазір қалалық әкімдіктің қарауында. 2014 жылы ғимаратты қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Сол кездегі ақшамен  құны 45 млн теңгеге есептелді. Ол кезде қалпына келтіруге ақша болған жоқ, қазір де табылмай отыр, – дейді М.Қипиев.

Әлеуметтік желідегі билік тарихи және сәулет ескерткіш мәртебесі бар ғимараттарды қалпына келтіруге қаражат бөлуге ниетті деген әңгіме туралы айтатын болсақ, қала әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес бұл мәлімет шындыққа жанаспайды.


- Шын мәнінде әңгіме ескі ғимаратты сенімгерлік басқаруға беру туралы болды. Ал басқаруға алғандар қалпына келтіру жұмыстарын қалай және қандай қаражатқа жүргізетінін өздері шешетін болады, – деп атап өтті қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.


Соңғы рет аудандық әкімдіктер бес жыл бұрын Исатай, Құрманғазы, Индер, Махамбет және Жылыой аудандарындағы 20 ескерткішті жөндеуге ақша бөлген еді. Биыл Исатай ауданындағы Таскран шекара мұнарасын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Бірақ пандемияға байланысты кейінге қалды. Меншік иесінің өз қаражатына «Урал» мейрамханасы қалпына келтірілді.

Қипиевтің айтуынша, мемлекет соңғы 6 жыл ішінде бұрын инспекция деп аталған қазіргі зерттеу орталығына ғимараттарды қалпына келтіруге ақша бөлген жоқ.

Айтпақшы, инспекция  зерттеу орталығы болып өткен жылдан бастап аталды. Атауымен бірге бақылау және қадағалау функциялары да жойылды. Қандай да бір кемшілік орын алған жағдайда орталық мәдениет басқармасы арқылы хат жолдай алады. Ал орталықтың өзі тарихи-мәдени мұраның жаңа нысандарын анықтаумен айналысады, олардың есебін жүргізеді және паспортын жасайды, археологиялық жұмыстар жүргізеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру