Мақтаарал ауданында 1300-ден астам отбасы мың доллардан өтемақы алды

23 мамыр 19:34 359 рет қаралды

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен 1308 отбасы бір мың доллар өтемақы алып үлгерді.

Әлішер Усманов қорынан 5 млн 202 мың доллар 5 202 отбасының (30 420 адам) есепшотына аударылады. Бүгінде бұл қаржыны 1308 отбасы алып үлгерген. Тұрғындарға 4 638 банк картасының 90 пайызы таратылды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

"Ә.Усманов қорынан аударылатын 1 мың АҚШ доллар өтемақыны Мақтаарал ауданындағы 2 ауыл округінде орналасқан 13 ауылдың тұрғындары алады. Атап айтқанда, Еңбекші ауыл округіндегі Мырзакент, Жаңатұрмыс, Т.Жайлыбаев, Нұрлы таң, Шұғыла, Жантақсай ауылдары және Жаңажол ауыл округіндегі Нұрлы жол, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас, Арайлы Ақжол ауылдары. Тұрғындардан артық құжат талап етілмейді, мекен-жай анықтамасы не ауыл тұрғыны екенін растайтын құжат болуы қажет", - деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаев.

Қалған отбасыларға қаржы алдағы уақытта аударылатын болады.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданындағы су басқан Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебаста тұратын әр отбасыға үкіметтің резервінен 100 мың теңгеден берілмек. Бұл мақсатқа 650 млн теңге бөлініп отыр. Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, бұл қаражат 846 үйдің 6 128 адамына төленеді.

Айта кетсек, ресейлік кәсіпкер, миллиардер Әлішер Усманов Түркістан облысы Мақтаарал ауданының үйлерін су басқан тұрғындарына 5 миллион 202 мың доллар аударған болатын.

Әлішер Усманов — ресейлік кәсіпкер, меценат, миллиардер, USM Holdings негізін қалаушы. Ресейдегі ең бай бизнесмендердің бірі.

Еске сала кетейік, 1 мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Келесі күні, 2 мамырда Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы шекара коллекторы суға толды. Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

5 мамырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев зардап шеккендердің барлығына толық көлемде өтемақы төленеді деп мәлімдеді.

Дереккөз: sputniknews.kz



Тақырып бойынша жаңалықтар



Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру