Жалғама жаңа мектеппен тең

2 қыркүйек 2020 12:19 2403 рет қаралды

Атырауда 4 мектеп жалғамасының құрылысы аяқталуға жақын, олардың әрқайсысы бір ауысымда 120 балаға есептелген. Іс жүзінде бұл - жаңа мектеп салумен барабар.

Қала басшыларының пікірінше, жалғама салу - қала мектептерінің сыйымдылығын кеңейтудің қолайлы әрі жылдам тәсілі. Өйткені, қолданыстағы инфрақұрылым пайдаланылады және ұстаздар да дайын. Биыл №17, 22, 27, 34 мектептер осылайша кеңейтіліп жатыр. Жұмыстар мамыр айында басталып, қазір аяқталу сатысында тұр. Бір жалғаманың келісімшарттық құны - шамамен 180 миллион теңге, ауданы - 900 шаршы метр.

Жаңа оқу жылында қаланың ықшамаудандарында тағы үш мектеп ашылады. Атап айтқанда, Самал ықшамауданында 600 орындық, Береке ықшамауданында 1200 орындық мектептің, сонымен қатар, Жұмыскер ауылында Ғ.Мұратбаев атындағы 300 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жерде бір ауысымның сыйымдылығы туралы айтылып отыр. Жалпы, қаладағы мектептер екі ауысыммен қосымша 5160 баланы оқыта алады.

Жаңа білім беру нысандарын салумен қатар, қазір негізгі мектептерге асхана салынуда. Бүгінде осындай екі нысанның құрылысы аяқталды, №14, 15, 28 және Ф.Оңғарсынова атындағы мектептерде асхана салынып жатыр.

Жаңа оқу жылы қарсаңында қала әкімі бастаған жұмыс тобы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына тексеру жүргізді; №7 мектепте мердігерге («Бағалы-Алакүл» ЖШС) елеулі ескертулер жасалды; М.Бекмұхамбетов атындағы мектепте жұмыстың сапасына және белгіленген мерзімде орындалмауына (мердігер «Декор» ЖШС) қатысты сұрақтар туындады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру