Бәріне коронавирус кінәлі ме?

30 маусым 14:47 1206 рет қаралды

Соңғы күндері маған, басқа журналистер секілді, жергілікті билік өкілдерінен қажетті ақпаратты алу мүмкін болмай тұр. Біреу сырқаттануына байланысты жұмыста болмаса, енді бірі бүкіл сауалды кейінге қалдыруды сұрайды.

«Біздің қызметкерлердің жартысынан көбі ЖРВИ белгілерімен немесе пневмониямен сырқаттануына байланысты жұмыста жоқ», – деп хабарлады облыс әкімдігі. Облыстық және қалалық әкімдіктердің баспасөз хатшылары, бірқатар департамент басшылары да сырқаттанып қалған.

Мәселен, бюджетті үнемдеу мақсатында төтенше жағдай және карантин кезінде жұмысы тоқтап қалған нысандар туралы сауалыма көптен бері қосымша ақпарат ала алмай жүрмін. Облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы, жоғарыда айтылғандай, еңбекке жарамсыздық демалысында болғандықтан, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Азамат СӘЛІМБАЕВҚА хабарластым. Бірақ оның да денсаулығы сыр беріпті: «Температурам 37,5. Құзірет аясында ақпаратты кейін береміз. Қазір барлығы ауырып жатыр, түсіністікпен қарауыңызды сұраймын» деді ол.

Құрылыс басқармасындағылармен де байланысу мүмкін болмады: бір маман науқас, екіншісі тұтқаны көтермейді, үшіншісі нақты жауап бермейді. Енді денсаулық сақтау басқармасы да бұқаралық ақпарат құралдары үшін қолжетімді болмай тұр.

... Қазір жағдайда бәріне қиын екені түсінікті, бірақ бұрын-соңды болмаған осы жағдай үкіметтің құзіреті мен оның халық алдындағы жауапкершілігін айқындайтын сәт. Әзірге ол бұған сай болмай тұр. Халықтың биліктен күдерін үзуі жақын, олар көп сұрақтарына жауап беруді талап етеді. Ал жергілікті әкім-қаралар абыржып қалғанға ұқсайды. Күні кеше ғана Ақордадан ескерту жасалды. Бәлкім, енді бір нәрсе өзгерер?

Айнұр САПАРОВА



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру