Атырау облысының әкімі: «Екінші толқында тосылып қалмаймыз»

8 тамыз 20:06 2096 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ облыстық мәслихат депутаттарына өңірдің жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.

Өнеркәсіп. 2,5 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді: тау-кен өнеркәсібінде - 2 трлн  200 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібінде – 267 млрд теңге. 25 млн тонна мұнай мен 13 миллиардқа жуық текше метр ілеспе мұнай газы өндірілді.

Шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны - 50 280, олар өндірген өнім көлемі 693 млрд теңге.

Ауыл шаруашылығы. Өндірілген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі - 24,3 млрд теңге. 24 мың тонна ет, 34 мың тонна сүт, 41 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

Биыл облыста егіс алқабы 9,3 мың га болды, оның 3 мыңы тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған. Мүйізді ірі қара саны - 198 мың бас, түйе - 35 мың, жылқы - 96 мың, қой мен ешкі - 711 мың.

Құрылыс. Ақша түрінде құрылыс жұмыстарының көлемі 328,3 млрд теңге болды. Өткен алты айда облыста 212,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақтөбе-Атырау- РФ Астрахань» автомобиль жолын қайта жасау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Мақат-Қандыағаш (330-458 км) және Атырау-Астрахань (648-893 км) учаскелерінде жұмыстар жүріп жатыр. Жобаға 600-ден астам жол жұмысшысы тартылған, олардың 160-ы - жергілікті тұрғындар.

Еңбек. «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының бағыттары бойынша, 1 шілдедегі ахуалға сәйкес облыста 9 187 тұрғын түрлі жобаларға тартылды. 1,5 миллиард теңге игерілді. 2020 жыл бойы осы мақсаттарға 4,9 млрд теңге бөлінді, жыл соңына дейін 23 566 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.

Жұмыспен қамту органдары 677 адамды қысқа мерзімді оқуға жіберді, 368 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша курстардан өтті, 222 адам жалпы 600 млн теңгеге несие мен грант алды.

Бірінші тоқсанда облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8% құрады. Жарты жылдағы орташа айлық жалақы - 372 мың теңге.

Бюджет. Облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 99,4% -ға орындалды (жоспар бойынша 215,9 млрд теңгенің 214,5 млрд-ы игерілді). Игерілмеген қаражаттың негізгі бөлігі сол жағалаудағы кәріздік-тазарту құрылғысының құрылысына тиесілі: карантинге байланысты Польшадан Атырауға құрал-жабдықтар жеткізу кешіктірілді.

ЕКІНШІ ТОЛҚЫНҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ

Депутаттардың өңіріміздің коронавирустың екінші болжамды толқынына дайындығы қандай деген сұрағына облыс әкімі былай жауап берді.

Осы жылдың сәуір айынан бастап №2 облыстық (жұқпалы аурулар) ауруханада кереует саны 9 есе, ал провизорлық стационарларда - 2,8 есе өсті. Тамыздың басында аурудың азаюына байланысты жұқпалы аурулар ауруханасындағы кереует саны 26% -ға, провизорлық стационарларда 20%-ға азайды. Қажет болса, олар қайта ашылады. Бүгінде коронавирус жұқтырған 703 науқас стационарлық ем алуда, 36 адамға өкпені жасанды желдету аппараты қосылған. Жұқпалы аурулар ауруханасы мен провизорлық стационарлардағы орындар тиісінше 50% және 42%-ға толған. Өткен 3 аптада облыс 400 атау бойынша 110 тонна дәрі-дәрмек сатып алды. Дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін «Атырау» ӘКК 500 миллион теңге бөлді. Қорғаныш костюмдері, қолғап пен маскалар жеткілікті мөлшерде сатып алынды.

КВИ-мен күресуге 2081 маман тартылды. 491 медқызметкер ауру жұқтырды, 13-і қайтыс болды.

Қазіргі уақытта 110 орындық Махамбеттегі туберкулезге қарсы күрес ауруханасы бос тұр және науқастарды қабылдауға дайын. Облыстық аурухана 200 адамды қабылдауға дайын. Жұқпалы аурулар ауруханасы мен облыстық кардиология орталығы да науқастарды қабылдауға дайындалуда.

- Осы ауруханалар үшін оттегі станциясын ашамыз. Құлсары қаласында ТШО 175 кереуеттік орталық аудандық аурухана салып жатыр. Инвесторды тағы 100 кереует қосуға көндірдік. Ол жерде аурухана дайын модульдерден салынады, қажет болған жағдайда жұқпалы аурулар ауруханасына қайта жарақталады, - деді М.Досмұхамбетов. - NCOC компаниясы Атыраудан 200 кереуеттік аурухана салуды жоспарлап отыр.

Дайындаған Мирас МҰСТАФАЕВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру