Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Сайлауова бостандыққа шықты

14 мамыр 15:20 1979 рет қаралды

Бұл туралы Facebook-тегі өз парақшасында оның адвокаты Анара Құсайынова хабарлады.

Естеріңізге салсақ, осы жылдың 6 ақпанында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауованы сот ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 3-тармағы ("Жауапты мемлекеттік лауазымды тұлғаның билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 189-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы ("Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша кінәлі деп танып, қоныс колониясына 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді. Сотта ол кінәсін мойындамады. Ол былтыр наурыз айының соңында қамауға алынған сәттен бастап, үкім шыққанға дейін тергеу изоляторында қамауда болды. Сондықтан Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, 10 жарым ай түрмеде болған уақытының бір күні екі күн деп есептелді. Осылайша, Сайлауова заңды түрде үкім шығарылған уақыттан үш ай өткен соң бостандыққа шықты.

Білім беру саласындағы бюджет қаражатын ірі көлемде (жалпы 110 млн теңге сомада) жымқыруға қатысты сот ісінің басқа қатысушылары жазаларын өтеуде.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА





Комментарии пока доступны только в полной версии сайта

Комментарий қалдыру