ҰБТ: екі метр ара қашықтықта

30 мамыр 01:29 920 рет қаралды

Ұлттық бірыңғай тестілеуге Атырау облысының 4610 түлегі қатысуды жоспарлап отыр. Алдын ала сақтық шараларына байланысты тек Атырауда ҰБТ-ны 13 лекпен  өткізу көзделуде.

Бұл туралы брифингте Ұлттық тестілеу орталығы филиалының жетекшісі Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА мәлімдеді. Биыл ҰБТ-ға қатысуға өтінім қабылдау тарихта алғаш рет онлайн түрде өтті. Алайда, тестілеудің өзі әдеттегі режимде, қағаз арқылы тапсырылады. Ал келесі жылы ҰБТ электронды форматын енгізу жоспарланып отыр, сонда түлектер емтиханды компьютермен тапсыратын болады.

- Тестілеу орталықтарына бірқатар санитариялық-дезинфекциялық талаптар қойылады: тепловизорлар, дезинфекциялық тоннель, санитайзерлер орнатылуы тиіс, қатысушылардың бәрінен маска талап етіледі. Орталықтарда медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Тест тапсырушылардың бір легі екі есе қысқартылды. Бұрын бір күнде 800 түлек тест тапсырған болса, енді 400-і тапсырады. Осыған байланысты, әрине, поток саны ұлғаяды, тек Атырау қаласының өзінде 13 болады. Тестілеуге қатысуға рұқсат етілген құжат түлектің электрондық поштасына жіберіледі, нақты қай күндері өтетіні кейін хабарланады, - деді А. Дүйсекенова.

Облыс бойынша аудиториялар саны да артып, өткен жылы 71 болса, биыл 86-ға жетті. Әр аудиторияда бұрынғыдай 50 талапкер емес, одан аз болады, Себебі, түлектер өзара 2 метрге алшақ отырғызылып, әр орын лентамен қоршалады. Жанашыр ата-аналарды тестілеу орталығының немесе мектептің жанында топтасып жиналмауды сұрайды. Олар тестілеу барысын белгілі сілтемелерден өтіп, арнайы қосымша арқылы  бақылай алады. ҰБТ өткізуді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВАНЫҢ басшылығымен арнайы штаб қамтамасыз етеді.

Тыйым салынған заттарды (бірінші кезекте смартфондар) өткізгісі келген тәртіп бұзушылардың тестілеуге жіберілмейтінін Дүйсекенова ерекше атап кетті. Бұрын тәртіп бұзғандардың қолындағы тыйым салынған заттарды тартып алғанмен, оларға тест тапсыруға мүмкіндік берілетін.

Нақты өту мерзімі әлі күнге дейін толық  айқындалған жоқ.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру