Дәріханалардағы және сырттағы түрлі әңгімелер

19 шілде 2020 16:58 3063 рет қаралды

Апта басталғалы түрлі деңгейде атқарушы органдар арқылы дәрі-дәрмектердің ірі көлемде жеткізіліп жатқаны айтылуда. Бірақ дәріханалар жанында бұрынғыша кезек көп. Ал фармацевттер «Бізде жаңа хаттамаға сәйкес дәрі-дәрмектер жоқ»  дейді.

ДӘРІГЕРЛЕР МЕН ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР ҚАЙДА?

Ең алдымен Авангардтың соңғы аялдамасындағы «Гиппократ» дәріханасына бардым. Дәріхананың сыртында азғана кезек тұр, ішінде де бірнеше адам бар. Адамдардың қашықтық сақтауға тырысып тұрғандары байқалады. Алайда «тек сұрап шығам» дейтіндер, әдеттегіше, кезекке тұрмай, кіріп кетеді. Оларды да түсінуге болады, қажет дәрісі дәріханада болмаса, босқа уақытын зая кетірудің қажеті қанша, бірақ адамдардың да жүйкесі сыр берген. Менің газеттен екенімді білген адамдар жан-жақтан проблемаларын айта бастады.

Теледидардан көрсетіп жатқан әлгі дәрі-дәрмек жеткізген көліктер қайда? Қарапайым аспирин мен парацетамол да жоқ. Шприцті, әйтеуір, әкеліпті. Физерітінді де бар екен, соны алайын деп тұрмын. Үйде анам бар, 1-топ мүгедегі. Қазір дәрігердің назарынан тыс қалды. Учаскелік дәрігеріміз тұтқаны көтермейді, оны қадағалап отыратын салалық мамандар да қоңырауға жауап бермейді. Мобильді бригадалар кімге көмектесіпті, а? – дейді Сәрсенбай аға шаршаңқы жүзбен.

Одан кейін тұрған Райхан апаның өзі ауырып тұрыпты. Үйінен емделген. Дәрігерге тек бір рет дәрі-дәрмек тағайындату үшін ғана хабарласа алған. Оған да шүкір. Өзінен кейін күйеуі ауырып қалыпты. Енді оны да сол бағытпен емдемек. Басқа амалы жоқ, тіпті, жеке дәрігерді де таба алмапты. Өзі емделгеннен кейін дәрі-дәрмегі қалмаған екен. Оның өзін де бүкіл отбасы түрлі дәріханада сағаттап кезекке тұрып, сатып алған. Салатын система мен физерітінді де болмаған. Қазір қайта шүкір.

Менің көз алдымда цефазолин, парацетамол мен ксарелтоның жоқ екенін білген соң, үш кісі кетіп қалды.

- Қашан болатынын айта алмаймын. Әкімдік ұйымдастырған дәрі-дәрмек туралы ештеңе білмеймін. Біз өзіміздің жеткізушілеріміз - «Іңкәр», «Медсервис», «Зерде», «Досфарммен» жұмыс жасаймыз. Шприцтер мен физерітіндіні енді ғана алдық, ал өтінім бойынша қазіргі ең қажетті дәрі-дәрмектердің ешқайсысы жеткізушілерде болмай шықты. Парацетамол көптен жоқ. Бізде нағыз қазір керек болып тұрған дексаметазон мен ингавирин жоқ, - дейді «Гиппократ» дәріханалар желісінің өкілі Зоя АЛЕКСАНДРОВА. – Ай басталғалы бері дәріхана алдында ұзын-сонар кезек тұратын. Бірнеше күннен бері шамалы азайыпты. Адамдар дәріханаларға келіп, қажет дәрілердің  жоқ екенін естуден шаршаған секілді.

 

ХАТТАМА ӨЗГЕРІП ЖАТЫР, ДӘРІХАНАЛАР ҮЛГЕРМЕУДЕ

Алмагүлдегі «Семейное» дәріханасының жанында әдеттегіше кезек тұр. Рас, өткен аптаға қарағанда адамдар азайыпты.

- Қазір бәрі жаңа хаттама бойынша емделуде. Онда көрсетілген дәрі-дәрмектер бізде жоқ, ол туралы сыртқы есікке хабарландыру жазып, іліп қойдық. Адамдар оқиды да, тапшы дәрілерді басқа жерден іздеуге кетеді, - дейді «Семейное» дәріханалар желісінің бас директоры Руслан СӘРСЕНОВ. – Бұл дәрі-дәрмектер ауруханалар мен емханаларға түсіп, соған байланысты адамдар сатып алмай жатқан шығар деп қатты үміттенемін. Өйткені, жер-жерде әкімдік ірі көлемде дәрі-дәрмек жеткізді деп жазып жатыр ғой. Одан басқа, дәрілерді басқа қаладан әкеліп жатқан адамдар бар. Байланыс реттеліп, тұрғындар солардан алып жатыр. Сондықтан да дәріханаларда кезек азайды. Қазіргі уақытта бәріне «Ксарелто», «Клексан», «Верошпирон», «Курантил» және т.б. керек. Бұрын «Азитромицин», «Ингавирин» іздейтін еді, қазір олар бар, бірақ оларды бұрынғыдай көп алмайды. «Дексаметазон» да бар, әзірге оған сұраныс бар. Бізде дәрі-дәрмектер күн сайын түсіп тұрады. Бірақ қазір клиенттер көп сұрайтын тапшы дәрілер жоқ. Есесіне антибиотиктер, қызу түсіретін дәрілер көбейді.

Р.Сәрсеновтің айтуынша, аурудың екінші толқыны басталғаннан кейін екі апта бойы дәріханаларда дүрмек болған. Кезекте тұрған адамдардың жағдайы нашарлап, олар үшін дәріханаға жедел-жәрдем шақырған. Күн сайын осындай жағдай бірнеше рет қайталанған. «Семейное» дәріханалар желісінде бастапқыда барлық дәрі-дәрмектің қоры болған, бірақ ол тез түгесілді. Бір отбасында бірнеше адамнан ауырған. Емдеу курсы, әдетте, 14 күнге (бір күнге екі инъекциядан) тағайындалады. Бір отбасына дәрінің 84 дозасы мен сол мөлшерде шприц қажет. Соңғы күндері бір қолға 2 байлам парацетамол сатуға тура келген. Емдеу курсына қажетті мөлшерде алу үшін адамдар бірнеше рет немесе бүкіл отбасымен кезекке тұрған.

Дәріханашылар дәрі-дәрмектерді сату процесін ұйымдастыруға әкімдіктен көмек сұрағанмен, олардан еш көмек болмаған. Олар биліктен концерт кезінде алаңдарға орнатылатын металл қоршауларды уақытша беруді сұрапты немесе кезекке бақылау жасау үшін дәріхана маңына уақытша полицейлер қоюды өтінген. Бұл адамдардың ығы-жығы болуына жол бермес еді дейді. Бірақ билік қолдау танытпаған. Дәріханаларға өздері амалдауға тура келді. Адам жетіспеді. Жүкті қызметкерлердің бірі еңбек, бірі ақысыз демалысқа кеткен. Олардың сақтанғанын түсінуге болады. Дәріханаға дені сау адам сирек келеді, негізінен, емделуге мұқтаж жандар барады. Қолдарына КТ қорытындысы, КВИ оң шыққан анықтамасын, рецептісін ұстай келеді. Яғни, фармацевттер үнемі қауіп аймағында болады, олардың жартысы ауырып тұрған. Ал мұндай еңбектері үшін оларға үстеме ақы тиесілі емес.


ӘКІМДІК АРҚЫЛЫ САТЫП АЛУ? БІЛМЕЙМІЗ...

«Зерде» компаниясының көтерме-бөлшек сауда желісі бар. Ақтөбеде өзінің көтерме қоймасы болғандықтан Атыраудағы дәріханасын дәрі-дәрмек дүрбелеңі кезінде қажетті дәрі-дәрмекпен жабдықтап қойған. Әрине, сондықтан да дәріхана жанында ұзын-сонар кезек болады.

- Мен жұмысқа таңертеңгі сағат 8-де келсем, таңғы сағат 3-4-терде кезек алып, дәріхананың ашылуын күткен сатып алушыларды көрдім. Шымкенттегі әріптестерім осындай дүрлігісті бізден бұрын өткерді, оларда сырқат маусымның екінші жартысында үдеп кетті, - дейді «Зерде» дәріхана желісінің меңгерушісі Мөлдір ҚОЖАБЕКОВА. – Бүгінде келу саны мен чектерге сүйенсек, сатып алушылар азайған. Бұрынғыша «Парацетамол», «Аспирин», «Тромбо АСС», «Кардиомагнил», бірқатар антибиотиктер – «Азитромицин», «Цефтриаксон» көп сатып алынып жатыр. Жақында желіде ресейлік дәрігерлердің емдеу хаттамасы кең тарап кетті. Соған байланысты «Ксарелто» сұранысқа ие болды. Біздің дәрігерлер де оны белсенді түрде тағайындай бастады. Сатып алушылар оның қымбат болғанына наразы болды. Бірақ ол бұрын да қымбат болған. 10 таблеткадан тұратын бір қаптаманың бағасы – 6200 теңге. Бұл препарат бізде кеше бітіп қалды. Клиенттер  «Фраксипарин», «Клексан» сұрайды, ол бізде жоқ, бірақ «Катенокс» деген аналогы бар. В тобының дәрумендері мен аскорбинкаға сұраныс мол. «Ингавирин», «Кагоцел», «Анаферон», «Эргоферонды», басқа да вирусқа қарсы препараттарды және иммунитет күшейткіштерді, сол «Полиоксидонийді» көп сұрайды.

Ал өздеріне әкімдік арқылы қандай дәрі-дәрмектер келгенін М.Қожабекова айта алмады. Өйткені ірі көлемде дәрі-дәрмектер сатып алынғанын тек әлеуметтік желіден оқыған екен. Дәріхана ішінде үлкен қораптар жиналып тұр, бұлар - глюкоза, метрит, метрогил ерітінділері, физерітінді екен. Бұл тауар бірнеше күнде өтіп кетеді, дейді фармацевтер сеніммен.


БҮКІЛ ТІЗБЕКТІ ТЕКСЕРУ КЕРЕК

Ірі дәріхана желілері дәрі-дәрмек құнын көтере алмайды. Өйткені чек бойынша оңай анықтауға болады. Бағаны кішігірім дәріханалар көтеріп сатады дейді провизорлар мені сендіріп. Алайда бағаны көтеру үшін оларға негіз бар, өйткені ең алдымен жеткізушілер бағаны көтеріп жіберген.

- Дәріханаларды шекті рұқсат етілген бағаға сәйкестік бойынша тексереді, ал көтерме сауда желісі тексерілмейді. Бізге мына цефазолиннің бір ампуласы 185 теңгеден келді, ал оның шекті бөлшек бағасы – 190 теңге. Бұл 5 теңге айырмашылық тіпті салықты жабуға да жетпейді. Клиенттердің бәрі С дәруменін сұрайды. Жеткізушілер бір қаптамасын 377 теңгеден ұсынып отыр, ал бөлшек саудада шекті рұқсат етілген бағасы 230 теңге. Біз оны қалай сатып аламыз? – дейді дәріхана өкілдері. – Екінші бір жайт – пандемия басталғалы жеткізушілер дәрі-дәрмектерді консигнациямен жіберуді тоқтатты, тек алдын ала төлем арқылы жұмыс істейді. Бұрынғы емдеу хаттамасы мен тұрғындардың сұранысы бойынша тапсырыс  жасағанбыз. Бұл дәрілерді алдық. Енді екінші хаттама шықты. Бірақ жаңа дәрі-дәрмектерді көтерме қоймаларға түссе де ала алмай отырмыз. Бүкіл қаржыны өткен тапсырысты сатып алуға жұмсадық, ал ол дәрі-дәрмек көп сұранысқа ие болмай қалды. Айталық, шілде басталғанда бізде күніне «Цефамедтің» 500 пакеті сатылатын. Ал бүгінде небары 10-ы сатылады. Яғни, өзекті емес тауар дәріхана қоймаларында жатыр, ақшаны да «ұстап тұр».

Келген жүктерді бөлу тәртібі де сұрақ туғызады. Биліктің үйлестірушілері препараттарды бір курсқа қаншадан келетінін есептеместен, тең етіп бөлуге тырысуда. Бір емдеу курсы үшін «Роцефиномның» 7 қаптамасы керек. Пациенттер қажетті мөлшерін алу үшін дәріхана желілерін жағалауға мәжбүр.

Күні кеше ғана «COVID-19 ATYRAU» телеграмм каналы мен бүкіл әлеуметтік желіде Үндістаннан әкелінген 3 тонна дәрі-дәрмек туралы ақпарат пайда болған еді. Олар Атырауға ТШО ұсынған ұшақ бортымен Алматыдан жеткізілді.

- Бүгін жүк ұшағымен ірі көлемде дәрі-дәрмек жеткізілді. Өткен аптадан бері Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен дәріханаларға дәрі-дәрмектерді жедел жеткізу ұйымдастырылды. Тұрғындардың сұранысы толықтай қанағаттандырылғанша, препараттарды жеткізу жұмыстары жалғаса береді, - деді облыс әкімінің орынбасары Ержан ӘБІЛХАНОВ.

Ал адамдар қажет дәрі-дәрмектерді таныстары арқылы табармыз деген үмітпен әлеуметтік желіге жазып, дәрі-дәрмек іздеуді жалғастыруда.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру