​Тағдыры қиын балалар

16 қыркүйек 17:33 769 рет қаралды

14 қыркүйекте Атырау қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция қызметкерлері «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында үлкендердің бақылауынсыз жүрген жасөспірімді тауып алды. Ол  Шымкент қаласынан  таксимен келіп, Атырауда көше кезіп жүрген. Жағдайы егжей-тегжейлі анықталғанша, полиция оны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.

Тағы бір жағдай. Индер ауданының Полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторлары  ата-анасы 12 жасар баласын бір аптаға таныстарына тастап, өздері  Атырау қаласына кетіп қалғаны туралы хабарлама алды.

Бұл іс кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның жедел отырысында қаралып, жасөспірімнің 49 жастағы әкесі мен 42 жастағы анасы бұрын да бала тәрбиесімен тисініше айналыспағаны белгілі болды. Сондықтан олардың 6 ай мерзімге ата-ана құқығын шектеу мәселесін шешу үшін сотқа шағым жолданды.

ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 43 жасөспірім орналастырылды.

Олардың арасында, ата-анасының  қадағалауынсыз түнгі уақытта жүрген  24 жасөспірім; анасының төлқұжаты және тұрақты мекен-жайы  жоқ  2 жасөспірім;  ата-аналары бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін 6 жасөспірім; ата-анасы ұрып-соққаны үшін 4 жасөспірім;  ата-анасы ішімдікке бейім 3 жасөспірім; қорғаншысы немесе ата-анасы тәрбиелеуден бас тартуына байланысты 2 жасөспірім;  Ақтау қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп интернатына орналастыруға іс-құжаттар жиналуына байланысты 1 бала және анасы наркодиспансерде емделуіне орай 1 жасөспірім бар.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру