Атырау облысында балықтың көп бөлігі экспортқа өңделеді

2 маусым 2020 15:25 2374 рет қаралды

Жайықта 15 мамырда және Каспийде 25 мамырда аяқталған көктемгі балық аулау маусымында 6 492 тонна балық ауланып, бөлінген лимит 87%-ға игерілді, - деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі. 

Балық шаруашылығы басқармасының ақпаратына сәйкес, 7434 тонна (теңізден - 3 190 тонна, Жайықтан - 2 223 тонна, Қиғашта - 2 021 тонна) лимит бөлінді. 

- Осы маусымда біздің балықшылар 2019 жылға қарағанда 794 тонна көп балық аулады, - деп хабарлады балық шаруашылығы басқармасы.

Айта кету керек, ауланған балықтың көп бөлігі - шамамен 5 мың тоннасы өңделді, 4069 тонна балық өнімі жақын және алыс шетелдерге - Ресей, Украина, Әзірбайжан, Израильге экспортталды.

Қазіргі уақытта Атырау облысы аумағында түрлі меншік нысанындағы 18 өндірістік кәсіпорын балық аулау және қайта өңдеумен айналысады (Оның екеуі бекіре балық өсіру зауыты:  «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК). 

Мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында балық өсіру зауыттарына арнайы 269 дана балық ауланды. Осы екі зауыт жыл сайын Каспий теңізіне жасанды жолмен өсірілген 7 млн-нан астам бекіре тұқымдас балық шабақтарын жіберіп отырады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру